Жаңалықтар

Инватаксиге сұраныс бар

Қызметтің бұл түрі халыққа бұған дейін тансық болып келгені рас. Әсіресе, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жақындары бар жандар үшін таптырмайтын қызмет.

Сурет: облыс әкімдігінің сайтынан

– Анамның жасы сексенде. Екі жыл бұрын аяғынан жүре алмай, төсекке таңылып қалды. Біз қант диабетінен болар, уақыт өте келе оңалар деп күттік. Кейін сүйегі сырқырап ауырып, ұйықтаудан қалды. Барлық ағзасын дәрігерлік тексерістен өткізгенде ғана ол омыраудың қатерлі ісігіне шалдығып, ауыр сырқаты сүйегіне шапқанын білдік. Сол кеселдің салдарынан анамыз екі жылдан бері аяғын қозғай алмайды. Енді оны мерзімді тексеріске апарып тұру қажет. Мұндайда емханаға жеткізу мұң. Тұрақты тұтынушыға ешқандай жеңілдік жоқ. Мемлекет тарапынан осындай халдегі науқастарға неге көмек көрсетпейді деп талай ойладым. Тіпті, емханадағылардан сұрадым, барлығы иығын қиқаң етіп, ондай мүмкіндік қарастырылмаған деді. Сөйтсем, бар екен! Оны жақында БАҚ-тан оқып, іздегенімді таптым. Бақсам, облыс әкімі өңірдегі әлеуметтік сала басқармасының басшыларына инватакси қызметін жіті қадағалап, оның пайдалану аясын кеңейтуді тапсырыпты. Жағымды жаңалықты ести сала, жауапты басқармаға қоңырау шалдым. Ондағы маман анам мүгедек санатына кірмегендіктен, инватаксиді пайдалана алмайтынын айтты. Бірақ, мәселені шешудің жолын нұсқады. Енді әрекет ете бастаймын, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Күлтай Рымбаева.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 71 инватакси кө­лігі бар. Бүгінгі таңда 14 қызмет көрсетуші аймақтағы 11 қала мен аудандағы тұтынушылардың сұранысын өтеп отыр. Алайда, ин­ватакси жұрт ойлағандай, өздігінен жүре алмайтын науқастардың бәріне бара бермейді.

– Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік ­бағ­­­дарламалар бөлімі «Мемлекет­тік әлеуметтік тапсырыс» шең­­­бе­­рінде «Ерекше таңдау» кор­­­по­­­­­ративтік қорымен және «Ма­­­лик» қоғамдық бірлестігі­мен келісімшарт жасайды.

Қа­­­­­­­зір­гі уақытта Қарағанды қала­сында 2 жеткізуші инватакси қыз­метін ұсынып отыр. Аталған инватакси жүріп-тұруы қиын және аутизм спектрі бұзылған балаларға және көру қабілеті нашар жеке көмекшісі бар бірінші топтағы мүгедектерге қызмет көрсетеді. Осылайша 600 адам инватакси пайдаланып отыр. Инватакси бірінші кезекте жұмыс істейтін және білім алатын мүгедектігі бар адамдарға жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес қызмет көрсетеді. Басқа мүгедектігі бар адамдарға өтініш білдіру уақытына қарай барады.

Ескеретін жәйт, инватакси қыз­метіне қол жеткізу үшін мү­ге­­дектік белгіленген дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы қажет. Одан кейін азаматтар жоспарланған тексеріске барардан бір күн бұрын инватаксиге телефон арқылы өті­нім береді, – деді Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, азаматтарды әлеуметтік оңалту секторының меңгерушісі Гүлжан Шаймарданова.

Инватаксидің қызметіне қаражат жергілікті жердегі бюджеттен бөлінеді. Мәселен, бірнеше мәрте конкурс жарияланып, қаржы салынғанына қарамастан, Ақтоғай мен Шет ауданының тұрғындары инватаксиге әлі күнге дейін жете алмай отыр. Бар кілтипан – өзіне жауапкершілік алатын жеткізушілер табылмай отырғанында.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button