Бас тақырыпЖезқазған

Өңірдегі өркенді істер

Ұлытау-Жезқазған өңіріне жолы түскен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров мінген сүліктей жүрдек жеңіл автокөлік батысты бетке алды. Бағыт — Ұлт ұясы Ұлытау! Сенатор аймақтың тыныс-тіршілігімен танысуды қасиетті Ұлытаудан бастауды ұйғарыпты.

Ұлытауға бүйрегім бұрып тұрады”

Еңбек жолын Ақадыр ауданының “Босаға” кеңшарында орта мектеп мұғалімі болып бастаған Рекеңді 1983 жылдың көктемінде Жезқазған облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып келген кезінен бері білемін. Екі жарым жылдан кейін Жезді аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып барғанда байланыс бұрынғыдан да беки түсті. Таныстықтың тамыры жалындаған жастық шақта жатқандықтан болар, емен-жарқын әңгіменің тиегі автокөліктің табаны тасжолға тимей жатып-ақ басталған.

Аңқылдаған азаматқа сырттай тілектес болып жүрдік, қызмет бабында талай мәрте кездесудің де сәті түсті. Ол облыстық деңгейдегі басшыға дейінгі жолдан өтті: облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы болды. Еңбегі еленіп “Ерен еңбегі үшін” медалі мен “Құрмет” орденін омырауына тақты. Төрт ауданның тізгінін ұстады. Соның бірі – Ұлытау.

  • Қайда жүрсем де халыққа қалтқысыз қызмет жасадым, ел ілтипатпен еске алатындай із қалдыруға тырыстым. Бірақ, Ұлытауға бүйрегім бұрып тұрады. Исі қазақ қатты қастерлейтін мәйекті мекеннің адамдары да алапат бауырмал ғой! Былтыр Оразада ақсақалдарға ауызашар бердім. Тақан ақсақалдан ауданнан кетерде бата алып едім, осы жолы арнайы шапан алып келе жатырмын. Келіп тұрып, қалай соқпай кетемін? – деп Рекең ағынан ақтарылды.

Сенатор ат басын көпбалалы отбасына тіреді. Ұлттық тестілеу орталығының сарапшысы Сымбат Есмағанбетова таяуда ғана “Алтын алқамен” марапатталыпты. Жұбайы полиция қызметкері Қанағат екеуінің 7 баласы бар. Тұрмысы тәуір, тек тұрғын үйдің таза тозып тұрғаны мазалайды екен. Аудан әкімі Әнуар Омар осындай санаттағы отбасыға арнап салынып жатқан үйдің біреуі Есмағанбетовтер әулетіне тиетінін жеткізді. “Қарағым, құтты қонақ болдың! Қайда жүрсең де жұлдызың жансын!” деп, Күләйім кейуана аналық алғысын айтты.

Сенат депутаты сосын аудандық жұмыспен қамту орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, мекеменің алда тұрған міндетіне қатысты ақыл-кеңес берді. Аудан активімен кездесіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық сөзінен туындайтын маңызды міндеттерді тілге тиек етті. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында салиқалы әңгіме қозғап, белгіленген бағдарламалар аясында атқарылатын жұмыс жайына тоқталды.

Тарихи орын “Хан Ордасы” мен кәсіпкер М.Әжібаев “Кенебай” тоғанының төңірегіне тұрғызған туристік нысан “Көкмайса” демалыс кешенінде болды.

Мәселенің бәрі – маңызды”

Қала тұрғындарын жеке мәселесі бойынша қабылдаған Сенат депутаты осылай деді. Бастапқыда бір сағатқа жоспарланған жұртшылықпен бетпебет жүздесіп, мұң-мұқтажын тыңдау екі сағатқа созылды. Қабылдау кезінде коммуналдық қызмет тарифі, азаматтық алу, қауіпті аймақтан қалаға қоныс аудару, мүгедектікті рәсімдеу, көпбалалы отбасыға арналған атаулы әлеуметтік көмек, қаланы сәулеттендіру, тағы басқа әртүрлі сипаттағы мәселе көтерілді. Әрқайсысын мұқият тыңдап, көпшілікті мазалаған мәселені шешудің мүмкіндігін қарастырған сенатор қабылдау қорытындысында:

  • Адам жеке қабылдауға еріккеннен келмейді. Егер айтылған өтініш-тілекті тек тыңдаумен шектеліп, жеке адамды мазалаған мәселеге жеңіл-желпі қарасақ, жұртшылықтың жергілікті билікке деген сеніміне сызат түседі, наразылығы туындайды. Азаматтарды мазалаған мәселенің бәрі маңызды, – деп қадап айтты. Бүгінгі қабылдаудың барысы өзінің жеке бақылауында болатынын ескертті.

