Қайырымдылық

Ізгілік айындағы ілкімді істер

Қасиетті Рамазан айыда аяқталды. Өкініштісі, биыл да карантин талаптарына сай тарауық намазы оқылмады. Бастысы, мешіт жамағаты мүфтияттың бұл шешіміне түсіністік танытты. Алайда, бұл жағдай ізгілік айындағы игілікті істерге еш кедергі келтіре алмады. Сансыз сауапты істерді ұтымды ұйымдастырған Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының облыстағы өкілдігі Ұлық айды абыроймен атқарды деуге болады. Толығырақ тарқатсақ…

Әрине, ұлы қимастық бар кеудеде. Біріне-бірі шуақ сыйлаған, мейірім сыйлаған әр күні мерейлі Рамазанды қалай қисын? Облыстық Әнет баба мешітінің «Ihsan.kz» сайтынан, Instagram парақшасынан шарапаты мол шараларды көріп, көңіліміз тоғайып отырды. Облыс көлеміндегі аудан, ауылдағы мешіттерде өткен қайырымдылық марафондарын да назарға ілмей кету мүмкін емес.

Ораза айындағы заңдылық саналған сауаптың ұлысы – ауызашар үрдісі екенін ескерсек, дін қызметкерлері мұның оңтайлы жолын тауып, «Ауызашар қоржынын» бірнеше мекеме қызметкерлеріне және жатақхана студенттеріне тегін үлестіріпті. Мешіт қызметкерлері жеткізген арнайы қоржыннан 14 490 адам дәм татыпты. Және «Рамазан керуені» атты қайырымдылық марафоны арқылы 12 673 отбасы азық-түлікпен қамтылыпты. Яғни, аталған марафонға кәсіпкерлердің демеушілігімен 3,7 тонна ұн, 1,2 тонна «Баракат» шайы, 770 литр сұйықмай үлестірілген. 270 отбасыға киім-кешек беріліпті. Сондай-ақ, 3 сиыр, 8 қой сойылып, еті көмекке мұқтаж отбасыларға теңдей бөлініп, таратылған. Жаңалықтың ең үлкені – екі отбасы баспаналы болу бақытына ие болды. Теміртау қаласындағы «Әлихан Бөкейхан» атындағы орталық мешіттің ұйымдастыруымен «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 371-ші баспана кілті 9 бала тәрбиелеп отырған отбасыға тарту етілді. Ал, екінші пәтер кілті жезқазғандық мүмкіндігі шектеулі азаматқа бұйырды. Ізгілік айындағы игілікті шаралардың біз білетін легі – осы. Жақсылығын жария еткісі келмейтін жомарт жүректі азаматтарымыз да жоқ емес. Бастысы, мешіт қызметкерлері де, кәсіпкерлер де, жамағат та жақсылық жолында жарысқан ай болды бұл…

– Күнделікті жиі қолданылатын сөздің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, жүрегінде жылулық болса төрт құбыласы тең болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» дегенін ұмытпаған барша азаматқа айрықша алғысымызды білдіреміз. Сауаптарыңыз еселеніп жазыла берсін, – дейді облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.

«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демей ме? Құдайдан күтейік. Рамазан осынысымен құнды һәм қастерлі. Рамазаннан рамазанға аман жетейік, ағайын!..

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button