Игі істің жаршылары

«Saryarqa aqparat» медиахолдингі басшылығы мен холдингке қарасты «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы 90 жылдық мерейтойларына орай Қарағанды қаласының көп балалы отбасыларына қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Аталмыш көмек жаңа оқу жылында жас жеткіншектерге оқуға деген талпыныс берері сөзсіз. Іс-шара «Мектепке жол» акциясы аясында «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында өтті.

– «Ortalyq Qazaqstan» газетін 90 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын. БАҚ ұжымына алғысым шексіз. Жақсы жаңалықтарымен қоса бізді осындай сыйлықтарымен қуантып жатқаны көңілге жылу, дәтке қуат береді. Карантинге қамалған тұста бұл жәрдем біз үшін аса маңызды болды. Көңіл-күйім өте тамаша. 6 баланың анасымын, өзімді шаңыра шаттығына бөленген аналар қатарынанмын деп есептеймін, – деп жүрекжарды пікірін білдірді 50 жастағы Қамар Кемелбаева.

Иә, «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» демекші, сый алса, бала алсын. «90 жылдықтың тойынан тобықтай сый арнайық», деген облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабек өз кезегінде Дамир атты оқушыға сөмке толы оқу құралдарын сыйға тартты. Қарағанды шаһарын қайырымдылықтың ордасы десек қателеспейміз. Мінеки, 10 бірдей оқушының сөмкесі мен оқуға керекті құрал-жабдығы сақадай сай.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.