Жаңалықтар

Кәдесыйға құнт керек

Әр ұлттың оны бөгдеден бөле жарар болмыс-бітімі бар. Өзбектің ала шапаны, жапонның кимоносы, қырғыздың айыр қалпағы дегендей. Бұлардың бәрі бүгінгінің сәнді тілімен айтсақ, олардың «бренді». Ал, он саусағынан өнері-саулаған қазақтың бренді не? Ертең «ЭКСПО» деп келген елдің қолына кәдесый етіп қазақ не ұсынбақ? Қуыс үйден құр шығармайтын жұртымыз қонағына ұлттық құндылықтарды бойына жиған бұйымдарды жария етуі керек-ақ. Соған қарап, сырт елдің қазақ туралы түсінік-пайымы пайда болады. Қадірлісіне жабатын шапанды қытай мен қырғыз олпы-солпы шүберектен, қиқы-жиқы пішіп, тігіп тым арзандатып жібергенін әлі ұмытқан жоқпыз. Ал, шекара асар кәдесый – ол қазақ туралы, бүтін бір мемлекет туралы мағлұмат алып барады. Олай болса, осы жерде опық жеп жүрмейік. Қасқырға қой бақтырған қазіргі кезде көк инені көлденең ұстау білмейтіндерден ісмер шығып жатса, таң қалудан қалғанбыз. Кәдесыйды қазақтықтың қадірін білетіндер жасасын ендеше «ЭСКПО»-ға.

Қазақы қасиетімізден тамырымыз ажырап бара жатқаннан соң ба, қайдан білейік. Қазір ұлтымыздың қолөнерін көрсек, есіл-дертіміз сол. Рас, бұл күні ұлттық нақыштағы кәдесыйдың түр-түрі бар. Құны да әжептәуір. Көрген көз сүйсінеді. Бірақ, бүгінгі әңгіме құн туралы емес. Сөз төркіні – қазақы кәдесый жасаушыларда. Әңгімеміздің әлқиссасын «ЭКСПО»-дан бас­тауымыздың сыры да осында.

Әлемге сауын айтқан астан бір кем түспейтін халықаралық көрмеге ресми мәліметтер 5 миллионға жуық шетелдік келеді дейді. Соның әрбірі құрып кеткенде, елімізге 1,5 мың АҚШ долларын тастап кетеді деген долбар да бар. Олай болса, олардың әрқайсысы еліне кәдесыйларды, ескерткіш-естеліктерді үйіп-төгіп әкетпек. Бүгінде бұл саладағылар да алақанына түкіріп отыр. Әйткенмен, олардың барлығы бірдей көрмеде бұйымдарын саудалай алу-алмауы неғайбыл. Бұл – бір. Екінші – оның сапасы, ұлтық салт-дәстүрімізбен сабақтастығы.

Қарағандыда да қазақы бұйымдар, кәдесыйлар жасаумен айналысатындар барын еститін едік. Бірақ, кездесудің сәті түспеген-тін. Соның реті бір көрмеде келді. Біз жолыққан жеке кәсіпкер Ғабит Қанатбаев та «ЭКСПО»-ға елеңдеулі. Қазақтың ақ шаңқан киіз үйінің неше атасын жасаумен айналысады. Оған қоса, кәсіпкер кәдесыйдың да алуан түрін саудаға шығарыпты. Иненің ұшымен, көздің майын тауысумен пайда болған көркем туындылар. Таза терілік бұйымдар, қазақтың қамшысы, қыз-келіншектерге арналған ою-өрнекті әмиян. Қайсыбірін айта берейік, тамаша. Ұлтымыздың ұлылығын паш етуге негіз болар­лық дүниелер.

13 жылдан бері киіз үй дайындайтын көрінеді. Киіз үйдің ағашын, ішкі жабдығына дейінгі барлық керек-жарағын өздері әзірлейді. Бірнеше тігін цехы бар. Бүгінгі таңға дейін мемлекеттен бір тиын қаржы алмаған. Өз күшімен көтерілген. Бірақ, ең бастысы, «ЭКСПО-ға» қатысу үшін қол ұшын созуға уәде беріпті.

Ғабит ҚАНАТБАЕВ, жеке кәсіпкер:

2003 жылдан бері қазақ­тың киіз үйін жасаумен шұғыл­данамыз. От­басымызбен түгел­дей осы қазақтың қолөнерімен айналысамыз. Киізінен бастап, ішкі жабдығына дейінгі киіз үйдің барлық керек-жарағын өзіміз даярлаймыз. Бірнеше тігін цехы­мыз бар. Киіз үйлеріміз Еуропа, Ресей, Жапонияда тұр осы күні. Тіпті, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де арнайы тапсырыспен киіз үй жасатты. Кәдесый тұрғысына келсек, өзіміздің кәдесыйлық өнімдерімізді «ЭКСПО»-ға шығару ойымызда бар. Жергілікті басшылық ұйым­дар көмек береміз деп отыр.

Айтпақшы, бұл кәсіпкер – жақында ғана өткен аймақтық «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінде бизнес-қауымдастықтың ұйымдастырған «ЭКСПО»-ға арналған тауарлар» аталымында үздік танылғандардың бірі. Демек, кәсіп­керлер қауым­дастығы кәсіпкердің ақ шаңқан киіз үйінен кәдесыйына дейінгі тауарларын жоғары бағалаған. Олай болса, олар «ЭКСПО»-да ұялмай көрсететін кәдесый қатарынан болғаны.

Өзіміз көрген кәсіпкердің ұлттық бояудағы бұйымдары қазақтың өнерге деген таласын көрсетіп-ақ тұр. «Қазақ қандай?» десе, «Міне, мынадай!» дейтіндей-ақ.

Жалпы, «ЭКСПО» елдің елдігін, кім екендігін айғақтау десек, онда ескерусіз зәредей де дүние қалмауы тиіс. Түймемізден бастап, төрімізге дейін. Қазақтың қас өнерін, көшпенділердің бай салт-дәстүрінен, тарихынан хабар беріп тұруы тиіс-ті. Аллаға шүкір, мұрамыз – бай. Сол мұраны мұрагерлері көрсете алса керек. Сондықтан, кәдесый – әншейін уақ-түйек емес. Ол шекара асқан соң елдің «визиткасына» айнлауы әбден кәдік. Олай болса, «ЭКСПО»-ға барар кәдесыйға аса құнт керекті…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button