Руханият

Көкала үйрек қайтып келді

Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде қазақ айтыс өнерінің белді өкілі Кемпірбай Бөгенбайұлының 190 жасқа толған мерейтойы аталып өтіп, ол туралы «Көңілден көкала үйрек хош деп ұшты» кітабы таныстырылды.

Суреттер автордан

Әлмисақтан қазақ даласында ерекше қасиет қонып, тылсым күштің иесі болған жандардың қысылтаяң сәттерде өздеріне жол көрсетіп, пәле-жала, қауіп-қатерден қорғап, желеп-жебеп жүретін киесі болған. Мысалы, Көкбөрі Керней Жарылғап батырдың киесі қара бүркіт, Әлтеке Жидебай батырдікі қызыл түлкі, Күлік Жанақ әулиенікі доғал оқ екен. Ал:

Кеудемнен көкала үйрек хош деп ұшты,
Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем,– деп өзі жырлағандай, Кемпірбай ақынның киесі көкала үйрек болғанын білеміз. Сол киесі күні кеше қайтып келіп, Ботақараның көліне қонды. Оны ортамызға оралтып, айдынына қайта қондырған да аудандық орталық кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарова деуіміз керек. Өшкенді жандырып, өлгенді тірілтіп жүрген Майгүл қарындасымыз осы мерейтойды еліміз көлемінде тұңғыш өткізіп, сценарийін өзі жазып, оны бастан аяқ жүргізгені қалың көрерменнің көңілінен шықты.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезовше айтқанда, «Қазақ сөз өнерінің сүлейі – нар Кемпірбай» атты бұл ән-жыр кешіне жиналған жұрт әуелі оның Мәдениет үйінің фойесінде жылдар бойы жинақтаған ақпарат-деректерінің негізінде «Ақын ем атым шыққан мен Кемпірбай» атты 8 бөлімнен тұратын тақырыптық көрмесін көріп, танысты. Онда ақын туып-өскен өңір, ата-тегі, өмір сүрген дәуірі мен замандас-тұрғыластары, ол жайындағы зерттеулер мен мақалалар, Семейдегі зираты, оны есте қалдыратын белгілер жөнінде мәліметтер молынан бар. Көрмеге қойылған шаңырақ пен домбыра, көкала үйрек нұсқаларын Қарақұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлнаш Дүйсембек дайындапты.

Одан әрі Мәдениет үйінің кең залының сахнасындағы ән-жыр кеші ақын Несіпбек Айтовтың «Көкала үйрек» поэмасы бойынша Шешенқара ауылдық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген (көркемдік жетекшісі – Жанна Борашева) көлеңкелі театр қойылымымен ашылып, ақын өмірінің соңғы сәттері сай-сүйекті сырқыратардай суреттеліп, сахналанды.

Бұдан кейін Теміртау қаласындағы №2 өнер мектебінің мұғалімі, айтыскер ақын Жанарыс Тілеубек арнау жырын орындап, «Көңілден көкала үйрек хош деп ұшты…» кітабының таныстырылымына кезек берілді. Қарағанды қаласындағы «Гласир» баспаханасынан 300 данамен басылып шыққан бұл кітаптың жарық көруіне әріптестерім Ермек Балташұлы мен Рымбек Смағұлов көп еңбек сіңірген. Оған екеуінің Кемпірбай туралы әр жылдарда жазған мақалалары, оның Шөже, Тезекбай, Жәмшібай, Көкбай ақындармен айтыстары мен сөз қағысулары, Әсет ақынмен арыздасуының 4 нұсқасы енгізіліп, Ермек Балташұлы оны құрастырып, түсініктерін жазса, Рымбек Смағұлов кітапты шығаруға демеушілер тауып, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының меңгерушісі Қанат Көшкінбаев оның көркем безендірілуіне атсалысқан көрінеді. Атап айтқанда, демеушілердің қатарында Кемпірбайдың аталас ағайындары, шаруа қожалықтарының басшылары Ерқанат Бекенов, Самархан Өмірбаев, Біржан Исабеков, Олжастай Әукеновтің барлығын атап айтқанымыз орынды. Сол азаматтардың демеушілігімен баспадан шыққан кітаптың 30 данасы аудандық кітапхана қорын толықтырғаны да қуанарлық жайт. Сахна төрінде осынау құнды жинақтың тұсауын аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әли мен ауданның Құрметті азаматтары Қанағат Жұмашев, Төкен Арбабаевтар кесіп, кітаптың шығуына себепші болған жоғарыдағы қос журналистке Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайыновтың Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. Сонда сөйлеген сөзінде 85 жастағы еңбек ардагері Төкен Арбабаев:

– Біз кезінде Кемпірбайдың шығармаларын оқымақ түгілі атын да естімей өсіп едік, – дегендей, оның есімінің бұлайша ұлықталуы бірінші рет. Әрі-беріден соң жер бетінде оның моласы да жоқ. Кешегі Кеңес заманында сырылып кетіп, сол орынға салынған Семей ет комбинатының астында жатыр. Тек ана бір жылдары оның атына туған жері Егіндібұлақ өңіріндегі Ақтасты ауылында көше беріліп, сондағы Мәдениет үйінің іргесіне ескерткіш тақта орнатылғаны ғана көңілге жұбаныш, дәтке қуат. Бірақ, Кемпірбай ақынның соңында қалған әдеби мұрасын жинастырып, зерттеу жағы әлі де кемшін. Дүниеге 1834 жылы келіп, 1895 жылы көз жұмған ақынның қолда бар шығармалары ауыз толтырып айтуға да келмейді. Әйтпесе, оның айтыстары мен Әсетпен бақұлдасуынан кемерінен асып төгілген керемет ақындық қуат аңғарылады.

Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,
Қараөткел таныс едім екі араға, – деп өзі айтқандай, оның шығармалары тек осымен шектелмесе керек.

Кемпірбайға арналған кеште тағы бір әріптесіміз,сол топырақтың тумасы Нәзипа Асқар оны ұйымдастырып, өткізушілерге ризалығын білдіріп, Есжан Әміровтің «Есіл-Нұра» әнін тамылжыта шырқаса, жергілікті өнерпаздар да ауылдың алты аузына басты. Яғни, Шөже мен Кемпірбайдың айтысын Шешенқара ауылындағы жыршы-жырау сыныбының мұғалімі Нұрлыбек Төкенов пен жас айтыскер ақын Нұрәлі Ботбай көз алдымызға келтіріп, жас ақындар Әділхан Төлегенов пен Мұхамеджан Орынбеков айтыс үлгісін көрсетті. Кемпірбайдың Әсетпен бақұлдасуын Қуандық Төкенов, ал, Кемпірбайдың Александр Затаевич жазып алып, нотаға түсірген әнін Қайролла Майемеров нәшіне келтіре орындаса, Жасұлан Жәкеев ақынға арнаған өлеңін оқыды.

Аудандық әкімдіктің қолдауымен орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырып, өткізген тағылымы мол, әсерлі шараны Майгүл Асқарова сөзін өзі, әнін жергілікті сазгер Жұмағали Елжанов жазған «Ауылым-Арқалығым» әнімен қорытындылады.

Кемпірбай ақынның бұл мерейтойының басы-қасында Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова жүріп, оған басынан аяғына дейін қатысты.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button