Гриф – «Құпия емес»
Ресейдің «Память народа» сайты «Құпия» грифын алып тастағалы Ұлы Отан соғысында із-түзсіз кеткен, я жерленген жері беймәлім ата-бабаларымыздың дерегін табу жеңілдей түсті. Бұл сайтта білетіндердің айтуынша, Ресейдің Ресей болғалы әскери ақпараты сақтаулы. Жылдар бойы құлыптаулы мәліметтерді Ресейдің жайып салуы талай шындықтың ашылуына сеп тигізгенін де мойындауға тиіспіз. 2010 жылдан бастап, ашық ресурсқа айналған сайттан талайдың өшкені жанып, өлгені тірілгені де рас. Жыл сайын деректермен толығатын сайт майдан даласынан қайтпай қалған мыңдаған бабаларымыздың дерегін ұсынған. Ұрыс даласында қалған ата-бабасына қай жердің топырағы бұйырғанын ұрпағының білуі құпия емес деп тапса керек. Содан бері аталарын іздеушілер көп пе?
Ішкі істер органының бұрынғы қызметкері, отставкадағы подполковник Сәлижан Садықов 2016 жылдан бері 500-ге жуық туған-туыс, таныстарының әкелерін, аталарын осы сайт арқылы табуға көмектескенін айтады. Қазіргі күні Қарқаралы ауданы Бесоба ауылының 5 колхозынан шақырылған 300 жігіт туралы деректерді қарастыруда екен. Алғашында өз әкесінің інісін іздеген. Іздегені табылған. Содан бері ұдайы сайт жаңарған сайын хабар-ошарсыз кеткендерді іздеп жүр.
– 2007 жылы 8 маусымда Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің №181 бұйрығымен Подольск қаласындағы әскери архивіндегі «Құпия» құжаттардың бәрінен құпиялылығы алынып тасталды. Жариялау үшін оның бірінші құпиялылығы алынуы тиіс. Бұл – архив патша заманынан бері келе жатқан әскери мұрағат. Құпиялылық алынған соң әр жылда әскери деректер толықтырылып отыр. Жыл сайын оның қатары арта түсуде. Мысалы, биыл, яғни, 2021 жылы 338 мың марапат құжаты жария етілді. Жалпы, 2,6 млн. жаралы туралы карта жүктелген. Әскери комиссариаттан шақырылған 120 мың адамның құжаты салынған. 154 мың бөлім атауларымен тізім жасалған. 267 мың жерленген, қайтыс болғандығы туралы хабарлама. 12 700 еске алу кітабының жазбалары енгізілген. Ұзын саны 7 бағытта онда құжаттар толықтырылады, – дейді Сәлижан Садықов.
Қарағанды облысынан 1941-1945 жылдар аралығында соғыс басталған күннен бастап аудандық, қалалық облыстық комиссариаттардың шақыруымен 45000 азамат майданға аттанған. Қарағанды облысы және онымен көршілес облыстардың азаматтарынан 29-шы атқыштар дивизиясы, кейіннен Қызылтулы Красноградтық 72- ші гвардиялық дивизия, 387- ші Переокоп, 310-шы Ленин орденді, Қызылтулы Новгород дивизиялары жасақталды. Оның 40 пайызы – қазақтар. Қарағандылықтар құрамында бар 72-ші гвардиялық дивизия Сталинград түбіндегі шайқастан кейін Курск доғасындағы жеңіске үлесін қосып, Молдавия, Венгрия, Австрияны жаудан азат етуге қатысқаны мәлім. 9587 қарағандылық майдангер соғыста көрсеткен ерлігі үшін орден, медальдармен наградталған. Оның 18-і Кеңес Одағының батыры атағын алды.
– Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық архивінің дерегінше Қарқаралы ауданы бірлескен әскери комиссариатының шақыруымен соғыс жылдары 3265 адам майданға кеткен. Соның ішінде, Бесоба ауылдық кеңесіне бес колхоз қараған. Олар – Жұмысшы, Қамқор, Жаңаауыл, Қызылту және Ынталы. 2012 жылдан бері осы Бесоба ауылдық кеңесіне қараған бес колхоздан майданға аттанған әкелеріміз бен аталарымызды, жерлестерімізді іздеуді бастаған едім. Ал, 2016 жылдан бері «Память народа» сайтынан іздестіріп келемін. Қазіргі уақытта осы сайттан Бесоба ауылдық кеңесіне қараған 5 колхозда туып-өсіп, тағдырдың жазуымен Екінші дүниежүзілік соғыстың қанды қырғынына қатысқан 292 аталарымыз бен әкелеріміз туралы әскери-соғыс деректерін қарастырып жатырмын. Әзірше олардың тек 150-ге жуығының дерегі табылды, – дейді Сәлижан Садықов.
Сонымен қатар, ол «Боздақтар» кітабындағы деректер толық емес дейді. Қалып қойғандары да бар. Хабар-ошарсыз жоғалып кетті дегендердің қазір қайда жерлегені де анықталып жатыр. Сол себепті осындай пікірде. Ал, өзі ұрыс даласында шейіт болған әкелерімізді, аталарымызды, жерлестерімізді іздеуді тоқтатпақ емес. Соғыстан қайтпаған әкесін, атасын іздегендердің өтініш-тілегін жерге тастап көрмепті.
Қызғалдақ АЙТЖАН.