Жаңалықтар

Халық санағы қос режимде өтуде

«Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен қыркүйек айының 1-нен бастап 30 қазанға дейін елімізде халық санағы өтіп жатқандығы баршаға аян. Ұлттық статистика бюросы биыл санақ өткізу процесінің толық автоматтандырылғанын жеткізді. Қазақстандықтардың деректерін жинау екі жолмен жүзеге асырылады. Біреуі онлайн, ал, екіншісі үй-жайды аралау болып табылады. Бүгінде Қарағанды қаласы бойынша халық санағы онлайн және дәстүрлі түрде қарқынды өтуде.

Кез келген мемлекеттің әуелі демографиялық ахуалы маңызды. Демография жақсы болса, сол елдің экономикасы, әлеуметтік жағдайы тұрақты, жұмыс күші басым. Сан сапаны тудырмақ, сапа пайда әкелмек. Сондықтан да, мемлекеттің барлығы дерлік халық санының артуына күш салады. Карантиндік талапқа сай биыл санаққа байланысты сауалнама онлайн режимде өтуде. Аталмыш онлайн санақ тек 15 қазанға дейін ғана жалғасатынын айту керек. Ал дәстүрлі санақ кезінде интервьюерлер үй аралау барысында электронды планшет қолданады. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, мүмкіндік беретіні сөзсіз. Әрине, бұл аталған фактілер әу бастан ескерілген. Алынған жауаптарды яғни мәліметтерді интервьюерлер планшетке енгізеді. Интернет сауалнамадан өткендер екінші мәрте дәстүрлі түрде интервьюердің сауалнамасына жауап бермейді. Халықтан сауалнама алу кезінде әр адамның ЖСН-і қолданылады. Ол мәліметтерді қайталап енгізбеу үшін қажет. Санақ кезінде тұтас республикада «1446» бірыңғай байланыс орталығы және 8 8000 800 878 нөмері де жұмыс істейді.

– Аймақта 4 мамырдан бастап 30 қарашаға дейін ұлттық халық санағына арнайы дайындық өкізілген болатын. Бұған арнайы 73 нұсқаушы қарастырылған. Дайындық кезеңінің өзі 1,5 айға созылды. 25 мамырдан 8 шілдеге дейін 80 нұсқаушы қабылданды. Бір ай көлемінде 570-ке жуық интервьюер дайындалып шықты. Қазірде бұл нұсқаушылар өз жұмыстарын толыққанды атқаруда, – дейді облыстық статистика департаментінің басшысы Жанат Садықова.

Жалпы санақ бойынша барлығы 87 сұрақ (негізгі 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ) қойылады. Бұдан бұрын 2009 жылғы санақта 73 сұрақ болған еді. Биылғы санақта көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Америкалық Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылған. Мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген. Тағы баса назарға ұсынар мәлімет бұл Ұлттық санақ жүргізген кезде интервьюердің міндетті түрде өзімен бірге куәлігінің болуы. Онда оның аты-жөні, куәліктің берілген күні және оның қолданылу мерзімі, статистика департаменті басшысының қолы мен мөрі қойылған фотосуреті бар. Санақ жүргізуші бұл құжатты қарапайым халыққа көрсетуге және таныстыруға міндетті. Сондай-ақ, санақтың өзіндік белгісі бейнеленген көк портфель ұстап, көк шарф тағады. Ал, жұмысбасты тұрғындардың 15 қазанға дейін санақ жүргізудің мамандандырылған sanaq.gov. kz. сайтында онлайн түрде өздері мен отбасы мүшелері үшін өз бетінше толтыруларына мүмкіндік бар. Жүйе тәулік бойына жұмыс істегендіктен шектеу жоқ. Сонымен қатар, сайтта мәліметті толтыру кезінде уақыт тапшы болса, сол жерден тоқтатып кейін жалғастыруға болады.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button