Етікші – елдің қоры емес
Өмірі тіс жұлдырып көрмеуіңіз мүмкін. «Ешқашан атқа мінбеппін» десеңіз де, сенуге бейілмін. Ал, «осы жасқа келгенше, етік жөндеткен емеспін» десеңіз, сену – қиын. Әдетте, мерзімді басылымдарда әнші, актер, мұғалім, дәрігер, спортшы және тағы басқалары туралы дүниелер жарық көріп жатады. Ал, сантехник немесе етікші жайлы жазылған мақаланы кездестіре қоймайсыз…
Қарағандыдағы Майқұдықтың 15-шағын ауданында Сәбит Ыбыраев есімді етікші бар. Мемлекет 2017-2021 жылдары халықтың жаппай кәсіпкерлікке бет бұруын жоспарлап, арнайы бағдарлама жасағаны белгілі. Ал, бұл ағамыз кәсіпкерлікке әлдеқашан бет бұрған. Өз басым ол кісіге жылына кем дегенде екіүш мәрте соғамын. Бірде етік жөндетіп, бірде балаларымның сөмкесінің құлағын немесе түбін жаматып дегендей. Бойымыз үйренісе келе, әңгімеміз де жарасты…
– Мен – Қарқаралы ауданы, «Бірінші май» ауылының тумасымын. Бала кезімнен етікші болғым келді десем, сенбейсің, оның дұрыс. Қай бала етікші болуды армандасын?! Бұл кәсіпке аласапыраны мол тоқсаныншы жылдары ден қойдым. Ауылда өз пимамызды өзіміз табандап алушы едік қой. Сол тәжірибенің арқасында балаларым нансыз қалмады. Оған дейін кәсіби фотограф едім. Осы Қарағандыда алты айлық арнайы курсты тәмамдағам. 1986-1990 жылдары сол мамандықпен жұмыс істедім…
Мына «точкамда» бес жылдан бері отырмын. Оның алдында қаланың орталығында болған едім. Ол жерге үлкен супермаркет салынатын болды да, біз жан-жаққа бытырап кеттік. Шынымды айтсам, бағасы 50-60 мың теңге тұратын аяқ киімдердің де тұмсығы ашылып кетеді. Көбісінің реңі сыр бермегенімен, өкшесі желініп қалады. Әрине, қымбат аяқ киімді жөндеу құны да қымбат.
Негізі, халықтың жөндеуге жиі алып келетіні – балалардың аяқ киімдері. «Липучкасын» ауыстыру, тұмсығын тігіп беру деген секілді «диагноздар» қойылады оларға.
Мына Майқұдықта отырып, бағаны көтеру – қисынсыз іс. Адамдардың жағдайына байланысты етіктерінің сапасы да әртүрлі болады. Кейде, жөндеуге жарамайтын аяқ киімдер келеді алдыма. Оны жөндеткенше, жаңасын сатып алу – анағұрлым тиімді. Бірақ, тапсырыс берушінің жағдайы жаңасын алуға келмейтінін түсінемін де, машақаты көп болса да, жөндеп беруге тырысамын. Біреулер жалынып тұрып, қарызға да жасатып жатады. Қарызын қайтаратындар да, таныса да танымағандай болып өтіп кететіндер де бар. Олардың артынан жүгіре беруге менің уақытым да, ниетім де жоқ.
Бар табысым – осы кәсібімде. Балашағамды адал еңбегіммен асырап отырмын. Той-томалақтан да, басқасынан да осы етікшілік кәсібімнің арқасында қалып көген емеспін. Біреулер «өзіңе-өзің бастықсың. Саған рахат қой. Кеш барып, ерте қайтам десең де, өзің білесің» дейді. Таңғы сағат тоғыздан, кешкі алтыға дейін осы жерде жұмыс істеймін. Түскі асқа үйге жүгіріп барып келетінім бар. Егер, мен қалаған уақытымда келіп, қалаған уақытымда қайтар болсам, бала-шағамды кім асырайды? Еңбектің нәтижесі – ерінбеген жанның еншісінде…
P.S. Міне, әр сөзінің астарынан адамгершіліктің лебі ескен қарапайым һәм адал кәсіп иесінің жүрекжарды сыры – осы. «Кәсібің – нәсібің» деп білетіндердің қай-қайсы да қоғамның құрметі мен ізетіне лайықты, ендеше. Қысқасы, тереңірек пайымдасақ, етікші – елдің қоры емес…
Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