Гүлдана Мақшонова «Мәдениет саласының үздігі» атанды
Майқұдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Гүлдана Мақшонова «Мәдениет саласының Үздігі» төсбелгісімен марапатталды, – деп хабарлайды Ortalyq.kz
Шығыстың бұлбұлы Күләш әншінің сіңлісі атанып кеткен әнші қызды Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев құттықтап, төсбелгіні табыстады. Марапаттау шарасы ұлағатты ұстаз Баймағамбет Мамыраевқа туған жері Нұра ауданының Кертінді ауылынан көше атауын беру салтанаты аясында өтті.
Гүлдана Мақшонова 1990 жылдан бастап Ақтоғай аудандық «Тоқырауын толқыны» ән-би ансамблінің және Ақтоғай халық театрының мүшесі. 1995 жылы «Тоқырауын түлектері» ансамблінің құрамында Үнді елінің астанасы Дели қаласында өнер сапарымен болып қайтты. Ол өз өнерін кейінгі жастарға, талантты балаларға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуде. Бүгінде негізгі кәсібімен қатар Қарағанды «Болашақ» колледжінің вокал үйірмесінің жетекшісі қызметін де аброймен атқарып жүр. Үнемі ізденіс үстіндегі әншінің репертуарының өзегін халық әндері мен классикалық әндер құрайды.
Ол 2008 жылы Қарағанды облысы бойынша ауыл мәдениетінің үздік қызметкері атанып, «Алтын қобыз» сыйлығымен марапатталды. Ал, 2016 жылы соңғы бес жыл бойына өңірдің мәдени өміріне белсене араласқаны үшін «Мәдениет майталманы» медалімен марапатталған.