Жаңалықтар

ИНСТИТУТТЫ ДАМЫТУДЫҢ ИГІЛІГІ

   Сот актілерін орындау – әділет органдары қызметінің маңызды және бастапқы бағыттарының бірі. Мемлекет пен азаматтар, заңды тұлғалар арасындағы олардың құқықтарын қорғауды жүзеге асырудағы әділет органдарының рөлі зор екендігі айқын көрінеді. Қызметтің тиімді жұмыс істеуін арттыру мақсатында сот актілерін ықтиярсыз орындау саласында соңғы жылдары Қазақстанда күрделі реформалар жүргізілді.

Оңтайлы және нәтижелі үлгіні құру үшін әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің тәжірибелері зерттелді және мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты Еуропаның бірқатар елдерінде кеңінен қолданылатын жеке сот орындаушысының институты таңдалды. Бұл институттың мұнан былайғы жаңғыртылуы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-қадамынан негіз алған. Ол қадамда жеке сот орындаушысының институтын әрі қарай дамыту және мемлекеттік сот орындаушылар санының кезең-кезеңмен қысқартылуы қарастырылған.

Жеке сот орындаушысының институтын әрі қарай жетілдіру мақсатында Министрлік әрекеттегі заңнамаға енгізілетін жеке сот орындаушылары қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік және басқа да қызмет көрсетулерді шектеуге өкілеттік беруге, қылмыстық айыппұлдарды өндіріп алу рәсімі мен мүлікті тәркілеуді жеңілдетуге бағытталған түзетулердің бірқатарын жасап шығарды.

Жеке сот орындаушыларының және атқарушылық іс жүргізу органдарының қызметін реттейтін негізгі заңнамалық жаңалықтар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы арқылы қабылданды, бұл Заң 2016 жылдың 1-қаңтарында іске қосылды. Ол арқылы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР Заңына және басқа да нормативті-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Қабылданған түзетулерде қарастырылған басты өзгешелік ретінде орындауға жататын орындау құжаттарының түрлері бойынша мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының өкілеттіктерін айқын шектеуді атап көрсету қажет.

Өз кезегінде жеке сот орындаушыларының ерекше құзыретіне жеке және заңды тұлғалар пайдасына, сонымен қатар мемлекет пайдасына 1000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары емес сомаларды өндіріп алу туралы орындау құжаттары кіреді.

Заңның 141, 141-1 баптарының нормаларында облыстардың, республика деңгейіндегі және астана деңгейіндегі қалалардың аумақтық әділет органдарында құрылатын жеке сот орындаушылар қызметіне талаптанушы тұлғалардың аттестациясының жүргізілуі қарастырылады. Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына талаптанушы тұлға тағылымдаманы өткеннен кейін тұрғылықты жері бойынша сәйкесінше жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына талаптанушы тұлғаларды аттестациялау бойынша комиссияға облыстардың, республика деңгейіндегі және астана деңгейіндегі қалалардың аумақтық әділет органдары арқылы аттестацияға рұқсат беру туралы өтінішін ғана жолдайды.

Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алу тәртібі әлдеқайда жеңілдетілген және қажетті құжаттардың көлемі азайды.

Заңның 103-1 бабына енгізілген толықтыруға сәйкес, жеке сот орындаушылары әлеуметтік маңызы бар санаттағы істі орындау кезінде жеке тұлғаларға мемлекет кепілдендіретін тегін заң көмегін көрсетеді. Заңның 117-1 бабына сәйкес, жеке сот орындаушысының жоғарыда аталған санаттағы іс бойынша қызметі 2016 жылдан бастап республикалық бюджет қаражатының есебінен 5 айлық көрсеткіш көлемінде төленеді.

Қарағанды облысының аумағында жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасы жұмыс істейді, орындау құжаттарын жеке сот орындаушыларының арасында өзара бөліп беру оның өкілеттігіне жатады.

