Медицина

Көк тайғақтан абайла!

Ұшық деген аяқ асты. Әсіресе, қазіргідей көк мұзда құлап, жарақат алу әп-сәтте. Десе де, биыл былтырғымен салыстырғанда жарақат алғандар біршама азайған. Жол-көлік оқиғасымен байланысты жарақаттардан басқа көшедегі, тұрмыстық, өндірістік, спорттық жарақат бойынша төмендеу бар.

– Былтыр осындай мерзімде 4 090 жарақат тіркелген, биыл, 3 963 жағдай тіркелді. Көшеде жарақат алғандар былтыр 1908 болса, биылғы 12 күнде 1698 адам. Айырмашылық шамалы болса да бар. Бірақ, жолкөлік оқиғаларымен байланысты жарақат алғандар 11 адамға артық. Егер пайызбен айтсақ, 1 пайызға артық. Көшеге шықты, шалынып қалды ма, тайып кетті ме, құлап жарақат алды. Бір айта кетерлігі, мұз айдынында құлағандар да көшедегі жарақатқа жатады. Спортпен кәсіби түрде айналысқанда ғана ол спорттық жарақат санатына кіреді, – дейді Х.Мақажанов клиникасының ситуциялық орталық басшысы Ерік Шонбаев.

Дәрігер мереке кезінде отшашу түрлерінен бес адамның жарақат алғанын айтты. Сонымен қатар, үсік шалғандар туралы да сөз қозғады.

– Былтыр үсік шалған 10 адамның алтауына ота жасалса, биылғы 13 адамның сегізі стационарға жатқызылды, – дейді Ерік Шонбаев. – Ота жасалғандар ішімдік ішкендер, өмір салты дұрыс емес адамдар. Олар 2-3 тәулік өтіп кеткеннен кейін келеді. Мұндайда тек операция ғана көмектесе алады. Мас күйінде немесе есірткі заттарын пайдаланып далаға шығуға болмайды. Қазіргі аязда үсіп қалу оңай. Мас адам жағдайды нақты бағдарлай алмайды.

Дәрігер мұзды айналып өтуге, асықпай, абайлап жүруге кеңес берді.

– Құлаған кезде жинақталып құлауға тырысу керек. Біз көбінесе қолымызды тіреп құлаймыз. Сондықтан, қол жиі сынады. Жалпы,әйел адамдарда кәрі жілік, иық пен жамбас жиі сынады. Ал, еркектерде табан буыны, иық пен жамбас сүйегінің жарақаты жиі кездеседі. Жарақаттың ауыр-жеңілдігі адамның гормональдық жағдайына, сүйектердің беріктігі мен қосымша ауруларының бар-жоғына байланысты. Үлкен кісілерде жасына байланысты сыну, шығып кету жиі кездеседі. Жас адамдарда жай жарақат болуы мүмкін, – дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, құлаған адам тұруға шамасы келмесе, қозғамаған жөн. Аяғын баса алса, жүруіне көмектесу керек.

– Ал, жол-көлік оқиғасына тап болған адамды қозғамаған дұрыс. Оған нақты не болғанын ешкім білмейді. Бірден жедел жәрдем шақыру керек, – дейді дәрігер.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button