АймақҚарағанды

Өңірде білікті жұмысшыға сұраныс артып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аяқталуға жақын. Аяқталғанымен жыл аясында қолға алынған игі бастамалар, оң өзгерістер жалғасын табады. Әсіресе, экономиканың негізгі салалары үшін білікті кадрлар даярлау – маңызды міндеттің бірі. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында бі­лім беру сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және колледждердің кәсіпорындармен өзара іс-қимылын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл турасында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев бірқатар жетістіктерге және алдағы жоспарларға тоқталды.

Инфографиканы жасаған Шынар Адамбекова

Сала басшысының ресми дерегінше, аймақта 52 колледж бар. Білім ордаларында 33 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың едәуір бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Атап айтқанда, 26 305 студент, немесе 78,2%-ы. Дулат Жекебаев осы жылы білікті кадр дайындау жұмыстары қандай деңгейде жүзеге асқанын айтты.

– Биылғы оқу жылында облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 9 300 студент қабылданды. Олардың 7 300-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен, ал, 2 000-ы республикалық бюджет есебінен білім алуда. Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде Жаңа мамандықтар атласының басымдықтары мен өңірді аумақтық дамыту бағдарламасы ескерілді. Даярлауды өзектендіру мақсатында колледждердің білім беру бағдарламалары экономикадағы өзгерістерді ескере отырып жаңғыртылды. Цифрлық технологиялармен, автоматтандырумен және негізгі салалардың дамуымен байланысты жаңа мамандықтар мен бағыттар енгізілді. Нәтижесінде техникалық бағыттар бойынша қабылдау көлемі орта есеппен 60%-ға артты. Әсіресе автокөлік жасау, цифрлық техника, автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу және пайдалану, нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өндіріс, электр жабдықтары, электрмеханикалық жабдықтарды техникалық қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ, ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандықтары бойынша өсім байқалды.
Автокөлік жасау – 67%-ға; цифрлық техника – 59%, автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу және пайдалану – 51,3%, нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өндіріс – 37,5%, электр жабдықтары – 28%, электрмеханикалық жабдықтарды техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану – 22,5%, ауыл шаруашылығын механикаландыру – 12,6%-ға артты. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс қарастырылмаған «Темірбетон және металл бұйымдарын өндіру» мамандығы бойынша биыл 15 бюджеттік орын бөлінді, – деді Дулат Жекебаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді» деген еді. Осыған орай цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі ұлттық міндеттерді ескере отырып, Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжі өз бейінін өзгертіп, «Цифрлық технологиялар және дизайн колледжі» болып қайта аталды.

Сонымен қатар, 2026 жылы болашақтың құзыреттерін қалыптастыратын бес жаңа мамандық ашу жоспарлануда: маркшейдерлік іс, ет және ет өнімдерін өндіру, бұйымдарды химиялық тазалау және бояу, графикалық және мультимедиялық дизайн, гидротехникалық мелиорация.

Өңірде колледждерді бейіндеу жұмыс­тары жалғасып жатыр. Екі колледжге қайта ұйымдастыру және оңтайландыру жүргізіліп, Қарағанды жоғары политехникалық колледжіне Қарағанды тау-кен индустриялық колледжі қосылды.

Мамандардың практикалық даярлығын арттыру мақсатында дуальды және нысаналы оқыту нысандары енгізілуде. Бүгінгі күні дуальды оқыту 41 колледжде жүзеге асырылып, 8 891 студентті қамтып отыр.

– Нысаналы даярлау 18 колледжде жүргізіліп, шамамен бір жарым мың студентті қамтиды. Бұл ретте кәсіпорындар нақты мамандарды даярлауға тікелей тапсырыс береді. «KamaTyresKZ» ЖШС, «QazTechna» ЖШС, «Татшина» ЖШС, «Qarmet», «Kazakhmys», «Silk Road Electronics» сияқты жетекші кәсіп­орындармен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. Өңір кәсіпорындарымен әлеу­меттік әріптестік те дамып келеді. 124 кәсіпорынмен 101-ден астам меморандум мен шарт жасалды. Шефтік қолдау колледждерді жабдықтауды, практикаларды ұйымдастыруды және студенттерді жұмыспен қамтуды, педагогтердің тағылымдамадан өтуін, сондай-ақ, кәсіби шеберлік байқауларын өткізу кезінде демеушілік қолдауды қамтиды, – деді басқарма басшысы.

