Күйдің құдіреті

1950 жылдардың орта кезі. Жаз айы. Мектептің соңғы класына ілігіп қалған өспірімбіз. Менен үш жастай кіші немере қарындасым Майраны ертіп Ақшатау кенішіне бардық. Біз түскен үй – Майраның туған нағашысы Жақсылықтың Қасымының шаңырағы. Қасымның шешесі де бауырмал, әңгімешіл адам. Баурап алды. Соғыстан оралмаған Майраның әкесі Мұса туралы тебірене сөз қозғаған.

Кеш түсе бір абыр-сабыр басталған.

Келіпті, – деді Майраның нағашы әжесі.

Келді, – деді үйге кіріп шыққан бір әйел.

Өзді-өзі сыбырласады. Сыбыр көбейген сайын Майра екеуміздің құлағымыз түріле түседі. Майраның әйелдер арасына жуықтауы жеңіл. Ақыры, «келіпті, келді» дескен адамның Аққыз деген күйші әйел екенін естідік. Ол кісінің есімін сонша жасырғанына таңдандым. Өзі күйші болса, сондай өнер адамына деген құрмет бөлек болуға тиісті емес пе? «Динаның» күйі дегенді радиодан сан естігенбіз. Мынау қалай?

Иә, «мынау қалайды» сан жыл өткен соң түсіндік. Осы маңайда қазақтың домбырасын көлденең ұстап, шерлі де мұңды әрі өзекті өртей отырып өмірге шақыратын шертпе күйлерді тартқан Қыздарбек күйшінің бар шәкірт-ізбасарларын кешегі отызыншы жылдары тегіс атып, қырып тастаған екен ғой. Әбікен Хасенұлы ғана елден қашып бір күнде жиырма жеті адамды оққа байлаған қанпезерлердің ісінен аман қалған. Сол сұмдық жүректің отын өшірген, суық ажал тырнағы тірі қалған бұларды әлі бүріп тұр екен ғой. Күйді сағынған ел әлі де жасырын жиналып, күй тыңдап, шер тарқатысады екен. Қасірет-ай, десейші. Осы бір қасіреттен Аққыз күйші де аман қалмаған. Менің «Құба белдер» романымда осы бір жағдай былай суреттелген. Иә, бұл әңгімені Көпжан Байменұлынан естіп, кітап бетіне түсірген едім:

« – Тарт қолыңды! – Келіншектің дауысы қатты шықты.

Жүр! Жүр! Сайқал! – Төсіне қарай жүгірткен қолын қағып жіберген соң Қанжырық белсенді қамшысымен түртті.

Келіншек асығар емес. Кішкене домбырасын балаша көкірегіне қысып, айналаға жәудірей қарап, бір қолымен сырғып кеткен орамалын түзеді. Дия қажы тани кетті. Япырау, мынау Құбылтайдың Ахметінің Аққызы ғой. Кеше Ахметтің сегіз қызын айдауға қосты деп еді, бүгін Аққызды да жеткізген екен. Аққыздың күйін сан тыңдаған, мұны да енді құртты десейші. Жесірді де аямағаны да. Аққыздың жақында қосылған жары өліп, қаралы деп естуші еді, барған жері де орта ғана шаруа. Ахметтің қызы болған соң да жазалы болғаны ғой.

Бас! Бас аяғыңды.

Асықпа, барамын тозағыңа – Аққыз Қанжырыққа кектене қараған.

Тіліңді кесер ме еді?

Екеуінің тәжікесін саңқ еткен дауыс бұзды. Бұл кім деп бәрі бұрылған. Қашан келгені белгісіз, тобылғы сапты қамшысын білемдеп, топ ішінен Көпжан шыға берді.

Әй, тоқта! – деді Қанжырыққа.

Иә, Көпжеке, – деп осы елдің талай бүгінгі мықтысы аузына қарайтын Көпжан алдында майпаң қақты.

Мына үкімет жарлы-жақыбай мен жетім-жесірдікі. Ұлы көсем жетім-жесірге көмек ет деген, әрі әкесі үшін баласы жауапты емес деп үйреткен. Мына келіншек байдың қызы болғанымен орташаның әйелі әрі жесір. Кәне, неге бұзасыңдар көсем сөзін? Бұл үшін үкімет бастарынан сипамас» (Құба белдер. 2 кітап).

Сөйтіп, сол күні «қырағы көздерден» жасырынып, жаутаң қаққан әйелдер екі-үш күн түн баласы күй тыңдап, ертемен көздерін сығып, кемсеңдеп, өткенді сағынған күндерінің куәсі болдым. Бұл жолы Аққызды көруге жазбапты.

