Басты тақырып

Халің нешік, кәсіпкер?

    Өткен аптада облыс прокуратурасының мәжіліс залында Қарағанды облысы Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңестің кезекті 25-ші отырысы өтті. Кеңес отырысына прокуратура, ішкі істер органдары мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, отырыс тізгінін Кеңес төрағасы Серік ТӨРЕГЕЛДИН ұстады.

Прокуратура пәрмені

Кеңес жұмысында алғашқы болып сөз алған Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Әспенби Жарылғасов Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура органдарының ынтымақтаса жүргізген жұмыстарының нәтижелерін тілге тиек етті. Мәселен, осы жылдың өткен 9 айында Кәсіпкерлер палатасынан 87 өтініш түсіп, оның 26%-ы қанағаттандырылған. 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Прокуратураға келіп түскен өтініштердің 62%-ына тиісті түсінік берілген.

Сондай-ақ, прокурорлар жыл басынан бері Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау Кеңесінің 10 отырысына қатысып, бизнес саласындағы өзекті мәселелерге қатысты 12 жұмыс кеңесін өткізіпті.

Жалпы, кәсіпкерлер құқықтарын қорғау мәселесі – облыс прокуратурасының жіті бақылауында. Тура осы мақсатқа маманданған арнайы топтар жұмыс істейді прокуратура органдарында. Осы топтарға кәсіпкерлер тарапынан 19 хабарлама түсіп, оның 4-еуі дәлелденіпті. Әсіресе, кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілер қысым мен негізсіз тексерістер тыйылмай тұр. Кез келген бизнес құрылымының өтініш-тілегіне бей-жай қарамайтындықтарын айтады прокуратура өкілдері.

Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңеспен бірлескен жұмыс жалғасын да, нәтижесін де табатынына сендірді облыс прокурорының орынбасары Әспенби Жолдасұлы.

«Қайтқан малда –

қайыр бар»

Сөз кезегі – Кеңес төрағасы Серік Мәкенұлында. Төраға мырза Кеңес мүшелеріне осы жылы өткен 10 отырыста қаралған өтініш-тілектердің оң шешім тапқандарын жіпке тізді. Айталық, 10 отырыста кәсіпкерлер тарапынан түскен 30 талап-тілек таразыланыпты.

Солардың оң шешім тапқандары қайсы? Шахтинскілік кәсіпкер жер салығының мөлшері жайында шағымданған. Шағым кәсіпкерлер палатасы арқылы облыс прокуратурасына жолданыпты. Түбегейлі тексеріс жүргізген прокуратура органы осы жылдың тамыз айында мемлекеттік кірістер департаментіне жер салығының мөлшерін 0,96 ставкасымен есептеу жөнінде ұсыныс берген. Ұсыныс қанағаттандырылып, артық төленген жер салығы кәсіпкерге қайтарылатын болыпты. Ал, осы іске қатысты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ол аз дейсіз бе? Онда мұқият болыңыз. «Шығыс» сауда орталығын паналаған кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер департаменті мен көлік инспекциясының негізсіз тексерістері мен заңсыз әрекеттеріне наразылық білдіреді. Кеңестің араласуымен тексерістер тежеліп, заңсыздықтар бойынша тиісті органдарға ұсыныстар берілді.

Мемлекеттік сатып алу саласында да заңсыздықтар орын алып келген. Мысалы, «Asia Bell» ЖШС мен «Буторина» ЖК қожайындарына мемлекеттік сатып алу конкурстары бойынша 16 млн. теңге қарыздары қайтарылды. Әрине, Кеңестің араласуымен.

Атам қазақтың «Қайтқан малда – қайыр бар» дейтіні осындайда айтылса керек-ті.

Кедергі барда

кемелдену бола ма?

Кеңес отырысының күн тәртібіне бірыңғай өткір мәселелер қойылған. Не керек, Елбасы қанша айтып, қанша мараторий жариялағанымен әкімшілік кедергі тыйылар емес. Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңестің хатшысы Геннадий Жмуктің мәлімдеуінше, кейбір кәсіпкерлік нысандарын мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан негізсіз түрде жалған кәсіпкерлік санатына жатқызу фактілері көбейіп тұр. Ал, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді шектеу бөлімінің сарапшысы Юлия Олейник Сәтбаев қаласында 13 айға созылған Б.Давидян ісіне Кеңес мүшелерінің назарын аудартты. Кәсіпкердің шағымы қалалық ішкі істер бөлімі мен қала прокуратурасының ортасында жүргеніне жылдан асыпты. Қалалық ІІБ анықтаушысы А.Дәуітовтің салғырттығы салдарынан қылмыстық іс «ауада ілініп» тұр. Бұл іске қатысты облыс прокурорының орынбасары Ә.Жарылғасов Сәтбаев қаласының прокурорына бейне байланыс арқылы қатаң тапсырма жүктеді.

Кәсіпкерлерді тиісті жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселесі де мәз емес. Бұл мәселеге қатысты Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді шектеу бөлімінің басшысы Азамат Дәненбаев хабарлама жасады. Бір ғана Қарағанды қаласының өзінде 28 кәсіпкердің жер телімін алу (аукцион арқылы) бойынша берген өтініштері ешқандай негізсіз қанағаттандырылмаған.

Міне, «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» болып табылып, мемлекет жүгін жеңілдетіп жүрген кәсіпкерлердің басындағы ахуалдың бізге мәлім болған жайы – осындай. Ал, Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңеске шағымданбай жүргендері қаншама?!

Кеңес отырысын қорытындылаған Серік Төрегелдин Жезқазған қаласынан кәсіпкерлер құқықтарын өрескел бұзған екі фактіні көлденең тартты. «Фрунзе» ЖК әкімдік тапсырысымен қала орталығындағы гүлзарды жөндеуге өзінің 4 млн. теңге қаржысын жұмсаған. Кәсіпкер гүлзарды ине жіптен жаңа шыққандай етіп жөндеп бергенімен, өз ақшасын ала алмай жүр. Қазіргі әкім бұрынғы әкімге сілтейді. Әкім ауысқанымен, қарыз – әкімдіктікі емес пе? Сондай-ақ, Жезқазған қаласында әлеуметтік нан пісіріп, сатумен айналысатын «Самади» ЖШС-не иісті ұн өнімдерінің бағасын субсидиялау мәселесінде заңсыздықтар орын алған. Бұл екі мәселе де – қазір Кеңестің бақылауында.

Кедергі бар жерде кемелдену болмайтынын қадап айтқан Кеңес төрағасы Серік Мәкенұлы кәсіпкерлікті дамыту, әкімшілік кедергілерге тыйым салу Елбасының тапсырмасы екенін қайталап еске салды.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button