Брифинг

ІНДЕТ: сақтық, вакцина һәм ахуал

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі эпидемиологиялық ахуал, вакциналау барысы туралы айтылды.

Эпидахуал

Брифингке қатысқан Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, соңғы 3 апта ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталуы байқалады.

– Бір апта ішінде орта есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркеледі. Кейінгі аптада 28 588 жағдай анықталды. 1 тамыздан бастап коронавирус инфекциясының таралу индексі 14%-ға төмендеді. Түркістан облысын қоспағанда, барлық өңірлер қызыл аймақта.

КВИ стационарлардағы орынның 52%- ы, реанимацияның – 48%-ы толық, – деді министр. Реанимацияға түскендердің көп болуы дельта штамының әсерінен және олардың өзін-өзі емдеп, уақыт өткізіп алғандығынан екенін атап өтті ведомство басшысы.

Вакциналау

Брифингте белгілі болғандай, вакциналау үшін 95,3 млрд. теңге жұмсалған. Бұл қаражат 10 890 мың адамға вакцина салуға арналған.

– Жалпы, бізде бірнеше вакцина түріне келісім жасалған. «Спутник V»-ден 14,28 млн. доза алынды. Нayat-Vax – 1 млн. доза көлемінде, QazVac – 2,97 млн. доза, Sinovac – 500 мың доза. Сондай-ақ, Sinofarm компаниясының 4 млн. доза вакцинасы келуі керек. Бүгінде келген 1 млн. дозаның 654 400-і өңірлерге жіберілді. Осы аптада ол вакцинаны салу басталды. Қазірдің өзінде 38 161 доза салынды, – деді А.Цой.

Pfizer

Алдында айтылған мәлімет бойынша Pfizer вакцинасы осы күзде келуі тиіс. Және ол бірінші кезекте 12 жастан асқан жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге салынады. Дегенмен, өндірушінің нұсқаулығымен аталған вакцинаны салуға болатын адамдар санаты өсуі мүмкін.

– Оны халықтың қандай тобына арналатындығы туралы сұраныстарды өндірушілерге жібердік. Бізге келгенше тағы зерттеулер жүргізіліп, оның қолдану аясы кеңуі мүмкін, – деді А.Цой. Ал, министрдің орынбасары Pfizer вакцинасын сақтау үшін 34 арнайы тоңазытқыш сатып алынғанын жеткізді.

Оқу қауіпсіздігі

Брифингте оқу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де айтылды. Денсаулық сақтау министрлігі осы айдың 25-не дейін елдегі барлық білім беру ұйымдарын санитарлық талаптарға сай келуін тексеретін болады. Қазіргі таңда 354 мектептің аталған талаптарға сай келмейтіні анықталған.

– Мектепті немесе сыныпты карантинге жіберу тәртібі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы бойынша бекітіледі, – деді министрліктің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасы Айжан Есмағамбетова. – Ол ел бойынша ортақ болады. Кабинеттік жүйені алып тастағаннан кейін бір сыныпта отыратындар жақын байланыста болады. Яғни, сыныпта бір бала ауырса, сынып толығымен 14 күндік карантинге кетеді. Ал, вице-министр Ажар Ғинаят ондай жағдайда сынып оқушылары түгелдей ПТР тапсыруы керектігін атап өтті.

Көз жұмғандар

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандардың 115-і вакцина салдырған. Бұл – жалпы көрсеткіштің 2,3 пайызы.

– Биылғы жылдың ақпаны мен шілдесі аралығында елде коронавирустан барлығы 4 969 адам қайтыс болды, – деді Алексей Цой. – Оның 115-і вакцина салдырған. Басым бөлігі, яғни, 97,7% пайызы вакцина салдырмаған тұрғындар. Вакцина салдырып, кейін қайтыс болған адамдардың созылмалы аурулары болды. Жағдайы нашарлап, қайтыс болуына осы созылмалы аурулары себеп болды.

Ведомство басшысының айтуынша, вакцина салдырғаннан кейін ауырғандар саны – 12 528. Бұл барлық вакцина алғандардың 0,2%-ы. 19 тамыздағы мәлімет бойынша вакцинаның бірінші компонентін 6 229 329 адам, екіншісін – 4 867 622 адам алған.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button