Жаңалықтар

Инфрақұрылым қарқын алады

    Елбасымыз 1997 жылғы алғашқы Жолдауынан кейін Қазақстан халқына 21 Жолдау орнаған екен. Атап айту керек, биылғы Жолдаудың екі бірдей ерекшелігі бар. Біріншіден, Жолдаудың Қазақстан тарихында тұңғыш рет жазбаша түрде халыққа жолдануы. Бұл – Заң  талаптарына сай орын алып отырған құбылыс.

Екіншіден, бүкіл дүниежүзілік экономиканың сәл де болса тоқыраған, әлемде саяси-әлеуметтік қырғи-қабақ қатынастар орын алып, дағдарыстық кезеңді бастан кешіп жатқан дәуірге сәйкес келіп жатса да, болашаққа деген сенім, оптимистік көзқарастар басым. Бұл құбылыстарды бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдем ақының және зейнетақы көлемінің ұлғаюынан және басқа да  жеңілдіктерден байқауға болады. Жалпы, Елбасының бұл жолғы Жолдауы бұған дейінгі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» және дамыған озық 30 елдің қатарына қосылу (10-қадам) Стратегиялық жоспарларымен идеялық мазмұндас екендігін айта кету керек. Жолдауда  Қазақстанның үшінші жаңғыруының бес басымдығына айрықша тоқталып негізгі бағыттарын атап өткен. Бұл ғылыми сала бойынша экономиканың заман талабына сай технологиялық тұрғыдан жаңғыртылып жедел қарқын алуы, жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, еліміздің экономикалық тұрақтылығын белгіленген деңгейде сақтау үшін ұлттық байлығымыз жер асты кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын тиісті деңгейде сақтап қалуы, осыған дейін өндірістің консервативті саласы болып келген аграрлық секторды экономиканың жаңа драйвері ретінде қарастыру, жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту сияқты мәселелерді шешу жолдарын ортаға салып отыр. Осыған  байланысты шикізаттық бағыттағы салаларды жаңа өнімдер дайындап шығару бағытына бұру, экономиканы құрылымдық түрде қайта құру, экспорттық саясаттың өзгеруі мен экспорттық саясат жөніндегі Кеңестің құрылуы туралы да нақты тұжырымдар жасалынған. Жобада  «Ұлы Жібек жолы» экономикалық аймағын игеру жайы да қарастырылған.

Қазақстан территориясының геосаяси тұрғыдан өте ыңғайлы орналасқанын еске алсақ, бұл жобаның өміршеңдігі көрініп-ақ тұр. Осы жоба аясында Қытай арқылы Тынық мұхиты аймағына, Түркия арқылы Жерорта теңізіне, Ресей арқылы Еуропаға, Өзбекстан мен Түркіменстан арқылы Иранға, Каспий теңізі арқылы Парсы шығанағына шығу мүмкіндіктерінің мол екендігін байқауға болады. Жобаның әлеуметтік саладағы басым бағыттарының бірі – жаңа мектептер салу, ауыл мен қала мектептерін мейлінше жақындастырып, теңестіру; көпшілік арасында үлкен резонанстар туғызған үштілділік саясатын ұстанумен қатар мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің де мәртебесін көтеру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ауыл шаруашылығы саласын алға шығарып, ұсақ үй кәсіпшілігі деңгейіндегі фермерлік шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру, жастарға кәсіптік-техникалық білім беруді қолға алу секілді өміршең бағыттар қарастырылған. Дәл осы бағыттардың қазіргі кезеңде өте актуальды болып отырғандығы көпшілікке мәлім. Кеңес өкіметі кезеңіндегі шаруашылық жүйелері зор өзгерістерге ұшырағаннан кейін бір орталыққа бағынып, жоғарыдан түскен нұсқауларға бой алдырып үйреніп қалған бұқара көпшілік жаңа аграрлық экономикалық өзгерістерге дайын болмай шықты. Оған жанар-жағармай бағаларының жыл сайынғы  құбылуы, егіндік тұқым түрлерінің талапты деңгейге сай дайындалмауы салдарынан егіннен алынған түсімнің төмен болуы, еккен егіннен алған өнім мен жанармай бағаларының сәйкес келмей шаруалар еңбегінің нәтижелі болмауы, дайын өнімдерді сақтау және өткізуде ірі шаруа қожалықтары мен монополистерге тәуелді болуы, тіпті, кәсіптік-техникалық білім беру орындарының жаппай жабылуы салдарынан ауыл шаруашылығы саласында механизатор-комбайнерлердің тапшы болуы секілді объективті де субъективті себептердің қолбайлау болғандығы да жасырын емес. Бұған Кеңес кезінде жиырма, жиырма бес мың гектар көлемінде егін салып жүрген колхоз-совхоздар орнына келген шаруа қожалықтарындағы егіндік жер көлемінің қысқарып, еңбек өнімділігінің күрт төмен түсіп кеткендігі де дәлел бола алады.

Біз қаншалықты экономикалық тұрғыдан индустриялық-өндірістік ел болсақ та, негізінен аграрлық басымдыққа ие мемлекет екендігімізді ұмытпауымыз керек. Және мемлекеттің негізін құрап отырған көшбасшы ұлттың да негізі ауылда. Демек, ауылдың әл-ауқатының көтерілуі дегеніміз егемен еліміздің демографиялық тұрғыдан өрлеуімен қатар әлеуметтік-экономикалық және саяси белестерінің биіктей беруі деп түсінуіміз керек. Қазіргі таңдағы жаһандық деңгейде қауіп тудырып отырған ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық және діни экстремизм мәселелері де Елбасы назарынан тыс қалмаған. Көлеңкелі бизнестің алдын алу шарасы ретінде қолданысқа еңгізілгелі отырған эквайрингтік жүйе де кәсіпкерлік саланы өркениеттік деңгейде таза ұстауға әсер етер деген сенім мол. Бұл жүйенің тиімділігі салық жинау тазалығын толық қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлық пен жалған кәсіпкерлікке тұсау салатын таптырмас құрал. Осы талаптар тұрғысынан қарағанда бұл жолғы Жолдаудың нақты іскерлік-практикалық талаптарға сай келіп, көпшіліктің көңілінен шығары сөзсіз.

                                          Дәурен ЕСКЕКБАЕВ,

тарих ғылымдарының

кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button