Осыған байланысты, жеке және заңды тұлғалар өздерінің құзіретіне кіретін сот актілерін және басқа да орындау құжаттарын орындау мәселесі бойынша жеке сот орындаушыларына немесе жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасына жүгінулері қажет.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының аумағында 147 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады, олардың іс жүргізуінде  94 075 264 587 теңге сомасына келетін 166 709  орындау құжаты бар. Және бұл сан жылдан-жылға өсіп отыратын болады.

Әлемнің жетекші мемлекеттерінің тәжірибесі көрсеткендей, мәжбүрлеп орындаудың тиімділігі тек мөлшерленген жүктемеге қатысты болып қана қоймай, біріншіден, өндіріп алудың мерзімдерін айтарлықтай қысқартатын және өндіріп алу процедурасын жеңілдететін процестерді барынша автоматтандыруға байланысты болады, оған Министрлік ерекше көңіл бөледі.

Енді, бүгінгі таңда сот орындаушылары жедел түрде, нақты уақыт тәртіптемесінде 26 мемлекеттік органның 52 дерекқорынан ақпарат алып отырады.

Орындау құжаттарын электрондық үлгіде алу бойынша және сот орындаушылары қаулыларын санкциялау бойынша, сонымен қатар прокуратура және шекаралық қызмет органдарымен құжат алмасу бөлігінде Жоғарғы Соттың және ІІМ ақпараттық жүйесін кіріктіру жасалды.

Аталған шараларды жүзеге асыру құжаттарға сенімді есеп жүргізуді орнатуға және орындау құжаттарының өкінішке орай болып тұратын жоғалу жағдайын азайтуға мүмкіндік берді.

Пилоттық тәртіпте орындау құжаттарын автоматты түрде бөліп беру Астана қаласында енгізілді, бұдан былай осы аталған функционал бүкіл республика бойынша енгізілетін болады.

Қарызгерлердің мүлігіне тыйым салу мен тыйым салуды жою бойынша электронды форматта тетік жасап шығарылып, тестіленіп жатыр.

Ақпараттық жүйеде азаматтарға сот орындаушылары мен лауазымды тұлғаларға жүгінбей, сот шешімін орындау барысымен және нәтижелерімен танысу мүмкіндігі берілген.

Сыбайлас жемқорлықтың айқындылығын арттыру және қатерін азайту мақсатында тыйым салынған мүліктің іске асырылуы Бірыңғай электрондық сату алаңы арқылы жүргізіледі.

Екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен тыйымды автоматты түрде салу/болдырмау бөлігінде, қарызгерлердің есеп айырысу шоттары жөніндегі мәліметтерді талап ету, ақшаның бар-жоқтығы және оны электронды форматта алу бойынша жұмыс жүргізілді.

Азаматтарға қарызды әуежайларда және шекарадан өткізу пункттерінде төлем терминалдары арқылы жедел төлей алу, сонымен қатар, елден шығуға салынған тыйымды автоматты түрде алып тастау мүмкіндігін беру мақсатында Министрлік пен «Қазпошта» АҚ ақпараттық жүйелерін кіріктіру жүргізіліп жатыр.

Халықаралық ынтымақтастықтың шеңберінде 2016 жылдың сәуірінде Республикалық палата Сот орындаушыларының халықаралық одағының толық құқылы мүшесіне айналды, оның құрамына Франция, Бельгия, Нидерланды елдерінің және басқа да 106 мемлекеттің өкілі кіреді.

Одаққа кіру мемлекетіміздің инвестициялық тартымдылығы мен халықаралық мәртебесіне оң әсерін тигізеді және атқарушылық жүйені әрі қарай дамытуда халықаралық озық тәжірибені пайдалануға мүмкіндік береді.

Жеке сот орындаушылары институтының кеңінен дамуы халықтың өз құқықтарын іске асыруға қол жеткізу мүмкіндігін арттырады және сот орындаушылары қызметінің нәтижелілігін жаңа сапалы деңгейге көтереді.

Жалпы, жеке сот орындауының институты бүгінгі таңда қалыптасып, жетілген және жақсы нәтижелерді көрсетіп отыр.

 

А.ЖҮСІПОВ,

Қарағанды облысы

Әділет департаментінің басшысы,

«Заңгерлер одағы» МҚҚ

Қарағанды филиалының төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button