Газ кіргізуге жеңілдік бар
Былтыр 11,6 миллион қазақстандықтың газға қолы жетті. Яғни, республика халқының 59 пайызы «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. Қазіргі уақытта Президент тапсырғандай, солтүстік, шығыс өңірлерді газдандыру жобалары пысықталуда. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. Ал, көмірлі өлкеде 5804 үйге газ жеткізілді.
Министрдің айтуынша, былтыр 53,2 млрд. текше метр газ өндірілді. Биылғы меже – 55 млрд. текше метр. Оның ішінде, 28 млрд. текше метрі – тауарлық газға тиесілі.
2026 жылға дейінгі газ саласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде газдың ресурстық базасын ұлғайту, газ нарығын реформалау және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін бағаларды тежеу шаралары көзделген. Сәйкесінше, биыл жалпы сомасы 74 млрд. теңгені құрайтын 86 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, халықты газдандыру көрсеткіші 60 пайызға жетеді деп күтілуде.
Газдандыру іс-шарасы Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасы аясында жүзеге асырылуда. Схема былтыр жаңартылған еді. Өзгеріс Мемлекет басшысының елдің солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру мүмкіндіктерін қарау жөніндегі тапсырмасына сәйкес енгізілді. Энергетика министрлігі «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтып, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының ІІ-ІІІ кезеңдерін салу арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру жобасын әзірледі.
«Сарыарқа» құбыры Қарағанды облысын да газбен қамтып тұр. Қазір аймақта газдандыру қарқынды жүріп жатыр. Қарағанды және Теміртау қалаларында газ тарату желілері салынуда. Жақын жылдары өзге өңірлерге де газ барады.
Бүгінде жоғарыда аталған қос шаһардағы 5 804 жеке тұрғын үйдің іргесіне газ жеткізілді. 1 300 жеке тұлғаға техникалық шарт берілді. Бұл – газ тартылған үйдің 22 пайызы.
Газ кіргізуге жеңілдік бар. Тұрғындардың желіге қосылуын жеделдету мақсатында түрлі қолдау шаралары қолға алынуда. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік төлем қарастырылған. Бүгінде бұл төлемге жүзден астам адам қол жеткізді.
Еуразиялық банк пен Halyk bank-тің пайызсыз кредиттерін жүзден аса адам алды.
Сондай-ақ, биылғы жылдың мамыр айынан бастап Қарағанды облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы арқылы ауданы 120 шаршы метрге дейінгі жеке тұрғын үйлер қожайындарына бес жыл мерзімге дейін пайызсыз қайтарымды негізде қаражат бөлінеді.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.