АймақҚарқаралы

Иесіз иттерге панажай ашылды

Қарқаралы ауданында қаңғыбас иттерді уақытша ұстауға арналған панажай (питомник) ашылды. Иесіз иттерге қамқор мекен аудан орталығынан екі шақырым жерде орналасқан. Қарқаралыны тамаша табиғат әлемі қоршап жатқанын ескерсеңіз, елді мекеннен аулақ болса да жаман жер емес екенін ішіңіз сезер.

Сурет: Қарқаралы ветстанциясынан алынды

Панажай бір мезгілде жиырма итті ұстай алады. Ұстайды деп ит болғасын айтып отырмыз, әйтпесе кәдімгідей күтеді. Арнайы жабдықталған 500 шаршы метрлік аумақта қаңғыбас хайуандарды қауіпсіздікте үстап, чиптеу үшін керекті жағдай жасалған. Әрине, қауіпсіздік дегенде адамдардың қауіпсіздігін айтып отырмыз. Әйтпесе, ит адамды қаппаса, адам итті қаппайды ғой. Осы күнге дейін қанша баланы талап, неше адамға шапса да, итке от та жоқ, сот та жоқ; ал адамдар үшін 2023 жылдың наурыз айында шыққан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң бар. Ол аз десеңіз, былтырғы 1 қыркүйектен бастап, барлық үй жануарларын есепке алып, чиптеу міндеттелген. Соған сәйкес, елдегі барлық ит-мысықтар тіркеліп, олардың бәрінде жеке сәйкестендіру нөмірі болуға тиіс.  Үйіндегі ит-мысықты тіркемеген немесе тіркеу нормасын бұзған адамға біздің елде заң бойынша  айыппұл салынады. Оның мөлшері: жеке тұлғалар үшін – 10 АЕК (36 920 теңге), бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК (73 840 теңге).

Осы заңдарға мұрындық болған жаны нәзік, тіпті аң терісінен тон да кимейтін экология және табиғи ресурстар министрі З. Сүлейменова қызметінен кетіп қалды да, 5 қыркүйекте оның орнына басқа министр келді. Министр ауысқанымен, бұйрық-ережелер өзгерген жоқ. Қаңғыбас ит-мысықты оқшаулап, зарарсыздандыру шараларына былтыр ел бюджетінен екі миллиардтай қаражат бөлінгенін білеміз.

Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың ит-мысықтарын тіркеу үшін бюджеттен қаржы бөлу көзделген. Иесіз, яғни қаңғыбас-ит мысықтарды аулау, шара қолдану жергілікті атқарушы органдардың мойнында. Елдегі ит-мысықтардың есебі Tanbа.kz ақпараттық сервисінде жүргізіледі. Біздің облыста былтыр бес мыңдай ит, екі мыңдай мысық тіркеуге алынған. Жүздеген қаңғыбас ит ауланып, бірдейлендіріліп, вакциналау, зарарсыздандыру шаралары жүргізілгеннен кейін, бұрын қаңғып жүрген жеріне қайта апарып тасталыпты. Азбанға айналғаны болмаса, итекеңдер санаторийге барып қайтқандай болыпты. Сөй дегенмен, басқа амал қайсы: өлтіруге заң қарсы, басқа апаратын жер тағы жоқ. Осы шаралардың өзіне өткен жылы облыс бюджетінен 146,7 млн теңге жұмсалған.

Қарқаралыдағы панажай да әлбетте аудандық бюджет есебінен салынып, ветеринарлық станцияның қарамағына берілді.

– Әкелінген ит бұл жерде он бес күн ұсталып, зарарсыздандыру, чиптеу шаралары жасалады. Чиптеуді ветстанция қызметкерлері жасайды, – дейді Қарқаралы ауданының ветеринариялық станциясының басшысы Аян Міржақыпов. – Панажайда қоршаулар, ит күркелері, тамағын сақтайтын бөлме және күзет бөлмесі бар. Су және басқа да коммуникация желілері тартылған. 

Экс-министр З. Сүлейменова: «Біз заңнамадағы олқылықтарды жетілдіру үшін жануарларды қорғау ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Жергілікті атқарушы органдар жұмысты ұйымдастыру мен жүзеге асыруға жауапты. Ал жануарларды қорғау ұйымдары қаңғыбас иттер мәселесін көтеріп, қаражат пен инфрақұрылым проблемаларын шешуді сұрап отыр. Олар арнайы орталықтар мен уақытша ұстау пункттерін салуға жеткілікті ақша бөлінбегенін айтуда», – деп Үкімет кулуарынан дабыл қағып еді. Ал, мінеки, салынды тағы бір панажай. Ауданның атқамінерлері қолдан келгенін жасап отыр. Осы амалдан өзі қаңғыбас, өзі қабаған иттердің мәселесі шешіле ме? Бар мәселе қолданыстағы гуманистік заңға тіреледі. Итімен бірге жатып, бірге тамақ ішетін Батыстың тәртібі біздің ділімізге келмейтінін жоғары билікке ұқтыра алмай пұшайман болдық қой. Үкіметтің ауысуына байланысты қазір барлық министрлер министрлік міндетті уақытша орындаушы болып отыр. Ерлан Нысанбаев та – экология және қоршаған орта министрінің міндетін атқарушы. Бірер күнде экология және қоршаған орта министрі лауазымына бекитін тұлға осы мәселені бір жағына шығаратын шығар. Әзірге әдеттегідей үмітпен ғана отырмыз.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button