Жаңалықтар

Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВА: “Қарағанды қай салада да алда”

Жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан кезде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, заманаға сәйкес дамуды, тарих көшінен қалмауды міндеттеп, қоғамдық сананы жаңғырту үдерісінің нақты жолдарын көрсетті. Бағдарламалық мақала жарияланғаннан кейін оның аясында қолға алынатын жобаларды жүзеге асырудың қозғаушы күші болатын қоғаммен бірлесе отырып, мақалада айтылатын алты негізгі бағытты іске асыруды мақсат еткен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері ашылған болатын. Содан бергі екі жыл ішінде талай игі шараға мұрындық болып, мемлекеттік емес ұйымдар, тұрғындар ұсынған жобалардың басын қосып, жүзеге асыруға атсалысып жүрген кеңсе жұмысы туралы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВАМЕН әңгімелескен едік…

  • Гүлнар Төретайқызы, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің үдерісінің жұмысына тоқталсаңыз…
  • Жобалық кеңсе бағдарламалық мақала жарияланғаннан кейін, қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін 2017 жылы құрылды. Негізгі жұмысы – Қарағанды облысында бағдарламаның жүзеге асырылуын үйлестіру, мониторинг жүргізу және бақылау. Бұл әртүрлі бастамалардың, жобалардың басын қосып, бір арнаға тоғыстырып, жүзеге асырылуына ықпал ететін орталық десе де болады. Сондай-ақ, бұл жерде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, яғни, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі мәні, қоғамдық сананы жаңғырту жолында атқарылатын іс-шаралар жайлы түсіндіріледі. Тіпті, кеңес алу үшін келетіндер де бар. Мәселен, дайын жобасы бар, бірақ, оны жүзеге асыру үшін не істеу керегін, қайда баруды білмейтін кездер де болады. Осы кезде орталық қызметкерлері көмекке келеді. Әлбетте, жобалардың барлығы бағдарламалық мақала аясында қарастырылады.
  • Ел болашағы жаңашыл жастардың қолында. Жаңа тұрпаттағы жаңғыру көш басында тұратын да осы жастар. Жобалық кеңсе жұмысына қарағандылық жастардың көзқарасы қалай?
  • Қарағандыда идеясы бар жастардың көп екені қуантады. Әртүрлі жобамен, идеямен келетін жастарды өзіміз де бағдарламаның бөліктерін түсіндіру барысында жиі шақырамыз. Сонымен қатар, 2018 жылы жобалық кеңсе бастамасымен «ЖОО күні» ұйымдастырылды. Қарағандыдағы жоғары оқу орындары оқытушылары, студенттері келіп, өздерінің бағдарлама аясында жүзеге асырып отырған тәжірибелерімен бөліседі, жобаларын ортаға салады, талқылау жасайды. Әрине, талқылау болған соң, ой туындайды. Бастама аясында нақты жүзеге асқан жоба туралы айта алмағынымызбен, тәжірибе қолдау тапты. Яғни, жоғары оқу орындарының өздері осындай кездесулерді жалғастыруға мүдделі. Осы жерде «Азаматтық бастамалар» күні туралы да айта кеткім келеді. Ай сайын ұйымдастырылатын шара республика көлемінде көрсетіліп, жақсы баға алды. Бұл – біздің өңірлік кеңсеміздің ерекше бастамасы десе болады. Болашақта осы тәжірибеміз бүкіл республика көлемінде қолданысқа енгізіледі деген сенімдеміз.
  • Өңірлік жобалық кеңсе ашылып, әртүрлі жобалар қолға алынғаннан кейін Қарағанды облысында қандай оң өзгерістер болды және оған тұрғындардың көзқарасы қандай?
