Таным

Ғибратты ғақлия

АБАЙ!

Азан шақырып қойған аты – Ибраһим.

Ырымға ұйып немесе еркелетіп екінші есім қою – қазаққа таңсық емес. Неге «Абай» атанған? Жөн-жосығы «Абай жолында» жолықпайды.

Түрлі тұспал бар: анасы Ұлжан солай еркелеткен, киелі есімді ашық айтуға көпшіліктің аузы бармаған, бәле-жаладан абай болсын деп солай атаған. Қалай десек те, ол тарихта «Абай» атымен қалды. Бүгінде ақын Абайды әлем біледі.

Ұлы ақынның екінші қыры сөз өнеріндегі көркемдік қуатын көрсететін 45 қарасөзінде айқын ашылған. Классикалық үлгіде жазылған, түрлі тақырыпты қамтыған прозалық туынды оның даналық дүниетанымын даралайды. Абай шығарманың шырайына қарамайды, мән-мағынасы мен қисынына басымдық береді. Шынайы шеберлік пен зейінді зерде пайымды пәлсапамен ұштасып жатады.

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсыздығын, байлаусыздығын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?..

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» (бірінші сөз) дейді ол. Шарасыздыққа салынған, төзімі таусылған ақын жасы қырықтың қырқасына шыққанда кейінгі ұрпаққа ықпал етудің тиімді жолы деп қарасөзге қалам тартты.

Ол өскелең ұрпақтың білімді де білікті, өрелі де өнерлі болғанын арманына арқау етті. «Егер, мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» (отыз үшінші сөз). Кеңестік кезеңде қазақ пен Азиядағы басқа халықтың 1,5-3 пайызы ғана Қазан төңкерісіне дейін «сауатты болған» деген желөкпе жорамалға жетпіс жыл имандай сеніп келсек, оның шындықтан шалғай жатқанына қазір көз жетіп отыр.

Қазақтың көпшілігі Қазан төңкерісіне дейін-ақ арабша оқып, жазған. Ендеше, бүтін бір елді «жаппай сауатсыз болды» деу – сыпайылап айтқанда, сорақылық. Өйткені, бүгінде елуге жуық елдің арабша жазып, сөйлейтін жүздеген миллион адамы өзін сауатсыз санамайды. Кейінгі дерекке қарағанда, 1914 жылы Қазақстанның қазіргі аумағында 2011 мектепте 105200 бала оқыпты. Әрине, патшалық Ресейдің мектеп ашқандағы көздеген түпкі мақсаты басқа. Ал, Абай өркениетті ел қатарына қосылудың соны соқпағы орыс мәдениеті мен оқуы арқылы өтеді деп есептеді.

Қазақта істің көзін тапқан кәсіпкер мен шаруасын шалқытқан өндірісші аз болмағаны тарихтан белгілі. Олар өз өңешін ойлап қана қоймай, ұлттық мәдениет пен өнерді өркендетуге қол ұшын берген (меценаттық), мектеп ашқан. Абайдың ұлы Тұрағұл әке өсиетіне орай орыстан, татардан, өзбектен сауда-саттық жасауды үйренуден арланбаған. 1927 жылғы тәркілеуге дейін Семейде оның былғары өңдейтін фабрикасы болған. Тұрағұл сияқты туғандарымыз жалғыз-жарым емес еді.

Күншілдік пен қызғаныш, өрттей өсек-аяң – қазақты тобықтан қағып, аяғын түзу басуға кедергі келтіріп жүрген кеселдер. «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің» (он жетінші сөз). «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» (қырқыншы сөз). «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» (төртінші сөз) деп ашынады ақын.

«Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар.

Оның қуанышы елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе?.. Енді жұбанышы жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ, болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылады» (жиырма үшінші сөз). Кемеңгер ақын қазіргі құйтырқылау тірлікті көріп тұрғандай айтады. Ондай «тарланның» талайымен табақтас болып жүрміз.

«Көрпеңе қарай көсіл» деген тамаша қанатты сөзді тауып айтқан қайран қазақ кейде соған құлақ аспай, асқақтап кететіні бар. Сонда санасында «мен ешкімнен сорлы емеспін!» деген, дүмбілез дәйек тұрады. Бұл не, бәсеке ме, әлде бақталастық па? Жоқ. Бұл – арзымас атақ пен баянсыз бедел жолында орынсыз шашылу. Абай әкесі Құнанбай қажыға керемет кесене саламын десе, ешкім қолынан қаққан жоқ. Күші мен қаражаты да жетті. Бірақ, ол биіктігі адамның кіндігінен сәл ғана асатын там тұрғызды. Неге? Осы сауал төңірегінде анда-санда ойланып қойсақ, артық болмас еді.

«Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қоштасам керек еді… Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деуге үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай?» (тоғызыншы сөз).

Есімі әлемге аян, өткен ғасырдың соңғы онжылдығының ортасында 150 жылдық мерейтойын адамзат баласы БҰҰ аясында атап өткен абыз Абайдың даласы дархан, пейілі кең қандастарының арасында жүріп осыншама торығуының тарихи терең тамыры, егер түйіндеп айтсақ, ол өмір сүрген қоғамдық құрылыстың қоқысты қойнауында жатыр. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп, ағынан жарылады «жұртым!» деп соққан жомарт жүрек иесі. Абай «Мыңмен жалғыз алыстым…» дегенде, айтып отырғаны – маңайындағылардың саны емес, меңзегені – жалпақ жұрт.

«Сөз патшасы» – өлеңі өз алдына, қарасөзіне қарасаң, бұдан бір ғасыр бұрын емес, күні кеше ғана айтып кеткендей әсерде қаласың. Жомарт жүрегін жарып шыққан өлеңі де, өзекті өртер шындықты шырқырата айтқан қарасөзі де көңіл пернесін дөп басады. Содан сабақ алып, қорытынды шығарып жатсақ, кәне?!

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button