Ішімдік қымызға жол бермек
Жаңаарқа ауданында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы басталды. Белсенді азаматтар ауылдарды аралап, жұртты ішімдіктен бас тартуға шақыруда. Жақсы істің басы-қасында жүргендер бұл жұмыстары арқылы қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, ішімдік салдарынан болатын қылмыстың азаюын көздейді.
Белсенділердің бастамасына аудан әкімі Юржан Бекқожин мен ауданның бас имамы Асхат Қанай және аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесі қолдау көрсеткен. Жоба 10 ауылды қамтиды деп отыр. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, оларды отбасылық, мерекелік және мәдени шараларды ішімдіксіз өткізуге шақыру жұмыстары басталып кеткен. Жұртшылыққа ішімдікті қазақтың дәстүрлі тағамы, Жаңаарқаның бренді – қымызбен алмастыру ұсынылуда. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандармен де алкоголь өнімдерін саудаламау туралы келісімдер жасалуда.
Бүгінде жобаға қосылған алғашқы ауыл Айнабұлақ тұрғындарымен кездесу өтіп, тұрғындардан жобаны қолдау туралы қол жинау шаралары аяқталуға жақын қалыпты. Ауылда 2 дүкен бар екен. Олардың иелері ішімдік саудалауды тоқтатуға келіскен.
Айта кету керек, қазіргі таңда Жаңаарқа ауданының орталығы Жаңаарқа кентінде алкоголь өнімдері сатылмайтын 7 дүкен мен 5 кафе жұмыс істеп тұр. Белсенділер өзге де кәсіпкерлік нысандарды аралап, үгіт-насихат жүргізуді бастап кеткен.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
ЖАҢААРҚА ауданы.