Жаңалықтар

Ғибратты ғұмыр

Қайран әке! Көкірек-көңіліндегі бар берерін сарқып кетті дей алмаймыз, айта алмай қалғаны, бере алмай кеткені көп. Өкіндіретіні де – осы. Небары алпыс жасында, ақсақалдықтың ауылына ат басын бұрған, атаның емес, адамның баласы болған әкеміз фәниден бақиға өтіп жүре берген-ді…
Әкеміз Базыл Аманжолұлының есімі Қарағанды, Ақтоғай жұртына етене мәлім. 1948 жылы 8 қаңтарда Ақтоғай ауданы «Бірлестік» бөлімшесінде дүниеге келді. Осы жерде өсіп-өнді, ұрпақ өсірді. Енді, мәңгілік тыныстады. Еңбек жолын аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері, кинокеңесі, аудандық кеңес атқару комитетінің дене шынықтыру және спорт комитеттерінде төраға міндеттерін атқарудан бастады. 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне түсіп, 1982 жылы заңгер мамандығын алып шықты. 1978 жылдан бастап аудандық ішкі істер бөлімінде сотты болғандарды еңбекпен түзеу инспекциясының инспекторы, күзет бөлімінің бастығы, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы секілді лауызымды қызметтер атқарды. Шені – подполковник. Сол жерден зейнеткерлікке шығып, аудандық прокуратурада прокурор көмекшісі болып қызмет атқарды. Ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған кезде еңбегі бағаланып, ішкі істер органдарының бірнеше грамота, медальдарымен марапатталды.
Қызмет атқарып жүрген кезінде білімін жетілдіру мақсатында Ресейдің Бурят автономиялық республикасында Ұлан-Удэ, Магадан, Новосібір, Санкт-Петербург, Воронеж, Мәскеу қалаларында болып қайтты.
Осылайша, абыройлы әкеміз өз ғұмырының көп уақытын мемлекеттік қызметте еңбек етуге арнады. Өзінің қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын. Қызметіне адал, әділетті жақтаушы азамат болды. Алтын көріп азбайтын, күміс көріп қызбайтын адам үлгісі сондай-ақ, болар. Әр мәселені саралағанда, жүрекпен қабылдап, барынша әділ шешуге ұмтылатын. Міне, сол айналасына шуақ шашатын аппақ, алып жүрек те сөнген-ді бір күні.
Әкеміз қоғамдық істердің нақ ортасында жүретін.
Өзінің ақ жарқын елгезектігімен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете жүріп зор абырой беделге ие болды. Бойындағы туа бітті еңбексүйгіш қасиетінің арқасында кәсіби шеберлігі шыңдалып, өмірлік тәжірибесін соңынан ерген жас әріптестерімен шынайы бөлісе білді. Зейнеткер жасында да ауданның мәдени өміріне белсене араласты. Аудандық «Ардагерлер» ансамблінің іргетасын бірге қаласып, спектакльдерде ойнады. Өмірінің соңына дейін ансамбльдің мүшесі болды. Спортта да көпке үлгі бола білді. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі бола жүріп шахматтан бірнеше мәрте турнирлер өткізуге ұйытқы болды.
Әкетай мінезді еді. Болған жағдайды саралап, талдап-таразылап барып бір шешімге келетін. Бұл – әке табандылығын айғақтайтын жарқын қасиеті. Қызметін абыройлы атқарды. Ашу үстіндегі сабыр алтыннан да қымбат дегенді жанымен ұғына білді. Қиындыққа төзе білетін қажырлы еді. Ақылы, қайрат-қажырына сенетін. Әкеміздің бойында осындай абзал қасиеттері бес қарудай түгел еді. Осының арқасында құлқынның құлы емес, жұртының ұлы бола білді.
Әкеміз іні-қарындас, жалпы ағайын-туғанға қамқор бола білген жан. Қолынан келгенше үлкенге де, кішіге де көмек көрсету, жәрдем жасау – әкеміздің өмірлік қағидасы-тын. Кең пейілімен, шын ниетімен көмектесер еді. Аға, іні-қарындастарының балаларына жасаған көмегі бір төбе. Қиынның қиығына ілінген кезіңді берген ақылы, сілтеген жолы – сара жол еді. Өзімнің балам, басқаның баласы деп бөле жармайтын.
Асылы, «Әке – асқар тау» дейтін сөз рас екен. Жаны жақсы адамдар байлық жинамайды, өздері байлыққа айналады. Біздің байлығымыз – әкеміздің ғибратқа толы ғұмыры. Көзден кетсе де, көңілден таса болмақ емес.

Талғат АЙМАҒАНБЕТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button