Жаңалықтар

КӨКТЕМ – АҚИҚАТ ал, тасқынға «төтенше» ғана жауапты ма?

Көктем келгелі алғашқы су тасқыны тіркелді. Жылдағы жыр қайта басталды. Бұл жолы да төтеншеліктер есеп беріп әлек. Ал, аудан, ауыл әкімдері мен сол өзен-көл, тоғандарды жалға алғандар үнсіз. Асылында, қардың суы жұт емес, құт болуы керек еді…

Төтенше ғана есеп берді

Облыс аумағында ауа райы күрт жылынуының салдарынан су тасқыны мәселесі басты тақырыптардың біріне айналды. Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7-11 сәуір аралығында автожолдарда 15 су тасқыны оқиғасы орын алған. Нұра ауданында үш учаскеде қозғалыс тоқтатылды, олардың екеуі әлі де жабық күйінде қалып отыр.

– Темір жолдарды тасқын су шайып кету, тұрғын үйлерді, нысандарды су басу фактілері тіркелген жоқ. Нұра кентінде Құндызды өзеніндегі мұз кептелісі жойылды. Қорғаныс білігі нығайтылды. Нұра ауданында Қон өзенінің төгілу аймағында Нығман және ішінара Ақтүбек ауылдары қалады. Қорғаныс шаралары алдын ала жүргізілді. Елдімекендерге қауіп жоқ. Тұрғындарды қамтамасыз ету үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры бар, – деді ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов облыс әкімдігінде өткен жиналыста. Сонымен қатар, «Байқадам» және «Миньковка» бөгеттерінің толып кету қаупі жойылған. «Нұра ауданында еріген қар суының қарқынды түсуіне байланысты Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау автожолының 104-ші және 122-ші шақырымында су тасқыны тіркелді. Нұра және Осакаров аудандары аумағындағы су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда» дейді төтеншеліктер.

Әрине, төтенше жағдайда төтеншеліктер жүруі дұрыс делік, бірақ аудан, ауыл әкімдері «ай қарап» отыр ма?

Әкімдер неге үнсіз?

Жылдағы жырға айналған көктемдегі тасқын суды аудан, ауыл әкімдері де төтеншеліктермен бірге «қарсы алуы» керек емес пе? Алайда, олар үнсіз. Жағдайды тек ТЖД ғана жеткізуде. Мысалы, Нұра ауданы әкімінің сайты бар. Онда бүкіл мағлұмат жазылуы керек. «Қай жерде су басу қаупі бар. Егер де төтенше жағдай бола қалса, тұрғындар не істеуі керек» дегендей. Ал, бірақ, бұл арнайы сайттағы соңғы жазба 6-сәуір күні шыққан, оның өзі «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау басталды» деген тақырыпта сайрап тұр. Ал, Осакаров ауданы әкімінің сайты «Қарағанды облысында су тасқынынан қорғауға арналған шаралар қабылдануда. Кептелістер мен су басудың алдын алу үшін өзендерде мұз жарыла бастады. Облыстық ТЖД хабарлағандай, Осакаров ауданы Николаевка ауылының маңында Сабырқожа өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілді.

Құтқарушылар тұрғындардан абай болуды сұрайды. «Еш жағдайда мұзға шықпаңыздар, себебі жарылыс толқынынан мұз бетінде жарықтар пайда болады. Көктемде су қоймаларында мұз үстінен өту қауіпті», деп ескертеді ведомствода. Өңірде қар шығару, су өткізу құрылыстарын тазалау секілді басқа да жұмыстар жалғасуда. ТЖД мәліметінше, елдімекендерден миллион текше метрден астам қар шығарылды. 1 600-ден астам су өткізу құрылғылары тазартылды. Негізгі су қоймаларынан су ағызу жүріп жатыр» деген ақпаратпен ғана шектелген, оның өзі 19-шы наурыздағы жазба. Басқа аудандардағы жағдай осы сарында…

Тоған иесі де жауапты

Бұрын ауыл тұрғындары қалың қарды үреймен емес, қуанышпен қабылдайтын. «Биыл егін, көкөніс, жеміс-жидек бітік шығады. Көк көп болады» деп. Қар тоқтатылып, тоғандар мен өзен-көл, ауыл ішіндегі суағар жыралар дер кезінде тазаланып, керек болса кенейтілетін. Ал, қазір қысқы қардан шошитын болдық.

– Өзен-көлдердің, ауыл ішіндегі суағар жыралардың уақытылы тазаланбауының салдары елдімекендерге залалын тигізеді. Ал, тоғандар болса жекеменшікке өтіп кеткен, иелері тек жазды күні жағалауды жалға беріп, ақша табуды ғана көздейді. Қазақстан Республикасының Су кодексінің 124-бабына сәйкес су шаруашылығы ұйымдары, су пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғалар елдімекендерді, өнеркәсіп нысандарын, ауыл шаруашылығы жерлерін, қорғалатын аумақтарды судың зиянды әсерінен қорғау жөніндегі алдын алу іс-шаралары мен ағымдағы іс-шараларды жоспарлауға және жүргізуге міндетті, – дейді төтеншеліктер.

Салдарымен емес, себебімен кү­рессекші…

Бұрынғы үрдіс ұмытылды. Қыста қалалардан қар тонналап шығарылғанымен, ауылдық жерлерде сол қалпы жатады. Қар тоқтату жұмыстары кей елдімекенде мүлдем жоқ, оны ұмытқан да шығар. Ал, көктемде арнайы жыралармен сарқырап ағатын қар суы жайылып кетеді, өйткені олар бітеліп жатыр. Оны тазалап жатқан ешкім жоқ. Сосын барып, «ауылымды су алды» деп шырылдаймыз…

«Қыс шанасын – жаз сайлайтындар», көктем келетінін де ақиқат ретінде қабылдап, жаз бен күзде бөгеттерді, тоғандарды тазалап, ауыл ішіндегі арықтарды аршып, қамданыс жасауы керек қой. Қашанғы төтеншеден көмек күтіп, барлық ауыртпалықты солардың мойнына іліп қоямыз? Әлде, жыл сайын осылай көктемнен үрейленіп отыра береміз бе? Осындайда «Салдарын жоюға миллиардтар бөлініп жатыр, дер уақытында себебімен неге күреспейміз?» деген ой туындайды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button