Мәселе

Инфрақұрылым – дамудың алғышарты

Шана, шаңғы тебу қыс қызығы десек, қыста балалар осыны аңсайды. Мұны «ойын» дегеннен гөрі, туризм деп қараған жөн. Ал, туризм бүгінде табыс көзіне айналуда. Әлемдегі көп мемлекет туризмнің арқасында жан бағып, экономикасын дамытып отыр. Қазақтың кең байтақ жері мен әсем табиғаты туризмнің кез келген түрін дамытуға қолайлы. Тек қолдау болса, болғаны. Жылдың төрт мезгілінде де жасанып, көздің жауын алатын Қарқаралы жерінде қысқы туризмді дамытуға баса назар аударылып келеді. Дегенмен, инфрақұрылым әлі сақадай сай емес…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық туризм саласының кенжелеп, қанша қаражат салса да, толыққанды дамымай келе жатқандығын айтып, аталмыш саланы дамытуға баса назар аударуды Үкіметке тапсырған болатын. Жалпы, туризмді өркендету үшін инфрақұрылымын дұрыс жолға қою керек. Кез келген мемлекеттің ішкі тыныс-тіршілігінен хабардар ететін туризм сол елдің айнасы іспеттес. Миллиондап қаржы таппаса да, Қарқаралы шана-шаңғы базасы халық сұранысына сай қызмет түрлерін көрсетіп, қала тұрғындары мен демалушыларды риза қылуға күш салуда.

Айнала ақ мамыққа оранысымен қаланың шеткері тау бөктерлері құжынаған адамға толады. Шана-шаңғысын қолына алып тауға қарай бет алған адамдар легі үзілген емес. Әсіресе, демалыс күндері кісі қарасы қалың. Қос қапталын қарағай көмкерген қырат төбесінен сырғыған үлкен-кіші. Арнайы екі жолақты етіп жасалған сырғанақ алаңы өзінше бір әлем. Шана табанынан бетке бүріккен ұлпа қарды да елеп жатқан ешкім жоқ. Тау басынан зуылдаған адамдар үшін сырғанақ алаңы таптырмас адреналин.

– Шаңғы базасын дамытуды 2018 жылдан бастадым. Жеріміз қысқы туризмге өте қолайлы. Ынта білдірушілер қатары көп. Тұтынушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Алдағы уақытта шаңғы жолына жарық өткізу және жазда шаңғышылар қона жатып дайындалатындай шаңғы алаңына 40-45 орындық жатақхана салу. Әуесқой велоспортшыларға да жағдай жасау ойымызда бар. Жылдың төрт мезгілінде туризмді дамытуды мақсат еттік. Жазда киіз үйлер тігіп, демалушыларға қолайлы жағдай туғызуды көздеп отырмыз. Туризм – аудан қазынасына мол қаражат құятын берекелі сала. Ол үшін алдымен инфрақұрылымды дамытып, қаржы құюды ұмытпаған жөн, – дейді Қарқаралы қала сындағы қысқы туризм қолдаушы, шаңғы базасының басшысы Думан Бейсенаев.

Думан Бүркітұлы – шаңғыдан әуесқойлар арасында халықаралық жарыстарға қатысып, талай мәрте жүлделі орынды иеленген спортшы. Шымкентте дуатлоннан өткен ҚР біріншілігінің күміс жүлдегері, Алматыда өткен халықаралық Ұлы Дала марафоны – «Tengri Ultra Trail» жарысының алтын жүлдегері, Алматыда өткен 50 шақырым шаңғы марафонының қола жүлдегері. Сондай-ақ, Финляндияның Лахти қаласында, 50 шақырымдық марафонға әлемнің түпкір-түпкірінен келген, 4000-ға жуық шаңғышымен тартысты додада, мәре сызығын 117 болып кесіп өтіп, еліміздің намысын қорғаған жалғыз спортшы. Эстонияның Тарту қаласында 63 шақырым классикалық стильде, Отепя қаласынан 8000 шаңғышы Тарту қаласына дейін мәреге бет алған, бұл тартысты додада өкінішке орай бір топ шаңғышылардың қақтығысуының салдарынан шаңғысының тұтқасы (крепление) сынып, оны жөндеумен 1 сағаттай уақытын жоғалтқан жерлесіміз мәреге 1840-шы болып келген. Бұл жарыста Қазақстаннан бір өзі ғана қатысқан. 2021 жылы Өзбекстан мемлекетінде өткен халықаралық «Zaamin Ultra Trail» дүбірлі додасында, 30-39 жас аралығында I орынды иеленіп, шет елдегі алғашқы жүлдеге қол жеткізді.

Жанына жақын кәсіпті табыс көзіне айналдыра отырып, қысқы туризмнің дамуын мақсат еткен Думан қаңтар айында шаңғыдан ашық марафон өткізуді жоспарлап отыр. Оған еліміздің шаңғышылары қатыспақ.

Қашанда мақсаты айқын, жоспары жүйелі, жігерлі Думан өзінің бар іскерлігі мен тәжірибесін жария етіп, өзінің туған жерінің тұмса табиғатының мүмкіндігін пайдалануда бар күш-жігерін жұмсамақ. Енді, оған инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан қол ұшын беру қажеттігін айтқымыз келеді. Себебі, «Жалғыздың шаңы шықпас» демекші, бұл сала қамқорлықты, қолдауды қажет етеді. Басқа елдер туризмді табыс көзіне айналдырып жатқанда, бізге де табиғаты қолайлы киелі Қарқаралы өңірін қысқы туризмнің Арқадағы ірі орталығына айналдыруға әбден болады. Ол үшін Думан Бүркітұлы сынды қолынан іс келетін азаматтарға қолдау көрсетіп, демеудің өзі көп көмек болары анық…

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button