Басты тақырыпҚарағанды

ИНДУСТРИЯЛДЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЙ ДАМЫДЫ?

Орталық Қазақстан өнеркәсіптік даму деңгейі тұрғысында республика аймақтары арасында бірінші орын алады. Онда қуатты екі өнеркәсіптік торап құрылған. Бірі – Қарағанды-Теміртау көмір-металлургиялық кешені, оған Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск, Ақтау, Жезқазған қалаларындағы электр энергетикасы, машина жасау, металл өңдеу, химия, жеңіл, азық-түлік өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары кіреді. Екіншісі – Балқаш түсті металлургия өнеркәсіптік кешені, ол негізінен мыс кендерін өндіру және өңдеуге, тазартылмаған және тазартылған мысты, түсті прокатты, сондай-ақ, марганец, қорғасын, мырыш және басқа полиметалл концентраттарын шығаруға маманданған.

Бүгінде аймақта 300-ден астам бірлескен және шетелдік кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері мыналар: «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, ол көп қырлы, өндірісі аяқталған циклды кен-металлургия кәсіпорны, әрі бірқатар зауыттар, кеніштер және энергетикалық нысаңдарды біріктіреді; «Арселор Миттал» АҚ, ол толық металлургиялық циклді кәсіпорындардың, Қарағанды бассейні көмір шахталарының ЖЭО, қосалқы және басқа да қызмет көрсететін өндірістік инфрақұрылымының басын қосқан.

Марганецтің ірі өндірушісі «Жәйрем КБК» АҚ болып табылады. Машина жасау және металл өңдеудегі жетекші кәсіпорындар Пархоменко атындағы машина жасау зауыты, «Қарағандыкенмаш» НТЭК» ЖАҚ, «Қарағанды құю-машина жасау зауыты» ААҚ, «Техол» ЖАҚ, «Қазкарметавтоматика» ААҚ және басқа кәсіпорындар есептеледі. Резеңке және пластмасса бұйымдар шығаратын негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындар қатарына «Қарағанды резеңке техника» ЖШС, «Саранрезеңкетехника» ААҚ, «Восход» ЖШС жатады.

Химиялық өнеркәсіпте «Теміртау химия-металлургиялық зауыт», «Монета Дитерджентс жуғыш заттар зауыты» ЖШС жұмыс істейді. Құрылыс материалдарды өндірумен «Сеntral Аzia Cement» ААҚ және «Қарағанды асбоцементтік бұйымдары» ЖШС айналысады.

Машина жасау салалары көмекші салалардың ролін атқарады. «Қаргормаш» зауыты – металлургия кәсіпорындарына арналған тау-кен шахта құрал жабдықтарын шығарады. Сондықтан да, ауыр өнеркәсіп Орталық Қазақстанда жетекші орынға ие. Ауыр өнеркәсіп салаларының кешенін толықтырушы кәсіпорындарға жеңіл және тамақ өнеркәсібі жатады. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары тігін, тоқыма, аяқ киім бұйымдарын шығарады. Өңдеуші салалардың жалпы өндірістік өнім шығарудағы үлес салмағы – 86 % .

Көлік түрлеріне келетін болсақ, негізгі рөлді темір жол атқарады. Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған Астана – Қарағанды – Мойынты – Шу теміржолы тек орталықтың емес, солтүстік ауданында отын өнеркәсібін және басқа салаларын дамытты. Осы темір жол магистралынан бөлініп кен орындарына тартылған (Жезқазған, Қаражал, Теміртау, Балқаш, Саяқ) жолдар түсті және қара металлургияның дамуына түрткі болды.

Ауыл шаруашылығының салаларын дамытуға ауданның солтүстік бөлігі қолайлы. Негізінен астық тұқымдастардан жаздық бидай, арпа, тары, техникалық дақылдардан күнбағыс және бау-бақша мен картоп егіледі. Қала маңдарында суармалы жағдайда бау-бақша егіледі. Сонымен бірге, ірі қара, қой, жылқы, шошқа өсіріледі (аудандар арасында жылқы саны бойынша 3-ші орында).

Әзірлеген: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button