Көкпектідегі қоныстой
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен Бұқар жырау ауданының Көкпекті аулында салынып біткен 2 пәтерлі 5 үйді аудандық әкімдік сатып алып,кеше оларға жаңа иелері қоныстанды.
Аумағы 84 шаршы метр болатын бұл пәтерлердің бәрі үш бөлмелі де,олардың ас үй,кіреберіс бөлмелері мен бөлек қазандығы бар.
Кеше жаңа үйлердегі осы пәтерлер халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 4 отбасына,4 көпбалалы отбасына және баспанасы қауіпті деп танылған 2 отбасына берілді.Оларға пәтер кілттерін Бұқар жырау аудандық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айнагүл Искакова салтанатты түрде тапсырып,қоныстойларымен құттықтады.Осы жолы жаңа баспанаға ие болғандардың бірі Екатерина Ақтоқашева 3 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырса,5 баланың анасы Бәтима Нәскей тұрғын үй кезегінде 3 жылдан аса тұрған екен.Енді олардың да,басқа да жаңа пәтер иелерінің де қуанышында шек жоқ.
Жалпы биыл Бұқар жырау ауданында кезекте тұрған 100-ден аса отбасыны жайлы баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отырған көрінеді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан