Ғибратты ғұмыр жемісі
Деректі хикаят кейіпкері – Денсаулық сақтау ісінің үздігі Дариға Құнанбаева байтақ Сарыарқа төсіндегі Қарқаралы ауданының ежелгі қонысы Сарыобалыда, 1939 жылғы 1 желтоқсанда Қаракесек Оразғұлдың әрі батыр, әрі би Сеңкібайынан тарайтын Ақкісі Жаманқұлдың баласы Құнанбайдан туған қыз.
Хикаятымызды Құнанбай-әкеден (1909-1988) бастар болсақ, қилы замандары ер-азаматтығы үшін ел-жұртына қадірлі болып өткен Құнекең 20-жылдары Ресей құрамындағы Қазақ автономиясында көптеп құрылған ұжымдық шаруашылықтардың бірі – Совет колхозына бір сиыры мен күш-көлігін ортаға қосып мүше болған-ды.
Кеңестік саясаттың «шаш ал десе, бас алатын» бір белсендісі қандай жұмысты да сауатты-саналы тындырып, бригадирлігін де, ауыл/кеңес хатшылығын да, басқарма төрағасының орынбасары қызметін де адал атқарып жүрген Құнанбай Жаманқұловты күндердің бір күні кеңсеге шақыртады. Кеңседегі партком хатшысы сонда: «Құнеке, сіз енді партия қатарына өтуіңіз керек!» дейді оған ат мінгізіп, шапан жапқандай міндетсіп. Қолына алған ісін қалай ақ-адал атқарса, айтар ойын да міңгірлемей-жалтақтамай жеткізетін Құнекең сол жерде сәбидей кіршіксіз көңілімен: «Хатшы жолдас, сіздің партияңыздың қатарына өте алмаймын ғой, мен Құдайға сенемін, намаз оқимын» деп ағынан жарылған ғой!..
Хатшыны діңкелеткен Құнекеңнің діншілдігі оның білімқұмарлығына титтей де кедергі болмайды: бес уақыт намазын қаза қылмастан атқарып, міндетті шаруасын да тиянақты орындап, көзінің ағы мен қарасындай ұлы мен қызы – Қайырбегі мен Дариғасының көмегімен бұрыннан білетін «араб әліпбиінің» үстіне «кирилл әліпбиін» де алғыр санасымен шапшаң үйреніп алып, малдан қолы қалт еткен уақытын кітап оқуға арнап, бейнетпен өткен өмірін құдіреті күшті Жаратқанның аяулы жар беріп, бала сүйгізіп, ілім-біліммен нұрландырғанына күніге мың тәубе келтіреді.
Міне, осындай өмірсүйгіш Атадан туған ұрпақтың білімқұмар, ақжүрек, төзімді, дарынды болмауы мүмкін бе!?
Кеңестік-сталиндік дәуірдің 1949 жылы еліміздің басшыларын көндіру арқылы шалғайдағы қазақ аудандары жұртшылығының бейқамдығын пайдаланып, астыртын жүзеге асырған бір саясаты – Сарыарқаның Дегелең-Семей пұшпағындағы топырағы торқадай, шалғыны тірсек соғатын жазығынан термоядролық қарудың күшін сынайтын полигон ашқандығы еді. Жер үстінде ашық өткен алғашқы дүмпуден-ақ сырқат алғандардың бірі Құнекеңнің бәйбішесі – Нұржамал жазылмас дертке шалдыққанын естіп-білісімен, өзі «Дәкежан» атайтын 10 жастағы Дариғасын Қарағандыдағы ерлі-зайыпты Омархан мен Орынтай қайынсіңлісіне ақыреттік аманатпен тапсырады.
Сөйтіп, Орынтай анасындай, Омархан әкесіндей болған өспірім қыз мектепті 1958 жылы күміс медальмен тәмамдап, сол жылы Қарағанды медициналық институтының емдеу факультетіне түсіп, оны 1964 жылы бітіреді. Сол жылдары Қоңырат руының тумасы, Қарағанды политехникалық институтының «Азаматтық құрылыс» факультетінің студенті Орынғазы Мақсуринге тұрмысқа шығып, Нұрлан және Ғайни есімді егіздерін өмірге әкеледі.
Алпысыншы жылдары дәрігер кадрына, инженер-құрылысшы кадрына зәру Қарқаралы ауданының басшылығы облыстан жолдамамен келген жұбайларды келешекте аймақтың көшелі-көрнекті пұшпағына айналдыру көзделген, топырағына қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың кіндік қаны тамған округ орталығын көтеруге жібереді. Арада өткен бірер жыл ішінде құрылыс «командирі» Мақсуриннің көздеуімен жаңарып, көркейе түскен елдімекен халқының денсаулығын күйттеудегі білім-қажырымен танылған Дариға Құнанбайқызына сынақ кезеңі туады: 1965 жылы орталықтан шалғайдағы кеңшарлар тұрғындары үшін Томар атырабынан «Прогресс» учаскелік ауруханасы ашылады. Дәрігер Дариғаның шалғай қыстақ, бөлімшеден жедел жәрдем сұратқан хабар түскенде, күн мен түнді ауыстыра шапқылаған кезі аз болмайды. Орынғазы мен Дариға үшін қызығы да, қиындығы да мол оншақты жылдар белесінде өмірге Гүлмира, екі жыл өте Жомарт келді. Жұбайлардың студент кезінде туған тұңғышы Нұрлан өздеріндей ерте үйленіп, ата-ананы алғашқы немеремен қуантып, келіншегі Төкіжан екеуі «Прогрестегі» көпбалалы отбасы атанып үлгереді.
Ал, дипломды маман атанысымен, «Туған елдің керегіне жарайықшы!» деп елге асығып жетіп, қаншама игілікке мұрындық болған, ел алғысының куәсіндей екеуі бірдей «Еңбек ардагері» медалімен, «Пайғамбар жасынан» аса зейнетке шыққан Орынғазы-сәулетші мен Дариға-доктор тоғыз немере, соншама шөбере сүйген ақсамайлы ата мен әже.
Немеренің үлкені Мадияр атасы оқыған «политех» – қазіргі техникалық университеттің геология факультетін бітірген, өзіне Меруерттей жар тауып, отау көтерген азамат. Индустриалдық қаламыздағы Назарбаев мектебінде химия пәнін оқытатын келіншегі екеуінде Кәмила, Назерке, Айбегім есімді балдан тәтті балалары бар.
Қос қарияның Зайда есімді немересі де академик Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ дипломымен Мәскеудің Патрис Лумумба атындағы Халықаралық университетінің магистратурасын бітіріп, Астанада, Энергетика министрлігінде сарапшы-маман.
Орекең мен Дәкеңнің Бақтияры болса, келіншегі Айдана екеуі өздері туған Томардан кәсіпкерлік ашып, ауылдағы сауатты бизнестің, қаладағыдай қолайлы тұрмыстың өнегесін көрсетуде.
– Үлкенім Ғайниім өзім сияқты Қарағанды медуниверситетінен хирургияның заманауи саласына маманданған еді. Қазір өзінің клиникасында хирург-косметолог, ал, жолдасы Сырым – Қарағандыға танымал логист.
Балаларының алды Ернар Л.Гумилев университетін бітірген. Кенже қызымыз Гүлмира да химия ілімінің қыр-сырын тиянақтаған жеке кәсіпкер.
***
1964 жылдан Қарқаралы-Талдының Қасым атындағы, «Прогресс», «Бақты», «Еңбек» кеңшарлары жұртшылығының денсаулығын, ана мен баланың өмірін сақтаушы учаскелік дәрігер болып қызмет жасаған Дариға Құнанбаеваның еңбегін кеңес мемлекеті жоғары үкіметтік наградалармен – 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1986 жылы Ленин орденімен құрметтеді. Аудандық, облыстық Құрмет тақталарында фотосуреті тұрды. Бірнеше дүркін аупарткомның, ауаткомның, аудан мен облыстық денсаулық сақтау басшылығының, министрліктің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ауылдағы қызметте практика мен теорияны ұштастырған кең профильді жалпы практика дәрігері атанды: өзі терапевт, өзі акушер-гинеколог, өзі педиатр, керегінде өзі оташы Дариға 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанша қабілет-дарынымен жарқырады. Қай ауылда еңбектенсе де, қасындағы орта және кіші медицина қызметшілерін пациентке ілтипатпен қарауға баулыды.
– Кеңестік саясат дәрігерлерге атеистік насихатты жүктегенімен, біз – медиктер, пациентке жәрдем жасар алдында «…бірінші – Құдай, екінші – Құдайдың құлы – маған сәт!» деп сыйынатынбыз, – дейді бірер жыл бұрын, сексен жасында Меккеге барып парыз атқарған Дәкең қажы. – Қансыраған ана мен бала үшін қанымды да бердім. Толғақ қысқан ананың ішіндегі сәбиі көлденең келіп, екі тіршіліктің өмірі қыл үстінде тұрғанда, телефоннан аудандық аурухананың білгір гинекологы Рысты Абдрахметовамен кеңесіп босандырып алғаным бар. Қайсыбірін айтайын, санын жылан шаққан баланың қанына у түсіп кетпес үшін, қоң етін тіліп жіберіп, ұлпаны зарарсыздап үлгерген едік. Бірде қыстақтан келе сала шайға отырғаным сол, өзенге батқан баланы жағаға алып шыққандардан «бала дем алмайды» деген хабар жетісімен, ертоқымын сыпырып, ауыздығымен жайылуға жіберген атыма жайдақ отыра салып, баланың кеудесін басып, жүрегін соқтырып, аузыммен дем тартып, өңешінен су атқылағанда, қуаныштан жылап жібергем… Жүрген жерімде, қыстау, жайлаудағы үлкен-кішіге алғашқы көмек шараларын үйретемін, қой төлдету кезінде мал шаранасын ұстаған қолымен тамақ ішкен кісінің бруцеллез жұқтыратынын айтудан жалықпадым. Суық тигенде, жөтелден ауыз жаппағанда, екі аяқты булау секілді халық тәсілін де үйрететінмін, – дейді Дариға.
«Кейінгі толқын емшілерге айтарым, жан иесін ажалдан арашалап алу – ерлік болса, ерліктің өзі қайырымдылықтан қуаттанады. Қайырымсыз жүрек иесі табақтай дипломы, кіршіксіз желеңі, теориядан білімді болғанымен, нағыз дәрігер бола қалмайды. Адам емдеуге де, Абай атам айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен» кірісу жөн. Пациентің сен қолданған ем-домнан сауығып, «Рахмет, дәрігер!» дегенде ғана маман атанасың. Сол сенімді жоғалтпас үшін медикке өмір сабағын да, ұстаздың оқулығын да пысықтап тұрған абзал!». Бұл – Дариға дәрігердің көңілін жарып шыққан сөздер.
Назипа АСҚАР,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.