Тұлға

Facebook-тегі фәни жалған…

 

Өлеңнің отымен лапылдап, өртеніп кеткелі жүрген кезіміз. «ХХ ғасырдың жиырма сәті» қағазға түскенде ет қызумен алғаш рет Ахаңа (ол кезде республикалық басты газет «Социалистік Қазақстанның» әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі) көрсетіп едім: «Серік-ау, біз поэма түгілі, өлеңнің өзін қатал тезден өткізіп, әрең жариялаймыз ғой… Тастап кет», – деген. Бұл – 1977 жыл. Тастап кеттім…

Содан бұл туынды 1983 жылы «СҚ»-ның төртінші бетін түгел алып, «Құрлықтар» деген тақырыппен жалғанның жарығына шықты. Аталмыш қолжазба сол бес жылдың ішінде қандай өткелектен өтті, оған аузы дуалы қай көкеміз қандай лебіз айтты немесе нендей қатал үкім шығарды – мұны бір Ахаң білмесе, басқа ешкім білмейді…

Басы дауда қалған қолжазба Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясында қызу пікір туғызып, сол кездегі цензура мен редакторлардың сүзгісінен әрең өтіп, 1984 жылы «Жалын» баспасынан әзер дегенде жарық көріп еді. Әдеби орта, жырсүйер қауым қуана қабылдап, Ғафу Қайырбеков бастаған, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев қоштаған жылы лебіздер айтылды.

Содан бері аттай 35 жыл өтіпті. Қоғамдық-экономикалық-саяси формациялар ауысты. Бодан жұрт азат елге айналды. Алланың алқап, әруақтың жебеуімен менің маңдайыма ХХ ғасырға ХХІ ғасырдың көзімен қараудың қарекеті жазылған екен – Тәңіріге тәуба деп жүрмін. Ахаң көзі тірісінде: «Поэмаң қиын кезеңге тап келді ғой. Қайта жаз! Елің – азат. Цензура жоқ»,– деп еді. Сол жырдың өзімше кемеліне келді-ау деген соны Һәм соңғы нұсқасын «Жұлдыз» журналына жария­лап едім. Сол Ахаңның көзіне түспеді. Отыз жыл бойы осы жырдың азабын мен қалай тартсам, Ақселеу ағам да менен кем тартқан жоқ-ау деп ойлаймын.

Ахаң – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермековтердің бізге қалған сарқытындай бір тұлға еді. Жендет Алаштың сорпа бетіне шығарын қолымен қалқып алғанда, Алла солардың көзіндей ғып Ахаңдарды қалдырып еді. Орнында бардың оңалып жатқаны – содан.

Соңында көшпелілер цивилизациясының үш тағанындай «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы» сынды үш сом дүниесі қалды. Ахаңдары бар Алаш өткен-кеткенін жадынан шығара алмайды. Өткенін ұмытпаған ұлттың келешегі де кемел болады.

Ахаң кетті-ау көрсетпей қарасын да,

Қалған қара қазақтың бәрі – осында

Алла ғана тұр қазір, біздер жоқпыз –

Ақселеу мен Алаштың арасында.

Көзге Алаштан басқаны қара көрмей,

Қаракөгім қайтсе де қалар өлмей;

Құлағына ғаламның бір жетерсің,

Қазақтағы ғажайып қара өлеңдей!

Қайран, Ахаң, Хош, арда Алашұлы,

Әлиханның ақтық бір жан ашуы!

Жидебай мен Қараойдың

шырақшысы ең,

Алла менен Абайдың жарасымы!

Қазақ болу қашан да ғажап қой деп,

Ауа жұту Алашсыз азаптай боп, –

Паң кейіпте жүруші ең,

Дүниеде

Пайда болған Алғашқы Қазақтай боп!

Сарыарқаға аспаннан дүбір еніп,

Саф алтындай орының үңірейіп,

Енді, міне, Ең Соңғы Қазақтайын,

Қайда көшіп барасың күңіреніп?!

Кімдер сенің төбеңнен өкім етті,

Кімдер сенің сыртыңнан көкіп өтті?

Адамзатқа жіберген Алашымның,

Елшісі боп Сен қалдың –

Өкілетті!

Қазағыңның тартып бар күйігін де,

Көңіліңнің болмады-ау күйі мүлде.

Фәниде де биікте жүріп едің,

Бақида да қалдың сол биігіңде…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button