Футбол ойнай білесіз бе?
Футбол ойнау десе, форма киіп, алаңға жетіп барамыз. Дене қыздырмай, доп теуіп, жарақат алып, ертеңіне ақсаңдап жүреміз. «Бірнеше рет ойнасақ, бойымыз үйренеді» деп өзімізді алдаймыз. Сонымен қатар, көп жағдайда ұтылған команда жағында боламыз және ойдағыдай ойнай алмай қиналамыз. Өзімізді кінәлап, өзгені «жақсы ойнайды» деп мақтаймыз. Сөйтсек, футбол деген бір буырқанып жатқан теңіздей күрделі әлем болып шықты. Яғни, өте шеберлікті талап ететін және соған лайық күтімді қалайтын ақсүйек ойын екен…
Шындығында, әр ұлттың туабітті табиғи икемі болады. Қазақтың жаны жылқымен егіз. Далаға, еркіндікке, армансыз көсіліп бір ащы тер шығаруға құмар. «Көкпар тартып, қыз қуып, түрлі аламан бәйгеде топ жарып өскен қазақ баласы неге доп тебуге икемсіз?» деп кейде ұйықтай алмай дөңбекшіп шығамын. Байтақ даланың төсінде емін-еркін өскен қазақ баласы күрес, бокс, кір көтеру сынды спорт түрлеріне де бейім. Бірақ, шеберлігің шегіне жетпесе де доп тепкенді жаның қалайды кейде.
Қазір өтіп жатқан Еуропа чемпионатында өз еліміз болмаған соң, көршілерге жанкүйер болдық. Бірақ, олар да алысқа бар алмады. Ендігі үміт өзім бала кезден ойындары ұнайтын Цезарьдың ұрпақтарында.
Енді, доп тебу мәселесіндегі өзіміз бастан кешкен қиындықтарға тоқталайық. Жасыратыны жоқ, бізде шағын футбол алаңдарын салу бірнеше жылдан бері қолға алына бастады. Қазір, бір ықшамауданда бірнеше шағын футбол алаңы, аудан орталықтары мен ауылдарда да бар. Не көбейсе, соған аңсарың ауып тұрады ғой. Көздің жауын алатын жасыл алаңды көрсең, арқаң қозып, доп тепкің келеді. Бірақ, қанша жылдан бері сол доп тебуді жөнді меңгере алмай қойдық.
Бала күннен теуіп келе жатқан доп неліктен тақымға бағынбайды. Бір түсінгенім, допты біреуді ұту үшін емес, жан рахаты үшін тебу керек екен. Сонда «ұтылдым» деп салың суға кетпейді һәм оған деген ынтаң ашыла түседі.
– Футболды жақсы ойнау үшін алдымен допты өз дегеніңе бағындыруың қажет. Әлемдік жұлдыздардың ойынын қараңыз. Допты аяғына желімдеп қойған сияқты. Сөйтпесең, доп теуіп нәтиже көрсету қиын. Ал, ол үшін күнделікті 1 сағат дайындық керек. Жай ғана бұрыштама добын тебудің бірнеше түрі бар. Футболда бұрыштамадан басқа қаншама ереже бар. Сонымен қатар, футбол туралы бейнежазбалар көріп, журналдар оқып, шеберлердің пікірін тыңдап жан-жақты ақпарат жинау ләзім. Сонда жан-жақты дамып, өзіңе сенім пайда болады. Егер, әр адам талаптанып, ізденсе, жақсы ойыншы бола алады, – дейді I дәрежелі футбол төрешісі Бағлан Қонақбаев.
Жуырда шағын футболдан жарыс өткенде неше жылдан бері доп ойнасақ та, шеберліктің аздығына іштей өкіндік. Шаршы алаңда жанкүйерлеріңнің үмітін ақтай алмау деген қиынның қиыны екен. Біз санаулы адамның үмітін ақтай алмағанға осылай қайғырамыз. Ал, әлемнің ең үздік стадиондарында мыңдаған көрерменнің намысы мен үкілі үмітін арқалап, доп тебу деген адам айтса сенгісіз, қиын дүние екені анық.
Кейде, әлемдік додаларда аяқасты есінен танып қалады ойыншылар. Ойын үстінде бақилық болған футбол жұлдыздары да бар. Осының бәрі футболдың ең күрделі әрі жауапкершілігі үлкен спорт екенін дәлелдейді.
