Көңілді демалыс – лагерьде
Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қалалық білім бөлімінің бастамасымен мектепішілік және бейіндік демалыс лагерьлері жұмысын бастады.
Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, белсенді демалыс барысында балалар үшін жаз айларында мектепішілік және бейіндік, оның ішінде лингвистикалық, экологиялық, өлкетану, спорттық және туристік, еңбек бағыттары қарастырылмақ. Жаз бойы 50 мыңға жуық баланы сауықтыру демалысымен қамту жоспарланған. Мектепішілік және бейіндік лагерьлердің бағдарламасы аясында әртүрлі іс-шаралар өтпек. Демалыс барысында шығармашылық конкурстар, кездесулер, ойындар, спорттық сайыстар өткізіліп қаланың мәдени ойын-сауық орталықтарында, демалыс орындарында, саябақтарда, кинотеатрлар мен хайуанаттар бағында экскурсиялар ұйымдастырылады. «Қауіпсіз жаз» акциясы аясында көшеде дұрыс жүріп-тұру мәселелері бойынша нұсқаулықтар және алдын алу сабақтары өтеді. Балалар және жасөспірімдер клубтарында, жазғы мектептерде, үйірмелер мен секциялық ұйымдарда түрлі үйірмелер өтеді. Қосымша білім беретін ұйымдарда да лагерьлердің және түрлі үйірмелердің жұмысы жүреді.
Аяулым СОВЕТ