Евгений – ел аузында
Теміртау қаласының қарапайым тұрғыны мәнерлеп сырғанау мен хоккей жанкүйерлері үшін 8 мөлтек ауданына жаңадан мұз айдынын құйды. Сырғанаушыларға тегін ұйымдастырылған мұз айдынына қазірдің өзінде келушілердің қарасы қалың.
Ел аузында жүрген Евгений Пестовтың мұз айдынын құюдағы алғашқы жұмысы екен бұл.
– Не істесең де қайырымды және пайдалы іс атқарған дұрыс. Бұл жер жас спортшыларға осы қыста жаңа кездесу орны болды. Адамдар бүкіл отбасымен осында келіп, демалыстарын қызықты өткізеді. Күн сайын осы жерде аула хоккей командалары ойындарын өткізіп, шеберліктерін шыңдауда. Бұдан басқа, қардан сырғанақ төбе жасау қолға алынды. Балалар да, ата-аналар да дән риза. Корт қараңғы түскенше ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені, жарық шамдары жоқ. Алдағы уақытта жарықтандыру, қоқыс салатын жәшіктерді орнату және орындықтар қою қажет. Қақпаларға тор орнатып, кәсіби түрде аула чемпионаттарын өткізу ойымызда бар. Барлығымыз күш біріктірсек, ол да қолымыздан келер, – дейді қала тұрғыны Евгений Пестов.
Нұрдос КӘРІМ
ТЕМІРТАУ қаласы.