Облыстық білім басқармасы мамандарды даярлауда сапаға ерекше назар аударып отыр. «Жас маман» жобасы аясында облыс колледждерінде 14 заманауи құзырет орталығы құрылды. Сонымен қатар, халықаралық стандарттар бойынша студенттердің кәсіби дағдыларын бағалайтын және сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін демонстрациялық емтихандар енгізілуде.
Студенттердің техникалық және жұмысшы мамандықтарға тұрақты қызығушылығын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. «Мектептерде 1000 бейінді сынып ашу» жобасы аясында бүгінде облыстың 83 мектебінде IT, агросынып, тау-кен ісі, теміржол ісі, инженерлік іс, өлкетану, медиасынып, сондай-ақ, медициналық және педагогикалық бағыттар бойынша 126 бейінді сынып ашылды. Бұл сыныптар 1 979 оқушыны қамтып отыр.

Кәсіптік бағдар беру тиімділігін және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды арттыру мақсатында «ProfiWay» цифрлық платформасы енгізілді. Платформа арқылы кәсіпорындарға бару, студенттердің жұмыс берушілермен кездесулері және басқа да кәсіптік бағдар беру іс-шаралары ұйымдастырылады.

Түлектерді жұмыспен қамтуды қолдау тетіктері, соның ішінде, гранттар, әлеуметтік кепілдіктер және өндірісте бейімделуге көмек көрсету шаралары да жүзеге асуда.

2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 9 028 түлек диплом алды. Бүгінде 74%-ы жұмысқа орналасқан. Басқарма мамандарының жүргізген миониторингіне сүйенсек, басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек етуде. Түлектердің бір бөлігі жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, кейбірі әскер қатарына шақырылған, ал енді бірқатары шетелге шығып, халықаралық тәжірибеден өтіп жатыр екен. Басқарма басшысының сөзінше, даярлықтың жоғары деңгейі нақты нәтижелермен расталуда.

Биыл Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында гидротехникалық құрылыс және мелиорация бо­йынша Құзыреттер орталығы ашылды. Білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, кәсіпкерлік және кәсіби дағдыларын дамытуға, сондай-ақ, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға қолайлы жағдай жасау мақсатында Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің базасында «Coffee Time» брендімен студенттік бистро құрылды. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің базасында «Ақылды үй» зертханасы іске қосылды.

Облыстың 5 колледжі халықаралық аккредиттеуден өткен. Қарағанды жоғары политехникалық колледжі – энергетика саласы бойынша салалық халықаралық аккредиттеуден; Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі – «Құрылыс және дизайн» бейіні бойынша мамандандырылған салалық халықаралық аккредиттеуден, Шахтинск технологиялық колледжі – «Дәнекерлеу ісі» бейіні бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден, Теміртау жоғары политехникалық колледжі мен Қарағанды банк колледжі халықаралық институционалдық аккредиттеуден өтті. Бұл – кадрлар даярлаудың жоғары сапасын және білім беру бағдарламаларының әлемдік талаптарға сәйкестігін растайды. Мұндай жетістіктер өңірлік техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің беделін арттырып, облыс­тың кәсіби білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтады.

Жетістіктер де айтылды. Мәселен, өңір студенттері «WorldSkills Kazakhstan 2025» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына қатысып, облыс құрамасы ІІІ орынға ие болды. 51 қатысушы 43 құзырет бойынша бақ сынады. Жалпыкомандалық есепте құрама қоржынымызда 5 алтын, 7 күміс және кәсібилік үшін 14 медаль бар.

Биыл облыста мүмкіндігі шектеу­лі жандар мен ерекше білім беру қажет­тіліктері бар студенттерге арналған «Abilympics Karaganda» II өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты да өтті.

Аппараттық жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Қабдуллаұлы басқармаға нақты міндеттерді жүктеді.

– Бүгінде сенімді негіз қаланды, ендігі міндет – қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі күшейту, яғни, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің тұрақты өзектендірілуін қамтамасыз ету. Бұл – мемлекеттік тапсырысты жедел қалыптастыру үшін өңірдің кадрға деген нақты қажеттілігіне терең талдау жүргізуді, колледждерді бейіндендіруді және ірілендіруді аяқтауды, сондай-ақ, білім беру сапасының халықаралық талаптарға сәйкестігін бағалау және жетекші шетелдік елдермен тәжірибе алмасу арқылы халықаралық стандарттарды енгізуді қамтиды. Осы міндетті орындау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бұл үшін әр басқарма, әр әкімдік өз құзыретіне сай белсенді жұмыс атқаруы керек, – деді аймақ басшысы.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button