Жаңалықтар

Көңіл шуағы

«Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірісі кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Мақышев «Қазақстанның Еңбек Ері» атанып, айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз және «Отан» орденімен марапатталғаны жөніндегі жағымды жаңалық желтоқсанда желдей есіп жезді аймаққа жеткенде, жұртшылық: «Бәрекелді! Міне, азамат!» деп, бір желпініп қалды. Бастапқыда көңілдегі қуаныш толқынын сабырмен басқан тұрсынбекті терең ой тұңғиығы өзіне тарта берді. Алдымен баласының шыққан биігін көріп, бақытты сәтті бастан кешу бұйырмаған әке-шешесі есіне түсті. Жүрек тұсы шымыр ете қалды.

 

Ата-анасы есеп-қисаптың майталман маманы еді. Отанды фашизмнен қорғап, елге аман-есен оралған майдангер Шамбұл Мақышев қалған ғұмырында ревизор-есепші болып еңбек етіп, осыдан отыз жыл бұрын өмірден озды. Жарықтық мәселе мамандықта емес, еліңе тигізген пайдаңда екенін айтудан жалықпайтын. Бәлкім, балаларының құлағына жастай құя бергенді жөн көрген шығар?! Анасы Дәрібала Ысқақова есепші-экономист болды. “Төрт ұлым – төрт тұғырым!” деп тебіренетін ғазиз жанның жомарт жүрегі бұдан алты жыл бұрын тоқтады.

1979 жылы әкесі қызмет бабымен Жездіден кеншілер қаласына қоныс аударғанда Тұрсынбек тура он жаста болатын. Орыс мектебінде оқығанымен, отбасында таза қазақша сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрді қастерлеп өсті. Әкесі балаларының бауырмал болғанын, қазақи қасиетті қапысыз сақтағанын қатты қадағалайтын. Үлкенге – құрмет, кішіге қамқорлық қандай болуы керектігін әкесінің туған-туыс, көрші-қолаңмен қарым-қатынасына қарап-ақ көңіліне тоқып өсті.

Сегізінші сыныптан соң қалалық кәсіптік-техникалық училищесіне түсіп, дәнекерлеуші мамандығын алып шықты. Үлкен ағасы Қадырбек №65 алып-шахтада — кені алынған кеңістікті толтыратын бетоншы, оған тетелес Назымбек №57 шахтада төбе бекітуші болып істейтін оның да көңілі кеніш жаққа ауа берді. Соның сәті Отан алдындағы борышын өтеп оралғаннан кейін түсті. Бас механик бөліміне жұмысқа қабылданып, №31 шахтада дәнекерлеуші болып еңбек жолын бастады. Әңгіме орайында айта кетейін, қарашаңырақта отырған інісі Қайырбек — қазір “Анненск” шахтасында монтажшы. Ағайынды төртеуі кәсібі мен нәсібін кеніштен тапты.

“Сабақты ине сәтімен” деген, үш жылдан кейін Тұрсынбек №57 шахтаның №5 кен өндіру учаскесіне шеф-слесарь болып ауысты. Алғашқы күні әлі есінде. Жер қойнауына ала жөнелген клет баяулап барып тоқтады. Маңдай шамын жаққан кеншілер забойға қарай жылжыды. Шыңыраудағы “шаһар” ондағы тірліктің табиғатынан бейхабар адамға алғашқыда үрейлі көрінеді. Табан астында сылдырлап аққан судың өзіне секеммен қарайсың. Анда-санда дөңкиген қойтас кездесіп қалады. Кен жынысы тиелген қуатты техника қасыңнан өткенде зор даусы штрек ішін кернеп кетеді…

Шеф-слесарьдың міндеті — шпур бұрғылау қондырғысына техникалық күтім жасап, ырғақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Барған бригадасы бірден бауырға тартты. Ұжым басшысы Владимир Ганзвенд қазақшасы анау-мынау қандасымызды сүріндіретін неміс екен, көңілі көлдей болып шықты. Бұрғышылар Константин Брюханчиков, Александр Дедовец, Андрей Шабалинмен тез тіл табысты. Әсіресе, бәрінен ересегі Қанат Кенжебековтен көрген қамқорлықты әлі ұмытпайды. Сегіз жылдан астам уақытта әріптестер арасындағы сенімге сызат түспеді.

