Бас тақырыпКөрме

Ежелгі Мысыр құпиялары – қарағандылықтар назарында

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «I Петр кунсткамералары» дəстүрінде» халықаралық көрмеcі ашылды. Дәстүрлі жобаға Санкт-Петербургтен келгендер көрмені үш бағытта жоспарлаған. Анатомия тұрғысынан қызықты, тарихи құндылығы бар жәдігерлер біздің дәуірімізге дейінгі 270-70 жылдар аралығындағы 90-нан аса картинаны қамтиды. Көне дүниелерді тамашалауға келген қала тұрғындарының қарасы қалың болды.

 

Бірінші бағыт «Мысырлық мумиялар. Уақыт бастауында» деп аталады. Бұл көрме келушілерге Ежелгі Мысыр өркениетінің құпияларымен танысуға мүмкіндік береді. Оларда ежелгі мысырлықтардың қалай жерленгені анық көрсетілген. Сонымен қатар, неше ғасыр бұрын ұлы патшайымдар таққан сәндік бұйымдарды да көрермен назарына ұсынып отыр. Көрмеде ежелгі мысырлықтардың «Өлілер кітабы» да көрініс тапқан. Қітапта шейіт болғандардың есімдері мен қылмыстары жазылған деседі.

Музей төрінде көне таразы қойылған. Дәл осы құрал арқылы о дүниелік болған адамның жұмаққа бару, бармауын анықтаған деседі. Таразының бір жағына қауырсын қойып, екінші жағына адамның жүрегін қойған. Қауырсын жүректі басып кеткен жағдайда, адам жұмаққа барады деп топшылаған. Бұл да бір көне мысырлықтардың бұлжымас әдетіне айналған рәсімдердің бірі делінеді.

  • Бұларды Санкт-Петербургтің ең үздік суретшілері жасаған, олардың әзірлену барысын Эрмитаждың қызметкерлері қадағалап отырады. Сондықтан жәдігерлер түпнұсқаға барынша жақын. Жобаның қанат қаққанына 30 жылдан астам уақыт болды. Біздің көрмені тамашалау барысында қарағандылықтар көп ғасырлар бұрын ұлы патшалар таққан сәнді әшекейлерді көре алады. Жәдігерлерді тамашалаушылар ежелгі Мысыр астрологтарымен бірге жұлдыздарға да «жақындай» алады, – дейді Ресей елінен келген жоба өкілі Раушания Ғаббасова.

Келісті көрменің «Спиртті ғажайыптар» деп аталатын бөлімінде Петербургтің бальзамдау мектебінің бірегей үлгілері жинақталған. Онда келушілер адам дамуының туа біткен ауытқулары мен экологияның жағымсыз әсерлері нәтижесінен болған құбылыстарды көре алады. Арнайы құтыға салынған сәбидің жетілу барысындағы түрлі бейнелер – соның дәлелі. Сонымен қатар, ақауы бар адам ағзаларын да түрлі шыны ыдыстарға салып қойған. Бұдан бөлек екі басты түлкі, қаршыға және дене тұрқы қосарланған сусар да көпшілік назарын ерекше аударады.

  • Көрмені тамашалауға отбасыммен бірге келдім. Қаламызға әртүрлі бағыттағы көрмелер келеді. Бұған дейін өз басым осындай көрмені көрмеп едім. Тарихқа сүйенер болсақ, шамамен бес мыңнан астам жыл өткен. Көне заманнан келе жатқан Ежелгі Мысыр елінің аса құнды жәдігерлерімен, салттарымен танысып, өз көзіммен көріп, керемет әсер алдым. Ешқайда ат сабылтып бармай-ақ, қызықты дүниелерді қала орталығынан көргенімізге қуаныштымын, – дейді Қарағанды қаласындағы №32 орта мектептің ұстазы Елтай Алмаханов.

«Елес картиналар» атты бейнелеу галограммалары көрмесінде жұқа шыны пластинкаларға жазылған таңғажайып дүниелердің көлемді оптикалық көшірмелері бейнеленген. Сақтардың алтыны, батыр бейнесі, жан-жануарлар кескіні мен түрлі картиналар да көрермен көңілінен шығып жатыр.

Халықаралық көрме 23 ақпанға дейін жалғасады.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button