  • Бағдарламаны ілгерілету, оны тұрғындар арасында танымал ету, азаматтардың, қоғамдық, ғылыми және басқа да ұйымдардың, кәсіпорындардың белсенділіктерін ынталандыру көп жағдайда өңірдегі оның негізгі алты бағытын көрсететін үлкен, маңызды жобаларды жүзеге асырумен байланысты. Әрине, «жұмыла көтерсе, жүк – жеңіл» демекші, бағдарлама аясында қала көшелері, аулалары абаттандырылды, балалардың спорт алаңдары тұрғызылды. Жер-жаһанға жар салып айтуға келмейді деген күннің өзінде, балалар ойнайтын алаңдар салып, кішкентай тұрғындарымыздың көңіліне қуаныш ұялатып жүрген кәсіпкерлеріміз көп. Шағын болса да, біраз қаржы талап ететін шаруалар атқарылды. Сондай-ақ, Балқаш қаласында осыған дейін бос тұрған бассейн кәсіпкерлердің күшімен жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Қала тұрғындары қазір спортпен белсенді түрде айналысуда. Мектеп оқушылары үйірмеге ақысыз түрде қатыса алады. Мұндай мысалдар облыс бойынша баршылық.2017 жылмен салыстырғанда өткен жылы демеушілік жобалар саны көп болмағанымен, адамдар қызығушылық танытып, кеңсемізге көптеп келуде. Бағдарламаның мәнін түсінген тұрғындар қаржылай болмаса да, өздерінің көмек қолдарын созуда.
  • 2018 жылы атқарылған шаралар қорытындысына тоқталсаңыз…
  • Бағдарламаның ең үлкен блогы – «Туған жер» бағдарламасы. Осы орайда 4,7 миллиард теңгеге 300-ге тарта жоба жүзеге асырылды десек, оның 1,8 миллиарды – демеушілердің қаражаты есебінен. Өткен жылы кәсіпкерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен ауқымды «ІТ-форум» ұйымдастырылып, шетелдік мамандар шақырылды. Сондай-ақ, осы салада жетістікке жеткен қазақстандық мамандар өзара пікір алмасып, цифрландыру саласына қатысты ой бөлісті. Әлбетте, мұндай алаң қажет. Оны форумға қатысушылардың өздері құптап отыр. Сол себепті, ІТ форумын өткізуді болашақта дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл – Қарағандының қай салада болмасын алда екенін көрсетеді.Әлеуметтік жобалар да жоқ емес. Бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге көмек көрсетілуде. Халықаралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі өз жұмысын жалғастырады. Кәсіпкерлер Бұқар жыраудың 350 жылдығына демеушілік қаражат көрсетті.Сондай-ақ, латын қарпіне көшуде атқарылған шараларға да тоқтала кету керек. Өткен жылы Қарағанды облысында аталған жоба бойынша 91,3 мың адамды қамтыған 300-ден аса шара өткізілді. Мекемеден бастап, балабақшаға дейін қамтылған ауқымды шаралар барысында латын қарпіне көшудің негізгі ережелері түсіндірілді.
  • Биылғы жоспарларыңыз қандай?
  • Осыған дейін жобалық кеңсе жұмысы 6 негізгі ішкі бағдарламалар бойынша жұмыс жасаса, биылдан бастап құрылымы өзгереді. Яғни, алты ұстаным негізгі бағыттар мәртебесіне көшіріліп, олардың мақсаттары анықталады. Әлбетте, өткізілетін шаралар да соған орай бейімделеді. Жоспарымызда 200-ге тарта жобаны жүзеге асыру бар.Жобалық кеңсе ашылған екі жылдан бері кеңсе жұмысы жақсы үйлестірілді. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдардың және халықтың өзінің көмегін айта кетпеске болмайды. Себебі, бағдарламалық мақаланың өзі қоғамға бағытталған. Жұмысымыз жалғасын таба береді. Қазірдің өзінде 60-тан астам шара сарапшылар кеңесінің қарауына келіп түсті, жоспарымыз соған орай әлі де толықтырыла түспек. Сондай-ақ, халықаралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі, ІТ форумы жалғасады.Тағы айта кетерлігі, «Евразия билдинг» ЖШС бағдарлама аясында Қарағанды қаласы үшін триатлон паркін салмақшы. Жобаның құны – 700 млн. Теңге.
  • Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Back to top button