Көкала үйрек – көктегі ақын рухы
Облыс орталығындағы Алаш арыстары аллеясында жаңадан ашылған «Өлкетану» кітапханасында Қарағандының мерейтойына орай «90 жылдыққа – 90 кездесу» эгидасымен «Дәуірлерді дүбірлетер дүлдүл ақын» атты әдеби-сазды кеш өтті. «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ мен «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ ұйымдастырған іс-шараның кейіпкері халықаралық, республикалық ақындар айтыстары мен фестивальдардың лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, ақын, бард Қуаныш Мақсұтов болды. Ел ішінде «Сары тентек» деген есімін иеленген Қуаныш ақын бұл кездесуін ақын Кемпірбай Бөгенбайұлының 190 жылдығына арнаған екен.
Ерекше форматта өткен шараға қаланың мәдени, әлеуметтік өміріне белсене араласып жүрген қоғам белсенділері Т.Әміртайұлы, С.Келдібеков, Е.Серімов, К.Төлеуханова, А.Смағұлов, Қ.Құрманов, С.Қабылдаұлы, Ғ.Смағұлова, Ә.Жұманов, М.Күзембаев, т.б. қоғам белсенділері, студенттер мен оқушылары қатысты.
Жиынды дауысашар айқаймен әдіптелген әдемі арнауымен бастаған Қуаныш ақын кездесуді Кемпірбай Бөгенбайұлының бірегей болмысын, дара тұлғасын қалыптастырған ортасы, ақынның шығармашылығына қоғамдағы қақтығыстардың тигізген ықпалы жайлы ғылыми дәлелдер мен ақынның шығармашылығынан нақты мысалдар келтіре отырып, емен-жарқын әңгіме өрбітті.
ХІХ ғасырда аспандап тұрған айтыс өнерінің ақтангер жүйрігі Кемпірбайдың шынайы келбетін, сөз құдіретін танытатын мұрасы – Әсетпен бақұлдасуы. Түрлі жинақтарда әр түрлі атаумен беріліп жүрген бұл шығарма қазақтың айтыс өнеріндегі ең үздік үлгі десек, пікіріміз асылық болмас. Өйткені, бұл – ақынның ажалмен бетпе-бет жүздесер алдындағы ақтарылуы, ақиқат сыры. Сонымен бірге, Сүлеймен патшаның кенішінде жиналған алмаз бен гауһар қазынадай кіл ғаламат теңеулерден, кейіптеулерден тұратын ғажап туынды. Әрине, сөзді бастап, әңгіме арнасын айқындайтын – Әсет.
Үйінде тыншыға алмай үш күн жатып, бірнеше тәулік жол жүріп, айтар ойын жұптап келген Әсеттің мақсаты айқын: атау-кересін ішер алдында жатқан аға ақынның бар асылын жарқырата көрсетуіне мүмкіндік беру. Бірақ, Кемпірбайдың жағдайы басқа, ауру меңдетіп, бақиына аттануға қамданған ол жасы жетіп діңкелесе де бәйге дүбірін естігенде орнынан атып тұрып шаба жөнелген кәрі тарландай, дертті кеудесінен өлеңді сорғалатып қоя береді:
Көңілді Әсет келді-ау көтергелі,
Болмайды кеуде шіркін жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері.
Өлсем де «Көк кептерге» бір басайын,
Қу тақтай екі ішекті әпер бері.
Аузыма өлерімде сөз салмасаң,
Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді?!
Ал енді шіркін көмей былпылдасын,
Сөзімді мен өлген соң кім тыңдасын?
Ішінде арғын-найман салдым айқай,
Қалайша шіркін көмей жыртылмасын…
Ей, Әсет, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көкала үйрек «қош!» деп ұшты,
Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем… («Айтыс» кітабында жарияланған нұсқасы), – деген жолдар табан астында суырып салған сөз тапқырлығымен, ой ұшқырлығымен ғана емес, поэтикалық көркемдігі мен қуаты жағынан да қазақ поэзиясының эталоны болуға лайықты асыл мұра.
Жалпы, ақындық қасиет қонған адамдардың барлығы дерлік өзінің жетер биігін, қоғамнан алатын бағасын біледі. Айталық, қазақ сал-серілік өнерінің бастауында тұрған әйгілі тұлға: «Үш жүзге атым мәлім Біржан салмын…», – десе, Ақан сері: «Сайраған Орта жүздің бұлбұлы едім», – дейді. Сол сияқты, Кемпірбай: «Сәлем де Арқадағы хан, қараға, Қара Ертіс, Қарқаралы жандаралға. Атығай, қарауыл мен өрдегі үйсін, Қарөткел таныс едім екі араға, – деп, атақ-даңқы Арқа, Алтай, Жетісуға кең тарағанын паш етеді.
Жаратылысынан дара туған тұлғалардың киесі болады дейді қазақтың Тәңірлік дүниетанымнан келе жатқан дәстүрлі түсінігі. Мысалы, Қаздауысты Қазыбектің киесі аузынан от шашқан екі аю, Байғозы батырдың киесі қара бүркіт, Жарылғаптың киесі қызыл түлкі болса, Кемпірбайдың киесі көкала үйрек. Сондықтан, ол жантәсілім етер шағында «қош!» деп ұшқан көкала үйрекпен ажырасқан сәтін:
Кеудемде біраз тұрды қимай тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа айналсоқтап.
«Серігім, қош-аман бол, Кемпірбай!» деп
Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап, – деген жолдармен жеткізеді.
Айналадағы жұртты бейтарап қалдыра алмайтын осынау салтанатты һәм драмалық (бәлкім, трагедиялық) көріністі әнші Қуандық Төкенов барынша шынайылықпен көз алдымызға елестетті. Қуандық – жас болса да, тыңдарман жұрттың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген, әншілердің Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық конкурсында лауреат, Сәкен Сейфуллин атындағы өнер додасында жеңімпаз атанған өнерпаз.
Жүздесу барысында Қазақтың Сары тентегі Кемпірбай Шөжемен айтысу барысында үлкен интеллект иесі болғанын паш етіп, кейінгісі оны ақындық қуатымен, өлеңінің мақтылығымен емес, дін жөніндегі сауаты артықтығымен, тәжірибесінің молдығымен жеңгенін ашып көрсетті. Сөз сайысы барысында Кемпірбай ақынның жеңілгенін мойындауы ақындық дәстүрдің ерекшелігі мен мәрттіктің белгісі екеніне тоқталды.
Кездесу іс-шарасының иесі жалаң ақыл, жадағай пікірмен шектелмей, аудиторияның тақырыпқа еркін араласып, ойларын ашық айтуына мүмкіндік берді.
Жиын барысында Төлеуғалы Әміртайұлы, Ермек Балташұлы, Күліш Төлеуханова, Аңғар Смағұлов, Қылышбек Құрманов, Серғазы Қабылдаұлы және басқалар Кемпірбайдың мұрасына, Қуаныш ақын көтерген тақырыпқа, «Өлкетану» кітапханасының тамаша бастамаларына қатысты ойларын ортаға салды. Кездесуге келгендерді, әсіресе жастарды толғандырған сауалдарға жауап берілді.
Түйіндеп айтқанда, киесі көкала үйрек болған Кемпірбай мен халқының Сары тентегі Қуаныш ақындардың рухы аспандаған тамаша кездесу болды – бұл.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
жазушы, зерттеуші.