Жаңалықтар

Көкқасқа

Редакция ұжымы газеттің 22 наурызға арналған мерекелік нөмірін шығаруға кеңесіп, басшылықтан тапсырма алып жатырмыз. Есігімізден ентелей кірген Құмай жылын жазу маған бұйырды. Адам тығырыққа тіреліп, айтарға сөзі болмағанда «Ит біліп пе?» дейді ғой. Бірақ, менде бәрі керісінше. Жеті қазынаның бірі – тазыны жазу еншіме тигеніне «жерден жеті қоян тапқандай» іштей қуандым. Балалық шағымда айнымас досыма айналған Көкқасқа тазым есіме түсіп, ойға шомып кеттім. Қайталанбас шаққа сапар шектім.

Көктемнің соңғы айы. 3 сыныпты бітіретін жылым. Әкемнің ағасы Сағат ағамыз құрдасы, әрі досы Еркін ағай екеуі ауылға көкқасқа тазының күшігін алып келді. Ырымға сай, «қарғыбауын» беріп, қалап алған екен. Тазының күшігін барлығымыз қоршап алдық. Сүйкімді. Көз тартады. Кеудесі кең, аяқтары жуан, тұмсығы үшкір келген. Салақтаған құлағының өзі ғажап. Құйрығы қайқы. Күшікті тамашалаушылар атын қоюға асықты. Әркім өзінше айтып жатыр. Бір кезде қасымызға келген Базар атамыз: «Мына күшіктің атын алыстан іздемеңдер. Түр әлпеті айтып тұр. Көкқасқа күшік екен. Бүгіннен бастап «Көкқасқа» деп атаңдар»,– деді.
Осы күні ағалармыз күшік кішкентай болғанымен бір өлімнен аман қалғанын айтып қалды. Ауыздарына қарап, аңтарылдық. Күшікті алған адамның көк қаншық иті бар екен. Жиі күшіктейтін көрінеді. Кейбір адамдар осынысынан қаншық итті жек көреді. Көк қаншық сол жылы бес күшік тапқан. Иесінің айтуынша, ауылдарына келген Ақжол деген азаматқа барлық күшікті фермаға алып кетіп, елге таратып бер десе керек. Ал, ол болса күшіктерді алып кетуге ауырсынды ма, әлде итті жек көреді ме, кім білсін? Қоқысты бір метр тереңдікте қазып, күшіктерді тірідей көміп кетіпті. Ит иесінің ойында ештеңе жоқ. Тазының күшіктерінің бәрін өлдіге балап жүреді. Бір күні қаншық ауылға келген аттылыға еріп, екі күнге жоғалады. Ескі мая шөпке барған жаңағы кісі қызық жағдайға тап болады. Шөп алайын деп жатқанда бауырын көтерген екі күшік алдынан шыға келіпті. Ашыққан. Сөйтсе, әлгі қаншық екі күшікті қоқыстан қазып алып, адам көзіне көрсетпей, шөптің ішіне тығып өсірген. Сол екі ортада таудан асып келген қаншық иесінің аяғына оратылып, күшіктерін қорғаштап, «тиіспеші» деп өтінгендей жолын кес-кестей беріпті. Әлгі кісі тиіспепті. Жарық көрейін деген шығар. Соның біреуі – көкқасқа күшік. Сонда деймін-ау, қазір ойлап отырсам, балаларын қоқысқа тастаған аналар, күшігін ажалдан арашалап, қоқыстан қазып алған ит құрлы болмағаны ма?
Өкінішті!
Сонымен, күшікті асырау барлығымызға жүктелді. Ыстық тамақ беруге болмайды және сүйек-саяқтан бөлек, ұннан тамақ әзірлеп отыруға мен жауапты болдым. Кейде тамағы дайын болмай қалғанда ішіп отырған тамағымды жартылап қалдырып, Көкқасқаға суытып, ыдысына құйып беремін. Көп ұзамай, қарыны қампиып, құлағы салпиып шыға келді. Үйдің ұзын дәлізінде ер-тоқым қоятын темір кереует бар. Үстіне киіз төселген. Көкқасқаның құтты орны – осы жер. Тамағын жеке ыдысына құямыз. Ақылды. Сұғанақтықтан ада. Қыстақ болған соң кейде