2002 жылы кен қабатына соқпақ салатын проходкашылар қатарына қосылды. Бұрғылау қондырғысының тұтқасын сығымдай ұстап, болат тісті бұрғыны кен жынысына бойлата жіберетін күнге де қолы жетті. Бұрғының болат ұшы кен жынысының қатпарына қадалғанда панел іші дір-дір етеді. Дүбірлі дыбыстың дүмпуінен бейнебір жердің жүрегі соғып тұрғандай әсер алды. Енді бір сәтте бірегей мақсат жолында білек біріктіріп, жұмысқа жұмыла кіріскен жігіттердің жұптасқан жүрек дүрсілін естіп тұрғандай керемет күй кешті…

Бұлардың бригадасын білікті кенші Әлиасқар Айманов басқаратын. Сайдың тасындай іріктелген ұңғылаушылар қамшы салдырмай, өндірістік тапсырманы үнемі ойдағыдай орындайтын. 2005 жылы көктемде компания басшылығының ұйғарымымен бұл бригаданы №73 шахтаға ауыстырды. 2008 жылы Әлиасқар Айманов зейнеткерлікке шыққанда, оның орнына бригадирлікке Тұрсынбек тағайындалды. Ол өзіне артылған жауапкершілік жүгін, сенім салмағын сезінді.Бұрын өндіріс озаты болса, енді ұйымдастыру қабілетін көрсететін кез келгенін ұқты.

Жігіттер жерге қаратқан емес. Бірін-бірі қабақ қағысынан түсінеді. Әлиасқар басқарған бригададан қалғаны – Бақытжан Сейітмағанбетов екеуі. Қуанышбек Ыбырақым, Айдын Сайдалин, Руслан Бегенов, Бауыржан Сембетов, Ерлан Қоянбаев және Думан Майқараев — осы ұжымда он жылдан бері толассыз тер төгіп келе жатқан жігерлі жігіттер. Кейін қатарға қосылған Рүстем Өтеубаевтың өзі сынақтан сүрінбей өткеніне алтыншы жылға айналып барады. Тоғызы білек біріктіргенде тау қопарады. Басшылық алға қойған міндетті мінсіз орындап келеді.

Бригада – біртұтас күрделі организм. Оның бір мүшесі осал болса, кемшілік қанша жасырғанмен көрініп қалады. Бригаданың бүгінгі шыққан биігіне қарағанда, мүшесінің арасында осалы жоқ. Тұрсынбектің түйгені – өзара селкеусіз сенімнен, құрметтен артық табысқа бастайтын даңғыл жоқ. Егер осы қос қасиет әріптесіңнің бойынан табылғанда ғана кәсіби шеберлік пен еңбекті ұтымды ұйымдастыру туралы шынайы әңгіме қозғауға болады. Бұл, түптеп келгенде, әркімнің жоғары адамгершілігі мен арына байланысты.

Тағдырдың тосын тартуына “Тәуба!” деген Тұрсынбек пен қалалық білім бөлімінің әдіскері, зайыбы Эльмира екеуі үш балаға өмір сыйлаған. Жаңа жылдың алдындағы жексенбіде Нұр-Сұлтандағы халыққа қызмет көрсету орталығында істейтін тұңғышы Айдос пен келіні Айдана келіп, шаңырақтың шаттығын еселей түсті. Қос немересі Ағзам мен Тұмардың тәтті қылығына тоймаған Тұрсынбек көңіл шуағына шомылды. Қазақ гуманитарлық университетінің ІV курсында оқитын қызы Дамира да думандатып жетті. С.Сейфуллин атындағы гимназияда оқитын Әбілмансұр бауырларымен қауышып, қуанышқа кенелді.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button