Жаңалықтар

Халің нешік, қазақ мектебі?

Облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ, облыстық мәслихаттың депутаты Ерден ХАЛИЛИН, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ, Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай ӘШІМ Қарағанды қаласы №4 қазақ орта мектебіне арнайы келіп, білім ошағында жүргізіліп жатқан жылу желілерінің жөндеу жұмысымен танысты және спорт жабдықтарын сыйға тартты. Жиынға осы жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігер ұйым «Югай» ЖК басшысы Василий ЮГАЙ да қатысты.

Бұған дейін облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Балғатайұлы облыстық мәслихат сесиясында көтерілген бұқаралық спортты дамыту мәселесі жөнінде орта мектептер мен мамандандырылған спорттық негізде білім беретін білім ордаларын аралаған-тын. Сонда осы №4 қазақ орта мектебіне келіп, материалдық-техникалық база мен спорттық жабдықтарды әрі сапалы білім алып, спортпен айналысу үшін қажетті дүниелер бар-жоғын тексерген. Сонда мектептегі жөндеу жұмыстарында кемшіліктердің бар екендігін көрді. Бұдан бөлек, спорттық құрал-жабдықтар да жеткіліксіз еді. Кейін облыстық мәслихаттың сессиясы өткенде осы мәселе депутаттар талқысына ұсынылып, күн тәртібінде қаралды. Бюджет есебінен өтініш қабылданып, бекітілді. Қаржы бөлінді. Бүгін сол жұмыстың атқарылуын өз көзімен көріп, сапасын тексеруге келді.

Мектеп директоры Жаният Ысқақов қонақтарды мектепте жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен таныстырып, жекелеп көрсетті. Қонақтар мектептің жаңартылып жатқан кәріз жүйесін, спорт залын, оқу сыныптарын және басқа да орындарын аралап, бар жағдаймен танысты.

– Үкімет мұғалімдердің жалақысын көтеріп, жағдайларын жасап жатыр. Енді оқушыларға ыңғайлы болуы үшін мектепте сапалы білім алып, спортпен айналысып, мықты азамат болып шығу үшін мектепте барлық жағдайды бірігіп жасауымыз керек. Менің де балаларым бар. Олардан да «Мектеп жылы ма? Спорттық жабдықтар бар ма? Сыныбың ыңғайлы ма?» деп сұрап отырамын. Оқушылар – еліміздің ертеңі. Сондықтан, комиссия осындағы бар жағдайды ескеріп, бюджеттен ақша бөліп отыр.  Депутаттар бүгін осы мектептің оқушыларына футбол, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлеріне арналған біршама доп әкеліп тапсырды. Енді осының бәрін күтіп ұстап, орнымен пайдалануымыз керек, – деді Серік Балғатайұлы.

Мектеп директоры Жаният Құрақбайұлының айтуынша, мектепте жертөле жоқ. «Жылу жүйесі мектептің ішімен жүргізілген. 11 жылдық қазақ  мектебі. Ғимараттың салынғанына 60 жылдан асты. Қыста шамалы салқын. Оқушыларға қолайлы болсын деп жөндеу жүргізіп жатырмыз. Негізі 250 балаға жоспарланған. Қазір 340-қа жуық бала білім алады» – дейді ол.

Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылдың 30 шілдесі мен 30 тамызы аралығында «№4 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ жылу жүйесін жөндеу жұмыстары бойынша 17 857 142.85 ашық конкурс облыстық білім басқармасы тарапынан өткізілді. Конкурстың жеңімпазы болып 11 548 000 теңгеге «Югай» ЖК анықталды. 01.09.2021 жылғы №40 шартта белгіленгендей аяқталу мерзімі шартқа қол қойылған күннен бастап, 30 күнтізбелік күн жоспарға алынды.

Осы негізде №39 шарт бойынша сомасы 648 000 теңгеге техникалық бақылаушы болып «Нурай-СерСервис» ЖШС бекітілді.

Қазіргі таңда жалпы алғанда 25% жұмыс жүргізілді. Оның ішінде бөлшектеу жұмыстары 100% толығымен ақтарылды. D-50 құбырларды монтаждау жұмыстары нақты алғанда 70% құраса, ал ПВХd-32 жылыту жүйесінің тік құбырын монтаждау жұмыстары 50%-ды құрайды. Ендігі кезекте радиоторларды жуу және орнату жұмыстары жүзеге асырылу үстінде.

Сонымен қатар, №4  жалпы білім беретін орта мектебі» КММ спорт тауарлармен жабдықтау үшін сомасы 300 000 теңгеге конкурс өткізіп, қазіргі таңда шартқа қол қойылып, спорттық жабдықтарды жеткізу жоспар бойынша 2021 жылдың қыркүйек айы деп бекітілген. 

– Жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың 1 қыркүйегінде бастадық. Жұмыстардың шамамен 65 пайызы атқарылды. Енді қалған жұмыстарды 20 қыркүйеккке қарай аяқтауға тырысамыз. Бізге берілген уақыт аздау болса да, бар күшімізді саламыз. Өйткені, жылу беру маусымына дейін құбырлар дайын болуы керек, – дейді Василий Югай.

Негізінде мектептің ескіріп, білім беру үдерісінде ыңғайсыздық туғызуының басқа да себептері бар екен.

– Бұл негізі типтік мектеп емес. Бұл – арнаулы кәсіптік-техникалық училищенің бір ғимараты. Мына екі жағында тұрған екі ғимарат сол кәсіптік-техникалық училищенің желілік бөліктері болған. Біреуі сол білім ошағының жатақханасы болыпты. Қазір отбасылық жатақханаға айналған. Екіншісі – жиһаз шығаратын жекеменшік мекеме. Осы үшіншісін мектеп қылған. Қаланың Федоров бөлігінде шамамен 1935 жылдары салынған ескі қазақ мектебі болған. Сол құлап қалып, 1959 жылы осы ғимаратқа көшірген екен, – дейді мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асқар Еркебаев. 

Енді, осы жасалып жатқан игі істердің нәтижесі ретінде аталған мектептің оқушыларынан үздік нәтижелер күтеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button