Сәтбаев

Көңілді көркейткен «Жаз сыйы»

Сәтбаев қаласы мәдени-сауық орталығының «Бьюти АРТ» жобасы аясында ұйымдастырылған көрме-жәрмеңке осылай аталды. Онда қаланың талантты тұрғындары өз өнерін паш етті. Жазғы сахнада жергілікті өнерпаздар әуезді ән шырқап, би биледі.

Шаһардағы «Сұңқар» аула клубында бірнеше үйірме ұйымдастырылған. Жәрмеңкеде Әбілқасым Байбұланов пен Гүлнар Шынжырбекова жетекшілік ететін «Домбыра шебері» және «Қолөнер» үйірмелерінің мүшелері көпшілікке домбыра мен ұлттық әшекейлерді қолжетімді бағамен ұсынды. Мәдени-сауық орталығының ұйымдастырушысы, «Алға, бас!» жастар театрының әртісі Айгерім Абайділдинова грим жасап, «Ақындар» үйірмесінің жетекшісі Ардақ Тойлыбаева шаш өріп, тағы бір қырынан көрінді.

Мультфильмдер мен ертегі кейіпкерлерінің кейпін келтіру арқылы балаларға қуаныш сыйлайтын аквагрим жанрының шебері Жанель Ищанова мен жеке кәсіпкер Әсет Әзімбаевтың кілең креативті жастардан құралған «Стар студио» сурет-бейне студиясының дизайнері Гауһар Бектұрованың қызметіне қызығушылық көрсеткендер қарасы көп болды. Ал, Армия Есенов жетекшілік ететін үйірменің тәрбиеленушілері қолма-қол портрет салып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Жәрмеңкеге сұлулық және сән салондары белсене қатысты. Небір талантты HAIR-стилист пен NAIL-шебер сұлулық пен эстетикалық талғамға тәрбиелейтін шеберлік сағатын өткізді. Жеке кәсіпкер Инзира Ботжанованың «Мерси» сұлулық салонындағы талантты танымал шеберлер Лейла Зейноллаева мен Томирис Әлмағанбетова «Қыз ұзату» тақырыбында модель жасады. Әуесқой жас шебер Арайлым Сұлтанованың классикалық үлгідегі ізденісі қала тұрғындарына қатты ұнады.

«Аяна» сұлулық салонының иесі Нұргүл Күшіғұлова сырға тағу үшін құлақ тесудің құпиясымен бөлісті. Жеке кәсіпкер Тілеукүл Мағзұмованың «М-студио» сұлулық салонындағы Ақбота Шахмағанбетова мен Жаннұр Софы классикалық үлгіде шаш сәндеу шеберлігімен тәнті етті. Сондай-ақ, «Инь Янь» сұлулық салонының бесаспап шебері Мақпал Исатаева, «Бота» сұлулық салонындағы қыз-келіншектер шаштаразы Әлия Мағажанова мен шаш әрлеушісі Меруерт Сарыбаева да бұл жәрмеңке барысында жаңа тұтынушы тапқаны анық.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев жәрмеңкеге қатысушыларды белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Кеншілер қаласында осындай мазмұндағы іс-шаралар жаз бойы өтіп тұрады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Суретті түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button