Байқау

Күйден дауыл тұрғызды

Күй – қазақтың жанындай қастерлі өнер, Қорқыт, Құрманғазы, Тәттімбет, Дина сынды дүлдүлдерден қалған асыл мұра. Оны жас ұрпақ бойына өшпестей етіп сіңіру аға буынның міндеті болса, ертеңгі күнге аманаттау жас таланттар еншісінде. Осындай асыл мұраттарды бір арнаға тоғыстырып, еліміздің төрт тарабынан дарынды орындаушылардың басын қосып, Арқа даласын дүбірге бөлеген Тәттімбет атындағы VІІI Республикалық байқауы мәреге жетті. Айтулы конкурс облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы һәм Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Жабылу салтанаты мен Гала-концерті ел айта жүрер кешке айналды.

Кемеңгер күйшінің жан тебірентер асқақ та өрнекті күйлері қазақ даласында бар қасиет-қуатымен одан әрі жалғасын тауып, шалқи түсуде. Шетсіз де шексіз сыршыл сезімнен құрылған бұл туындылар халқымыздың жүрегінен өшпес орын алған. «Өнер көзі – халықта» демекші, асқан дарын иесі, шертпе күй өнерінің жеке мектебін қалыптастырған Тәттімбеттей дара тұлғаның музыкалық мұрасы, қазақ пен домбыра желісі мәңгілік екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Үш күн бойы күмбірлеген күй өнері арқылы шөліркеген көңілдердің шөлі басылды.

– Бүгін халқымыздың біртуар тұлғасы Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы VII республикалық байқауының қорытынды іс-шарасының куәгеріміз. Бұл – жас дарынды өнерпаздардың жолын ашатын өнегелі шара. Тәттімбет – күй құдіретін, домбыра сырын ерекше сезіне білген, күй жанрының табиғи болмысын шынайы ұққан шебер күйші. Арқа жері күй мен дәстүрлі әнге ежелден бай өңір. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген осы жастар ертең еліміздің мәдениетіне өлшеусіз үлес қосады деген сенімдемін. Бүгінгі жеңістеріңіз Сіздер үшін үлкен бастау болсын, – деді жабылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов. Үміткерлердің дарынын есімдері елге танымал өнер саңлақтарынан құралған қазылар алқасы таразы талқысына салды. Байқаудың ең басты жеңісі – ұлттық өнерге деген құлшыныстың биік дәрежеде екендігі. Оны орындаушылар да дәлелдеді, тыңдаушылар да бағалады. «Қыл-қобыз» аталымында Дипломант атағына Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектебінің орындаушысы Абылай Есетов пен Шымкент қаласы, Ж.Омарова атындағы №1 балалар саз мектебі атынан қатысқан Анарбек Мырзабай лайық деп танылды. Осы номинацияның III дәрежелі лауреаттары болып, Қазақ ұлттық өнер университетінің орындаушылары Гүлнұр Рақымжан, Жұмагүл Қуанышқалиева, Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектебінің орындаушысы Назерке Абилхасенова танылды. «Қыл-қобыз» номинациясының II дәрежелі лауреаты атағына Алматы қаласы, А.Жұбанов атындағы Республикалық қазақ орта мектеп-интернатының күйшісі Мадина Оразбай, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының орындаушысы Әсел Қыдырмұрат ие болса, I дәрежелі лауреат атағын Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының өнерпазы Әлия Әбілқасымова жеңіп алды. «Қобыз-прима» номинациясының дипломанты болып алматылық Ару Жақсылыққызы, Ақерке Қонысбаева танылса, арнайы сыйлыққа алматылық Саиддин Балтабай, нұр-сұлтандық Анар Мажкенова ие болды. «Қобыз-прима» аталымында III дәрежелі лауреат атағын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының орындаушылары Нұрайсұлу Талғатова, Айғаным Ихсанова, Қазақ ұлттық өнер университетінің күйшісі Гүлсезім Аманқос жеңіп алса, II дәрежелі лауреаты мәртебесі Қазақ ұлттық өнер университетінің орындаушысы Ажар Хуанға, I дәрежелі лауреаты атағы Қазақ ұлттық өнер университетінен келген Гүлім Атошеваға бұйырды.

«Домбыра» номинациясында байқау дипломанты болып, алматылық Жанту Дадабаев, семейлік Дильназ Абдилова, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» ансамблінің әртісі Арман Айнабаев, Тәттімбет өнер колледжінің орындаушысы Қубат Темірлан, қостанайлық Данияр Рысбеков танылды. Осы аталымда III дәрежелі лауреат атағы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Бекзат Таңатаровқа, А.Жұбанов атындағы республикалық қазақ орта мектеп-интернатынан қатысқан Ақерке Серікқызына, алматылық Мәди Мақажановқа, Тәттімбет өнер колледжінің күйшісі Сәбит Ақнұрға бұйырды. «Домбыра» аталымында II дәрежелі лауреат атағын Қазақ ұлттық өнер университетінен келген Рысты Жаңбыршиева, Тәттімбет өнер колледжінің атынан қатысқан Жәпен Әли жеңіп алса, I дәрежелі лауреат биігіне Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Сейілхан Сайлауов көтерілді. Ал, күйден дауыл тұрғызған Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы VІІI Республикалық конкурстың Бас жүлдесін Р.Бағланова атындағы қазақ концерті мемлекеттік мекемесінің әртісі Ардақ Елеусіз жеңіп алды.

– Биыл шығармашылық байқауға Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Атырау, Қостанай, Павлодар, Семей, Өскемен және Қызылорда қалаларынан 18 бен 35 жас аралығындағы 59 жас дарын қатысты. Олар екі күн бойы қыл-қобыз, прима-қобыз, домбыра сынды үш номинацияда классикалық шығармалар мен халық күйлерін орындаудан сайысқа түсті. Әр аталымды өз қазылар алқасы бағалады. Қатысушылар Тәттімбет Қазанғапұлының 12 шығармасын орындады, – дейді ұйымдастырушылар.

Бас жүлдені табыстаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Ермұрат Үсенов Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін Ардақтың өте шебер орындағанын айтып, қазылар алқасы бірауыздан 10 ұпайдан бергенін айрықша атап өтті. Салтанаттың шараның соңы жеңімпаз орындаушылардың қатысуымен өткен Гала-концертке ұласты.

– Мен 5 жасымнан домбыра тартамын. Бұл байқауға алғаш рет қатысып тұрмын. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, Бас жүлде бұйырды. Өнерімді әділ бағалаған қазылар алқасы мен ұйымдастырушыларға көптен-көп алғыс айтамын. Бұл менің ғана жеңісім емес, бізге аманатталған дәстүрлі өнердің жеңісі деп ойлаймын. Өзім ақтөбелікпін, төкпе күймен өскенмін. Яғни, Батыс күй мектебінің өкілі болғандықтан, Арқа жеріне келіп, шертпе күйден осындай жетістікке жету – үлкен мәртебе. Мені дайындаған ұстаздарыма да алғыс айтамын, – деді байқаудың Бас жүлде иегері Ардақ Елеусіз.

Жәлел ШАЛҚАР.  

Басқа материалдар

Back to top button