Аққызды көру ұзаққа созылып кетті. Саяси сенімсізбін. Итжеккен жаққа барып қайтқанмын. «Қырағы» көздер көзден таса қалдырмайды. Туалеттен басқа жерде жанымда. Онысына да рахмет. Біреу-міреу тиісіп, сабап тастамасын дейтіндері шығар. Әрі оларға да семья асырау керек.

Сөйтіп жүргенде әр газет-журналдардан Қыздарбек, Сембек күйшілердің атын оқып қалдым. Олар, жазуларына қарағанда, Қорқыт, не онан беріде өмір сүрген жандар сияқты. Ел арасы болған соң сол күйшілердің атына қанықпын. Осы ғасырдың басында өмір сүргенін жұрт айтады. Бұларды зерттеуші жоқ. Аттары өшіп, күйлері санадан сөніп бара жатқан жағдай. Сембек, Әбдилердің отызыншы жылдары атылып кеткенінің куәларын да білемін. Не істеу керек? Олар да «халық жауы» деп жазылған. Олар туралы сөз қозғау – басыңды ноқтаға ұсынумен бірдей.

Болмады. Ақыры жаман машинамды салдырлата жүріп ізге түскенмін. Машинама бірде мен мінемін, бірде ол маған мінеді. Қолымда – жиырма-отыз килодан кем емес магнитафон. Теріп те жүрмін, жазып та жүрмін. 81 жылы алғаш кітабым да шықты-ау. Тіріліп қалдым. Еңсем көтеріліп, еркін сезіне бастағам. Жаман машинамды бір неміске өткізіп, «жигулиге» қолым жетті. Әлі де болса Қыздарбек пен оның шәкірттерінің күйлерін еш жерге өткізе алмай, айтысып-тартысқан шақ.

85-тің жазы да өтіп барады. Жаныма жас ақын Тезекбай Амандықұлын ертіп, Аққыз күйшімен тілдесуге шыққанмын. Тезекбай екеуміз оқу бөлімінде бірге қызмет атқарамыз. Аққыз күйші көршілес Ақтоғай ауданының Қаратал совхозында екенін естігенбіз. Күйші апай тоқсанның сеңгірінде екен. Қолы білегінен сынып, шорт байлап алыпты. Апыр-ай, деймін іштей, енді қайттік? Ең болмаса бір күйін ести алмай кеткеніміз бе? Күйші апайымыз тоқсан жасында да сергек екен. Талай әңгімені айтқан. Ақыры:

Соншама кеш келгенің-ай, шырағым. Меселің қайтпасын, – деп бір шертіп беруге оқталды.

Домбырасын ұзақ күйлеп, тебіреніп отырды да, малындырған бір күйді шерте жөнелді. Домбыраның шанағынан бір сағыныш еседі. Өксиді де іле даланың сұлу самалы боп тебірендіреді. Күрсінеді де, «айхай дүние» деп өмірдің шаттығына жетелей жөнеледі. Менің екі көзім күйшінің саусағында еді, енді бір сәтте жүзіне көзім түсіп кетті. Тоқсаннан асқан қарт күйші балбырап отыр екен. Екі бетіне жүгірген қан жаңа бір өң беріп, жүзін құлпыртып барады. Енді бір сәтте алдымызда жүзінен нұры таймаған жас келіншек отырғанын көргендей болдық. Мен Тезекбайға қарасам, ол да аң-таң. Күйдің құдіреті, қазақы шынайы өмірге деген сүйсіну мен сағыныш кәрі Аққыз күйшіні осындай өңге бөлеген еді. Бұл шертпе күйдің адамның, күйшінің қаны мен жаны түгілі сүйегіне әбден сіңгендігінің көрінісі болар.

Домбыра үні де бірте-бірте баяулап басылды. Аққыз күйшінің өңіне де қарттық бейне қайта енген.

Жуырда павлодарлық ақын Сайлау Байбосын:

Жүрегін жыр емдеген, ән емдеген,

Алдыда ағамыз бар Кәмел деген.

Кеңестің қан сасыған заманында

Қазақта намыс барын дәлелдеген, – деп жазған екен.

Жоқ, олай емес, қазақтың жаралы жү­регін күймен емдеген, еңірегенде етегіне толған жасын күймен тыйған, өзегі толы ащы шындықты күймен сыйлаған Аққыздай күй­ші апаларымыз еді. Ой-хой, бір кемдігі толмас дүние.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.