Қаланың өндірістік аймағында орналасқан құс фабрикасына ат басын бұрған сенаторға шаруа қожалығының басшысы Ринат Ахтямов бизнесінің беталысын баяндап берді. Былтыр құс фабрикасын кеңейту мен жаңғырту жұмысы аяқталды. Соның нәтижесінде мекиен санын 75 мыңға жеткізіп, жылына 20 миллион жұмыртқа өндіруге мүмкіндік туды, 25 жұмыс орны ашылды.

Үш құс қораға орнатылған германиялық “Big Dutchman” фирмасының жабдығы мекиеннің өнімділігін 1,2 есе арттыруға, жемнің ысырабын 13% кемітуге жол ашты. Бұл инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 130 миллион теңге жұмсалды. Жұмыртқаны Жезқазған аймағындағы сауда орындарына өткізетін шаруашылық бүгінде бұл өнімге деген сұраныстың үштен бір бөлігіне жуығын қанағаттандырып отыр.

  • Биыл Ринат тағы бір инвестициялық жобаны қолға алды. Мақсаты – еттік бағыттағы құс фабрикасы мен тауық соятын цех ашу. Құны 300 миллион теңгелік жоба жүзеге асқанда жаңадан 70 жұмыс орны ашылады, жылына 5000 тонна ет өндіріледі деп күтілуде. Қазір жоба пысықталу үстінде, – деп әңгімеге араласқан Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовқа сенатор кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету үшін тиісті құжаттарды дайындауға жәрдемдесуді тапсырды.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органы жөніндегі комитеттің мүшесі Рысқали Әбдікеров қалалық полиция бөлімінің мәжіліс залында құқық қорғаушылардың жеке құрамымен кездесті.

Өндіріс – өңір тұтқасы”

Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысқан Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров жезқазғандық кен байытушылармен кездесті. Саф алтындай сары мысымен әлемге танылған шырайлы шаһардың әлеуетін арттыруда “Қазақмыс” компаниясының осында орналасқан кәсіпорындарының алатын орны ерекше екендігіне тоқталған сенатор “Өндіріс – өңір тұтқасы” деп айрықша атап өтті.

Кеншілер шыңыраудан шығарған шикізатты өңдеп, металлургтерді құнарлы концентратпен қамтамасыз етіп отырған байытушылардың берекелі ісі туралы компаниядағы кен байыту кешенінің бас директоры Ардагер Арынов әңгімелеп берді. Бүгінде қуатты бес корпустың басын біріктірген Жезқазған байыту фабрикасында екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы – 180-200 мың теңге. Өндірісті одан әрі өркендетудің байыпты бағдарламасы бар.

Жұмыс сапары кезінде сенатор көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге назар аударды. Қала әкімі Қайрат Бегімов қазір несиелік негіздегі 3 қабатты 18 пәтерлік және жалға берілетін 5 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй салынып жатқанын жеткізді. Сосын Рысқали Әбдікеров бес қабатты тұрғын үй салынып жатқан құрылыс алаңында болып, мердігерге жұмыс сапасын қатты қадағалауды ескертті.

Бірнеше жылдан бері бәсеңсіп қалған тұрғын үй құрылысы кейінгі кезде жандана бастағанын айта кеткен абзал. Мәселен, былтыр “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 қабатты 36 пәтерлік және 5 қабатты 30 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғысын қала әкімі айтты. Келесі жылы 90 және 60 пәтерлік екі көпқабатты үйдің құрылысы басталады.

Қалалық жұмыспен қамту орталығында болған Сенат депутаты мекеменің тұрғындар үшін оңтайлы жерде орналасқанына және онда қызмет көрсетудің қолайлы ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді.

***

Сенатордың содан кейінгі сапары Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданында жалғасты.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button