тамақты дәлізге қоя салады. Сол тамақтың маңынан жоламайды. Бір қар басқан соң, қойға, аңға еріп барып жүрді. Отардың алдында 100 метр ілгері жүріп, «ит-құстан» келер қауіпті сейілтеді екен. Алғашқы қар басқан жылы қысты күндері қойға кеткен әкемнің қанжығасында Көкқасқа алған талай қоян мен түлкі байланып келді. Қыста қойды қырға жаяды. Қой алысқа ұзамайды. Сол кезде әкей өрістің маңайынан аң қағады. Көкқасқа аң кездеспесе немесе аң алмаған күндері адам сынды көңіл-күйі түсіп, қыңсылап жылаған кейіп танытады. «Аңқоймастың» өзі болды. Бір қызығы қоян мен түлкіні алғанда кеудесімен қағып өтеді. Немесе түлкінің шаптағы жұқа көк етін айырып жіберіп, ішек-қарнын ақтарып тастайтын. Қоянды біз барғанша тырп еткізбей басып жататын. Қоянды сойған кезде талай көрдік. Қағып өткенде сүйегін сындырып кетеді екен. Басқа иттер жәукемдеп тастайды. Бұл Көкқасқаның иесіне адалдығын осыдан аңдайтынбыз. Қоянның терісін сыпырған соң, басын Көкқасқаға тартамыз. Бұл дәстүрге айналған. Қоянның басының өзін қомағайланбай, асықпай мүжіп жейді.
Бір ерекше қасиеті аулаға бөтен иттің аяғын басқызбайтын. Ауылға аттылылармен еріп келген иттерді тау асырып, қуып тастап, қожайындығын білдіретін.
Екінші қар басқанда арқар алды. Қыстағымыз Талдыбұлақ, Ұраңқай тауының бауырында орналасқан. Биік тау болғаннан кейін арқар үзілмейді. Қойға шөп шашқан күндері аңға шығамыз. Арқар қамайтын биік жарлары бар. Тазылар сонда қуып келіп қамайды. Бірде мүйізі екі оралған тайыншадай ірі келген қоңыр құлжамен алысып жатқанда үстінен түстік. Арқар сүзейін десе, бауырының астынан өтіп сүзгізбейді. Алдыңғы аяғынан азуын айырар емес. Атам: «мылтық атуға болмайды, итті жазым етеміз»,– деді. Бір кезде Көкқасқа қарсыласын иығынан асырып лақтырған балуан сынды арқарды омақасынан түсірді. Бірден алқымына азуды салды. Сол жерде арқарды бауыздап алып, атқа теңдеп байлап, үйге қайттық. Сол күні Көкқасқаның оң жақ азуы ортасынан опырылып түсті. Арқарды сойып жатқанда таңдайымызды қағып, басымызды шайқадық. Азуының мықтылығы сонша, арқардың алдыңғы жілігін бұрап, сындырып, үгіп жіберіпті.
Осылайша, алдыңғы аяқтан тістеп бұрап, омақасынан құлату және шаптан тартып жаралау әдісімен бірнеше арқар алғанына куәгер болдық. Кейінгі жылдары қартайып, аң қаққан жоқ. Баяғы киіз жайылған төсегінде жатады. Көзі көрмей, құлағы естімей қалды. Әбден қартайды. Біреулер: «жанын қинамай, аузына май тығып, бауыздап тастаңдар» деген ақылын айтты. Бірақ, атам ешкімге тиіскізбеді. Көктемнің кезінде Көкқасқа тау асып жоғалып кетті. Ауыл сыртында төрт шақырым жерде атаусыз, елеусіз бір төбе бар еді. Көкқасқа сол төбенің басына барып өліпті. Оны жылқы іздеп шыққан әкем айтып келді. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген тәмсіл еске түсті.
Содан бері Көкқасқа жетіп, жығылған жерді «Көк ит өлген» деп атап кеттік. Көкқасқаның өлгеніне де көп жыл болды. «Көк ит өлгеннің» басына шықпағалы да біраз уақыт өтіпті…

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button