Газдандыру: қол күстен, үй ыстан қашан құтылады?
Қарағанды жұртшылығының құлағын түрген жаңалығы – газ. Бұқара бұның қай елді мекенді кесіп өтіп, кімнің газ қызығын көретінін анық білгісі келетіні хақ. Бұған дейін көгілдір отынның аймақтағы 1 миллионнан астам тұрғынның үйін жылытып, шай-суын қайнатуға мүмкіндік беретінін айтқан едік. Ендеше, елді елеңдеткен газ кеншілер аймағына қашан келеді? Қолымыз күстен, үйіміз ыстан қашан құтылады?

Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған Президент бастамаларының бесеуі де тыңғылықты орындалса, олқы тұстардың орнын толтыруға қауқарлы. Тапсырма берілді. Бағдарлама қабылданды. Ендігі мақсат – сол межеге сапамен жету. Газдандыру ісі де сондай мүддеде дереу қолға алынған.
«Сарыарқа» магистральды газ құбыры жобасы аймақта жүзеге асуда. Жоба аясында облыстың ірі қалаларын газдандыру жоспарланып отыр. Олар – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран және Шахтинск шаһарлары. Сонымен бірге, аймақтағы 114 елді мекен газға қол жеткізеді. Жалпы, саны 68 мың үй және ұзын саны 1,1 млн. адам газдың қызығын көреді. Ол елді мекендер Абай, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Осакаров, Шет және Ұлытау аудандарына қарасты. Сондай-ақ, 668 заңды тұлға және 26 ірі кәсіпорын газбен жабдықталады.
Алдын ала болжам бойынша аймақтың газ тұтынуы 1,4 млрд.текше метр шамасында болса, оның ішінде, өнеркәсіптік кәсіпорындар 830 млн. текше метр газ қолданады екен. Сөйтіп, газ магистралінің құрылысы экологияны жақсартуға септігін тигізіп ғана қоймайды, оған қоса тұрғындардың өмір сүру жағдайын арттырмақ. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың, өнеркәсіптік және энергия өндіруші кәсіпорындардың табиғи газға көшу тиімділігін бағалай келе, ауаны ластаушы зиянды заттардың 10 есеге төмендейтіні дәлелденіпті. Бұл – Қарағанды аймағы үшін экологиялық ахуалды жақсартудың маңызды факторы. Ілеспе газды жағуда күйе, күкірт диоксиді секілді зиянды қалдықтар болмайды. Мұның сыртында бюджеттің қоржынын қампитатын салықтық түсімдер де бар. Мәселен, жобаны қолдану кезеңінде бюджетке 2 302 млрд. теңге түсім түседі деп күтілуде. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарына мұрындық болады. Газқұбырын пайдалануға қажетті 255-ке дейінгі жаңа жұмыс орны құрылады. Ал, бұл жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылмақ.
Жалпы, Астанаға дейінгі газ құбырының ұзындығы 1136,4 шақырым. Оның 78 пайызы Қарағанды облысы аумағын басып өтеді. Бұл – 835,1 шақырым. Тұрғындарды қамтуы, жоғарыда атап өткеніміздей, 1 млн. адам шамасында. Пайызға шаққанда, тұрғындардың 70 пайызының көсегесін көгілдір отын көгертеді.
Құзырлы орындардың бұған дейін мәлімдеуінше, Қарағанды облысын газдандыру үшін демеушілердің қаржысы есебінен «КАТЭК» ЖШС жобалау ұйымы арқылы Қарағанды, Теміртау, Жезқазаған АГРС-тен кварталдарға жеткізілетін желілер құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау шаралары жүргізілуде. Магистральды газқұбыры құрылысы 267, 2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске асыру мерзімі 2019-2020 жылдар.
Қарағанды қаласындағы газтаратушы желілердің құрылысының жобасы – 70, 126 млрд. теңге көлемінде болжануда. Соның ішнде, алғашқы қосу кешені 3,639 млрд. теңге деп жобаланып отыр. Қарағандыны газдандыру 4-кезекте және 16 қосу кешенімен іске асады.
Бірінші қосу кешені арқылы Михаиловка ауданындағы жеке үйлер қосылады. Атап айтқанда, Қазақстан, Олимпиская, Горноспасательная, Заводская және тағы да басқа көшелер.
Теміртаудағы газ таратушы желілер құрылысы жобасының құны –15,028 млрд. теңге. Бірінші қосу кешені жобасы – 1,794 млрд. теңге. Теміртауда шаһарды газдандыру 3-кезекте, 9 қосу кешені арқылы жүргізіледі деп жоспарланған. Мұнда бірінші кезекте соцқаланың 3 мың үйі газға қосылады.
Жезқазған қаласында да газдандыруда 3 кезек, 9 қосу кешені бар. Жоба құны – 12, 462 млрд. теңге. Жезқазған өңірінің 350 үйі газға қол жеткізбекші. Атап айтқанда, Пристанционный ықшам ауданы және Талап ауылындағы тұрғындар әуелгі кезекте газдандырылады.
Сонымен бірге, Қарағанды газ таратушы желілері арқылы Дубовка, Ақтас, Саран қалалары да газдандырылады. Сөйтіп, Ақтас, Дубовка ауылдары толықтай газдың қызығын көреді. Ал, Саран қаласының көгілдір отынмен орталықтандырылмаған үйлері жабдықталады.
Көкжиектен көріне бастаған көгілдір отынды күткен бұқараға әзірге жеткізеріміз – осы. Бұйырса, алдағы бірер жылда газ от жағып, күл шығарған бұқараны бейнеттен құтқарарына сенім зор.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»



