Шет

Індетті жеңудің жолы

Шет ауданында короновирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары басталды. Екпе салу шаралары аудандық орталық ауруханада және Ақадыр кентінің ауруханасында жүргізілуде.

Аталған ауруханаларда жеке орын дайындалып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған. Вакцина алған адамның дәрігер бақылауында болатын арнайы бөлмелері бар. Вакциналау орындары стандартқа сәйкес. Мұнда арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер мен медбикелер еңбек етуде.

Аудандық орталық аурухана басшысы Алпыс Аманжоловтың айтуынша, қазіргі күні екпе алушылардың қатарында алғашқы болып медицина мамандары тұр. Дегенмен, аудан әкімдігінің қызметкерлері де, қарапайым адамдар да ерікті түрде екпе салдыруда. Екпе салу орындары апта бойы таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

– Ұжымдық иммунитет қалыптастырмай, аурудың таралуын тоқтату мүмкін емес. Мен ерікті түрде елімізді жайлаған індетке қарсы екпе салдырдым. Бұл өзіме ғана емес, айналама және менің өміріме жақын жандарға деген жанашырлығым деп білемін. Сондықтан да, барша азаматтарды екпе салдыруға шақырамын, – деді ауданның халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Аманбол Амангельдин.

Думан ҚАБЫЛ,

Шет ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button