Ауылда Рашит деген көршіміз болды. Ол футболды жақсы көргені соншалық, оны «22 актері бар спектакль» дейтін. Марқұм ағам Қуат екеуі футбол десе, ішкен асын жерге қоятын. Әр 4 жыл сайын жеке дәптер арнап, әр ойыншының аты-жөнін, қақпаға тоғытқан голдарын да санап жүруші еді. Тіпті, кейде чемпионат аяғында үздік сұрмерген атанғанға көңілі толмай, «оған мынау футболшы лайық, көп гол соқты әрі тәжірибелісі де сол» деп отыратын. 1998 жылғы Францияда өткен әлем чемпионатынан бастап, мен де қалдырмай көріп келемін.
Жуырда футбол королі атанған Пеле жайлы фильм тамашалағанда оның ойынға деген, әкесін қуантуға деген перзенттік махаббатын көріп таң қалдым. Бір үлкен ағамыз, әдеби жиында «Мықты ақын болу үшін оған өмірің мен көңіліңді арнауың керек. Онсыз түк шықпайды» деп еді. Ал, Пеле – әкесін қуанту үшін футболға өмірін арнаған жан. Мүмкін бізге де осындай армандау жетіспейтін шығар.
Себебі, «Отан – отбасынан басталады» емес пе? Әкеңнің үмітін ақтағаннан асқан қандай бақыт бар. Пеле Швециядан ұтылған Бразилияны көріп, әкесін қуанту үшін Швеция құрамасын тізе бүктіріп, елін чемпион етуге ант береді бала күнінде. Сол үшін барын салып, футбол патшасына, аңызына айналды.
Ал, үнемі Аргентинадан әділетсіздікпен жеңілген Англияны көрген Майкл Оуэн дейтін ағылшынның футбол жұлдызы да, «Өскенде Аргентинаны жеңіп, елімді жеңімпаз етемін» деп серт еткен екен. Ол да арманына жетті. Ал, біз әріптестер арасында өткен шағын футболда жеңуімізге де осы сенім мен серт қажет-ау шамасы.
Бұған қоса футболшының күтімі деген қиынның қиыны екен. Бала күнімде «Осы аяқдопшылар неге 40- қа толмай зейнетке шығады?» деп таң қалатынмын. Сөйтсек, одан әріге денсаулығы жарамайды екен. Аяқ сүйектері мен омыртқа шаршайды.
Бұдан бөлек, дұрыс тамақтану, өзіңді психологиялық дайындау, үнемі жаттығу, өзіңе сенімді болу сынды толып жатқан талабы бар футболдың. Ол аз десеңіз жарысқа бара жатқанда ойынды ойламай, жаныңа жақын әуенді тыңдау жеңіске жетелейді екен. Себебі, үнемі «Ойын қалай болар екен?» деп уайымдай беру жеңіліске алып келеді. Уайымдаған адамды сенімсіздік арбайды және ойындағыдай ойнай алмайды. Бұған мен өзім қатысқан кішігірім чемпионатта көзім жетті. Оның үстіне тынымсыз дайындық пен командалық тұтастық ауадай қажет. Құрамада түсіністік болмаса, әркім өз орнында тұрып, қарсылас команданың ойыншыларын жауып, белсенділік танытпаса, ойын шықпайды.
Демек, «Ел футболының біз армандағандай болмауына да осындай жайттар себеп пе?» деп ойлай бастадым соңғы күндері. Футболда жетістікке жеткісі келетін ел футболшыларының барлық жағдайын жасау қажет. Олар допты өзінің бір дене мүшесі ретінде сезінбегенше, шаңын қағып дайындай беру абзал. Шағын футбол алаңын әр аулаға салу керек. Қазіргідей бір ықшамауданға 2-3 алаң деген жарамайды.
Меніңше, салынып жатқан футбол алаңдарын бұдан 20 жыл бұрын бастағанда, қазір мүмкін Еуропа алаңдарын таптап жүрер ме еді қазақтың қайсар жігіттері. Бар дүние тәжірибеге келіп тіреледі ғой. Яғни, «әлемді таңқалдыру үшін футбол күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналуы керек» деп түйдім.
Соңғы кездері футболды салауатты өмір салтын ұстану үшін ғана ойнаймын. Өйткені, футболшы болу менің өмірлік мұратым емес. Бала кезімізде футболмен айналысуға мүмкіндік болған жоқ. Ескі көліктің орындығынан жұмсақ материалын алып, шүберекке тығындап, доп жасайтынбыз. Жалаң аяқ ойнап, аяғымыз талай тілім-тілім болған.
Енді, «өскенде мен сынды допты бағындыра алмай қиналмасын» деп ұлдарымды футбол үйірмесіне бермекпін. Мүмкін қазақ футболын өрге сүйрейтін аяқдопшы шыға ма, кім білсін?.
Ал, Сіз ше, футбол ойнау білесіз бе?..
Жәлел ШАЛҚАР.