Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Күй тиегі ағытылды

Қарағанды қаласындағы «Шалқыма» концерт залында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай халқымыздың біртуар тұлғасы, ұлы күйші, жерлесіміз Тәттімбет ҚАЗАНҒАПҰЛЫ атындағы халық аспаптарында орындаушылардың VIII республикалық байқауының ашылу салтанаты өтті. Аталған ауқымды іс-шара күй өнерінің саңлақтары мен орындаушылық шеберлік саласындағы мамандар һәм сарапшылардың басын қосты. Байқауға Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Атырау, Қостанай, Павлодар, Семей, Өскемен, Қызылорда қалаларының жоғары оқу орындарында, орта арнаулы және музыкалық бағытта білім беретін мектептерде білім алатын, болашағынан үміт күттіретін жас талантты орындаушылар келген. Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов байқау қонақтары мен қатысушыларын айтулы байқаудың ашылуымен құттықтады.

– Қарағанды жеріне, Арқа топырағына қош келдіңіздер. «Жақсы келсе, нұр жауар» демекші, аппақ қар жауды бүгін. Қазақтың күй өнері қашанда көңілімізді көтеріп, жігерлендіріп, рухымызды оятып, терең ойларға, биік армандарға жетелеп, өмірге деген құлшынысымызды арттырған. Қазіргі дамыған технология заманында күй өнерінің тыңдарманы аз деген де сөздер бар. Менің бір білерім, қазақ барда күй өнері мәңгілік. VIII рет өткізіліп жатқан Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы республикалық байқау күй өнеріне деген құрмет һәм жас таланттарды қолдау деп білемін. Өйткені, осындай жиындарда жастар танысып, дос тауып, тәжірибе алмасады, өнерін шыңдайды. Арқа төріндегі байқау сіздердің көңілдеріңізде ең жарқын естеліктермен мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Байқауда сәттілік тілеймін, – деді Абзал Нүкенұлы.

Енді үміткер жас орындаушылар екі күн бойы қыл-қобыз, прима-қобыз, домбыра аспаптарында классикалық туындылар және халық күйлерінен бақ сынайды. Жас дарындарға бағасын беретін байқаудың қазылар алқасының төрағасы Алматыдан арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, Тәттімбеттің күйлерін өңдеуші Ермұрат Үсенов болса, құрамында танымал халық музыкасының мэтрлері, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, кәсіби мамандар, халықаралық конкурстардың лауреаттары мен мәдениет қайраткерлері – Әбдуғалисын Шоқанбаев, Сәлім Ізтілеуов, Хамзин Бейбарыс, Полатхан Тәшімов, Ғабделов Құрманбай, Ботакөз Тәшімова, Арман Жайымов, Айгүл Аужанова, Ерлан Бақтыгерей, Әсел Қалекешов, Дамир Абашов, Сәрсенғали Жүзбай, Байғара Садуақасов, Марал Оразбекова, Саян Ақмолдалар бар.

– Мен Тәттімбет бабамыз атындағы конкурс басталғалы қазылар құрамында келе жатырмын. Атақты маэстро Шамғон Қажығалиев, Аллаберген Мырзабеков сынды саңлақтардың жанында отырдым. Бұл конкурстың бізге берері мол. Құрманғазы, Дина атындағы және Батыс аймақтарда түрлі республикалық конкурстар өтуде. Оның ішінде, Қарағандының жөні бөлек. Облыс әкімдігінің, мәдениет басқармасының, әсіресе, байқаудың басы-қасында жүретін Рымбала Кенжебалақызының еңбегі орасан зор. Қазылар алқасының құрамында көптеген дүлдүлдер бар. Осы байқаудың жеңімпаздары да қазылар алқасының қатарында отыр. Осы өнерге ие болатын, ертең өлтірмей, кейінгі ұрпаққа жеткізетін алтын көпір осы жас таланттар. Жүлде алмаса да қатысудың өзі шыңдайды. Жылдан-жылға қатысушылар көбейіп келеді, – деді Ермұрат Үсенов.

Жеребе тарту рәсімі ашылу салтанатының алдында өтті. Әр бағыт бойынша байқаудың І және ІІ кезеңі домбыра аспабынан – Кеншілер мәдениет сарайында, қыл қобыз аспабынан – Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының кіші залында, прима-қобыз аспабынан – «Шалқыма» концерт залында өтеді. 2017 жылғы халықаралық телевизиялық байқаудың жеңімпазы, «Үздік күйші – 2017», «Мәдениет саласының үздік қызметкері» атақтарының иегері, Нұр-Сұлтан қаласы, Роза Бағланова атындағы мемлекеттік концерттік ұйымының домбырашысы Ардақ Елеусіз де осы байқауға қатысып, бағын сынауға келіпті.

– Тәттімбет бабамыз атындағы республикалық конкусқа, тек сайысу үшін ғана емес өз үлесімді қосуға, өнерімді шыңдауға келдім. Өзім Ақтөбенің тумасы болғандықтан, шертпе күйді көп орындамаймын. Сонысымен де бұл байқау мен үшін қызықты. Төкпе күйден бір сәт шертпе күйге назарымды бұрып, табиғатын бойыма тереңірек сіңіргім келеді. Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстазымыз шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбай ағадан үйренгенімді жетілдіру – мақсатым. Арқаның күйшілік мектебінен Тәттімбет бабадан бастап, Қыздарбек, Аққыз, Мағауия Хамзин, Әбікен Хасеновтердің күйлері репертуарымда бар. Бұл байқауда міндеттелген 6 күй, еркін тақырыпта 2 күй орындаймыз. Бірінші кезеңде 4 күй, 2 кезеңде 4 күй шертеміз. Арасында Арқа күйлерін де күмбірлетемін, – деді Ардақ Елеусіз.

Ал, 4 қараша күні сағат 18.30-да «Шалқыма» концерт залында байқаудың жабылу салтанаты, лауреаттарды марапаттау рәсімі және олардың қатысуымен гала-концерт өтеді. 

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button