Жаңалықтар

«Індетті жеңудің жалғыз жолы»

Вакцина – тәжтажалға тежеу болып тұр. Кез келген лицензияланған вакцина сынақтың бірнеше сатысынан өткен соң ғана пайдалануға жарамды деп танылады. Демек, үрке қарауға негіз жоқ. Оның үстіне, екпе салдырған медицина мамандарынан кері әсер байқалмады. Осы жолы екпенің адам денсаулығына пайдасы жайлы алғашқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығының инфекционист-дәрігері Александра КАРПЕКИНА сөз қозғайды.

Александра ханым, әңгімеміздің әлқисасын вакциналаудың маңызынан бастасаңыз…

– Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әлем ауыр індеттерден вакциналаудың арқасында ғана арылған. Бір сөзбен айтқанда шешектен де, полиомиелиттен де вакцина құтқарған. Ал, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясына қарсы түрлі әңгімелер де тарап жатыр. Бүкіл халық ол жайлы шынайы ақпаратты білгісі келсе, халықаралық және отандық сарапшыларға құлақ асуы керек. Желдей ескен қауесет сөзге назар аудармау қажет. Билік басындағылар да, медицина қызметкерлері де екпе салдырды. Қуанышқа орай, кері әсер жоқ. Сондықтан, маңызы зор.

Вакцина аллергиялық реакция тудыруы мүмкін бе?

– Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Уақытылы ден қою үшін адам вакцина алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

Ресейде вакцина алған адамдарға күнделікті телефон арқылы хабарласып, зерттеп-қадағалау жүргізіледі екен. Бізде де осындай әдіс қолданылатын шығар?

– 3 күн бойы тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері бар жадынама беріледі.

Вакциналаудан кейін бетпердесіз жүре аламыз ба?

– Вакцина жасалғаннан кейін адамда қорғану қабілеті бірден пайда болады деп айта алмаймыз. Ағзаның ерекшелігіне қарай антиденелер әрқалай қалыптасады. Кейбіреулерде антидене екі күннен кейін, ал, кей жағдайда одан көп мерзімде пайда болады. Бірақ, екі рет салынған вакцинадан кейін де мұқият болған жөн. Ауруды алдын алу шараларына басымдық беру керек. Залалсыздандыру құралдарын қолданып, әлеуметтік қашықтықты сақтау маңызды болып қала береді. Бұл вакцина тиімді емес дегенді білдірмейді. Біз өзімізді барынша қорғауымыз керек. Сонда ғана айналамызда ауру адамдар азайып, вирусты жеңеміз.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button