Жаңалықтар

Ішкі тұрақтылық – дамуға апарар жол

Ел Президенті ҚасымЖомарт ТОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген кеңесі өткен болатын. Кеңесте мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмаларды іске асыру жолдарын талқылау мақсатында Қарағандыдағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті. ҚХА Қарағанды облыстық төрағасының орынбасары Бекзат АЛТЫНБЕКОВТІҢ төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің кеңесшісі, ҚХАның Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Рымбала ОМАРБЕКОВА, қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА қатысты. Сонымен қатар, аймақтағы барша қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, мүшелері Zoom платформасында онлайн қосылды.

Биыл ҚХА-ның құрылғанына – 26 жыл. Осы уақытқа дейін әр аймақтағы мәселелер өңірлік ҚХА-ның қолдауымен шешімін тапқан. Бүгін де облыстық ҚХА-ның Кеңес отырысында ҚХА-ның XXIX сессиясында қабылданған шешімдер және жаһандық жаңа сын-тегеуріндер кезінде Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды. Аймақтық кеңестердің отбасы құндылықтарын дәріптеу және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

– Ассамблея – елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын еліміздегі барлық этнос өкілдерін қазақ халқының маңына топтастыратын бірегей институт. Сондай-ақ, мемлекетіміздегі ішкі саяси тұрақтылықтың сақталуына, этносаралық татулықты, бірлікті бекемдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыратын ұйым. Ассамблея туралы кейбіреулер айтып жүргендей біржақты, негізсіз пікірлерге жол бермей, бұл құрылымның байыпты бастамаларға бастайтын, басқару жүйесіндегі өзіндік орны бар ұйым екендігін қоғамға, жастар арасында насихаттауымыз қажет. Бүгінгі өткен Кеңесте Президентіміз «мұндай күрделі әрі өзекті жағдайлар туралы ашық айтылуы керек» деді. Бұл проблемаларға көз жұмуға болмайды. Әйтпесе, келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін екенін айтты. Ендеше, Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі бағыты – осы, – деді Бекзат Қомарұлы.

Облыста 70-тен астам этно-мәдени бірлестік тіркелген. Оның 22-сі облыстық, 30-ы қалалық, 29-ы аудандық. Барлық этно-мәдени бірлестіктің құрамында 4 мыңға жуық жан тіркелген. Ал, осы бірлестіктердің басты бағыты – қайырымдылық шарасын өткізу. Деректерге сүйенсек, биыл жыл басынан бері 1200-ден астам іс-шара өткізіп, 5 мы адамға 82 608 056 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Оның ішінде «Мектепке жол» акциясы бойынша облыстағы 328 көпбалалы, аз қамтылған отбасындағы мыңнан астам балаға 49 609 300 теңге көлемінде қайырымдылық қолдау көрсеткен.

– Жиында сөз сөйлеген қатысушылар тың әрі оң ұсынысын айтты. Қай сала, қандай мәселе болсын оны шешуде Ассамблеяның атқаратын рөлі басым. Әрине, ең бастысы – өзге ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақ астына жинап, бірлікте жұмыс істеуі. Бір кездері «Ассамблея не үшін керек?» деген сөз де айтылып еді. Қазір міне, жан-жақты атқарып жатқан жұмыстарын көріп отырмыз. Облыс әкімі жалпы кеңесте айтылған тапсырмаларды бірлесіп тындыруға шақырды. Алға қойған жоспарды тыңғылықты орындап, оң нәтиже көрсетейік, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Жастар – кемел келешегіміз, ел тірегі. Қазіргі таңда қоғамда өткір мәселенің бірі – жастар жайы. Бүгінгі таңда ҚХА жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы жергілікті билікпен, аймақтағы ресурстық орталықтармен тығыз қарым-қатынаста. Осы уақытқа дейін ұйым құрамындағы жастардың атқарған жұмысы талқыланды.

– Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Осыған орай, қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ол үшін этнос аралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін түсінуіміз қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша. Біз Отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз және өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуіміз керек. Мемлекетіміздің болашағы үшін ішкі тұрақтылық пе жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайтуға міндеттіміз. Президент Жолдауында айтылған мәселелер халықтың қолдауына ие болып отыр, ендігі кезекте ондағы айтылған міндеттерді бірлесе атқару – басты мақсатымыз болмақ, – деп пікірін білдірді Приозерск қаласы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбек Айтпенбетов.

Мемлекет басшысы кеңесте бала тәрбиесі жайлы баса айтты. Әрине, кез келген отбасындағы жақсы тәрбие, келешекте жақсы азаматтың қалыптасуына апаратын – даңғыл жол. Осы тұрғыда облыс атынан сөйлеген «Kanikar club» әйелдер клубының жетекшісі Алтынгүл Каникар аймақтағы көпбалалы аналардың мәселесін көтеріп, ортаға салған болатын. «Ел болам десең бесігіңді түзе дейді» қазақ атам. Ел болашағы – келешек жастардың қолында десек, тәрбие отбасынан басталады.

– Бүгінгі таңда ажырасу факторының көбеюі, некесіз бала туу, осының бәрі – қоғамды алаңдатып отырған мәселенің бірі. Соның бәрі – отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі деп ойлаймын. Ата-ана – бала үшін тәрбие алатын жан болуы керек. Тіпті, балаң көршінің баласымен төбелесіп қалса, ұлтаралық қақтығысқа апарғымыз келетін күштер пайда бола бастады. Міне, осындай тағы да басқа мәселенің алдын алу үшін бірігіп жұмыс атқару қажет. Осы тұрғыда облыс әкімі біршама тапсырмалар берген болатын. Алдағы уақытта облыс әкімінің қатысуымен ҚХА-ның облыстық сессиясы өтеді. Сессия қараша айының соңында Ұлытауда өткізіледі деген жоспар бар. Қазірден бастап дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Бекзат Қомарұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button