Біздің сұхбат

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА: “Санитарлық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады”

Биылғы оқу жылы жағымды жаңалықтармен басталғалы тұр. Олай деуге толық негіз бар. Біріншісі – «Әліппенің» қайта оралуы болса, екіншісі – оқушылардың дәстүрлі форматта оқитыны. Бұдан бөлек, облыс орталығынан бой көтерген Оқушылар сарайы 1 қыркүйектен балаларға есігін ашқалы тұр. Алайда, «Балам мектепке барады» деп емес, «Мектепте оқу қауіпсіз бе?» деп ата-ана көңілі алаң. Білім ордалары бала қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді? Жаңа оқу жылындағы өзгерістер мен сақтық шаралары жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВАДАН сұрап білген едік.

– Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – «Әліппенің» қайтып оралуы. Жаңа әліппеде әріптердің үйрену реттілігі ауысыпты және оқу бағдарламасы да бірнеше кезеңге бөлінген. Сол жайлы айтсаңыз…

– Пәнді оқытудың ерекшелігі жалпы дидактикалық ұстанымдар және А.Байтұрсынұлының әдістемелік ұстанымдары негізінде айқындалды. «Әліппедегі» әріпті таныту реті А.Байтұрсынұлы еңбектерімен қатар, лингвист және әдіскер ғалымдардың зерттеуі негізінде, олардың мәтінде кездесу жиілігіне, өзара тіркесі мен сөз жасау қызметіне қарай құрылды. «Әліппеге» дейінгі кезеңде балалар суреттермен жұмыс істеп, «Әліппе» кезеңінде әріптер мен буындарды, сөз, сөйлем құрауды үйренеді. «Әліппеден» кейінгі кезеңде, яғни, ІІ жартыжылдықтан бастап, оқулық «Ана тіліне» ауысады. 2021 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Әліппе» мен бұрынғы «Әліппенің» айырмашылық дизайнында, қағазында да бар. Басты ерекшелігі «А» әріпінен кейін «Р» әріпі орналасқан. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде бала ең алдымен «ар» сөзін білуі керек.

– Білім ошақтарында сақтық шаралары қалай сақталады? Мысалы, басқа өңірлерде ата-ана мектеп басшысына өтініш жазып, баласын онлайн оқуға ауыстырып жатыр. Бізде ондай мүмкіндік қарастырылған ба?

– Ата-аналардың алаңдауына негіз жоқ. Санитарлық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады. Барлық білім беру ұйымында «Ashyq» жүйесі орнатылған және қажетті дезинфекциялық құралдармен, антисептиктермен қамтылған. Мектептерде температураны өлшеу, желдету, кварцтау режимі сақталады, кабинеттерді ылғалды жинау және тазалау, ауыз су режимі, есік тұтқаларын антисептикпен өңдеу, дәретханаларды ылғалды жинау – әр 2-3 сағат сайын жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін мектепке жеке кіру есіктері қамтамасыз етіледі. Білім беру ұйымдары бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларын фойе мен дәліздерде арнайы белгілер көрсетілген блоктар бойынша орналастырылады. Оқу процесі кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, денсаулық жағдайы бойынша медициналық анықтамалары бар қызметкерлерден басқа, білім беру ұйымдарының қызметкерлерін вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Санитарлық талаптарға сәйкес эпидемиологиялық жағдайға байланысты кабинеттік оқыту жүйесі жойылады. Сабақ кестелері бастауыш, орта және жоғары буынды ескере отырып жасалады және бірнеше ауысымда өтеді, сыныптар үшін үзілістер әртүрлі уақытта болады.

– Мектеп оқушылары арасында вирус жұқтырған жағдайлар тіркелді ме?

– Ондай жағдайлар тіркелді. Оқушы ауырған жағдайда, сынып немесе топ карантинге жабылып, қашықтан оқытылды. Ата-аналар ауырса немесе ауырған адаммен байланыста болған балалар да қашықтан оқиды.

– Ауыл мектебінің хәлі қалай? Биыл өңірдегі біршама білім ошағы жабылған көрінеді. Оларды жаппай, керісінше бала санын толықтыруға болмас па еді?

– Қазіргі таңда 290 ауылдық мектеп жұмыс істейді. Онда 48 мыңнан астам бала оқиды. 212 шағын жинақты ауылдық мектептерде 15 мың оқушы оқиды. Сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ауылдық елді мекендерде 189 магниттік мектепті біріктіретін 39 тірек мектеп құрылды. Мектеп жасындағы балалар санының жыл сайын азаюы мен олардың санының бекітілген нормативке сәйкес келмеуіне байланысты мектептерді оңтайландырудың 2021-2023 жылдарға арналған жоспары әзірленді. Биыл 7 мектеп жабылып, 7 мектеп қайта құрылды. Бұл оқушылар үшін мектеп жанындағы интернаттарда тұру, сондай-ақ сапалы білім алу үшін жақын маңдағы орта оқу орындарына күн сайын және апта сайын тасымалдау ұйымдастырылады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button