Әйелге зорлық қашан тыйылады?
Әйелді ұрып-соқпайтын қоғам әлі орнамады. Отбасында әйелдің күнара көгала қойдай таяқ жеп, тіпті, мүгедек, майып болатыны да жиі. Қол жұмсағандар жазаланып та жатыр. Темір торға тоғытылып та келеді. Бірақ оның әйелге күш көрсететіндерді үркіте алар түрі көрінбейді. Әйел әйел атанғалы, әлімжеттіктен көз ашқан кезі жоққа тән. Облыста 9 айда отбасылық-тұрмыстық қылмыстың 66 дерегі тіркелген. Былтыр ол көрсеткіш 71-ге жеткен көрінеді. Мамандар отбасындағы кикілжіңнің себебі әр алуан екенін айтады. Оған қызғаныш, ішімдік ішу, өзге де тұрмыстық түйткілдер түрткі екен. Соның ішінде, ішімдіктің салдары зор. Ал алдағы уақытта заңнамаға тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер енгізіледі. Соған орай жауаптылық та күшейе түспек. Қарағанды облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы мәлімдеді.
Негізі, полиция департаментінің хабарлауынша, әйелдерге зорлық көрсету аймақта былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға кеміпті. Бірақ біржола тыйылған емес. Қарағанды облысы полиция департаментінің дерегінше, әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың дені мастықтан.
Айталық, мас күйінде Қарағанды қаласында – 6, Теміртауда – 5, Балқашта – 4, Осакаровта – 3, Абайда – 2, Саранда – 1, Бұқар жырау ауданы – 1, Шахтинскіде – 1 қылмыс жасалған. Ал, одан кейін қызғаныш себеп болған зомбылықтар тұр.
Құқықтық тілде «отбасылық тиран» деген түсінік бар. Оның әлеуметтік портреті де жасалған. Ол – тұрақты жұмыс істемейтін, жасы 30-дан асқан, бұрын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылған, орта немесе орта арнаулы білімі бар, моральдық келбеті келіссіз адамдар. Отбасының шырқын бұзатын да көбіне осылар екен.
− Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының арыз-шағымы бойынша алты жарым мың қорғау мақсатындағы ұйғарым берілді. Тәртіп бұзушылардың іс-әрекетіне 1 107 ерекше талап қойылды. Ішімдік ішуге 1 087 адамға тыйым салынды. Отбасында ерлі-зайыптының бірге тұруына қатысты сот 30 адамға тыйым салған шешім шығарды. Қорғау ұйғарымдарын бұзған 864 «отбасы тираны» жауапқа тартылды. 5 435 құқықбұзушы әкімшілік тұтқындауға алынды, – дейді Құрманғали Ысмағұлов.
Облыста отбасылық зорлыққа тап болған әйелдер мен балаларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін 7 дағдарыс орталығы бар. Осы жылы орталықтар 110 адамды паналатқан. Оның арасында 38 әйел, 71 бала бар.
− Учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылыққа жол беретін адамдарды анықтау және полиция есебінде тұрған адамдарды тексеру мақсатында күнделікті пәтерлерді аралайды. Отбасылық жанжалдар туралы келіп түскен барлық сын-қатерлер бойынша құқық бұзушыларға алдын алу шараларының қолда бар спектрі қолданылады. Бұл – қорғаныс ұйғарымдары, бұзушылардың мінез – құлқына қойылатын ерекше талаптар, алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салу, әкімшілік қамауға алу, – деді Құрманғали Ысмағұлов.
Сонымен қатар, арнайы қоғамдық кеңестер құрып, шағымдарды қарау барысында ақсақалдар кеңесіне жүгіну де ұсынылып отыр.
Қызғалдақ АЙТЖАН.