АймақҚарағанды

Ет өңдеудің өрісті кезеңі

Абай ауданында қазіргі заман талаптарына сай, толық циклді заманауи ет өңдеу комбинатының құрылысы басталды. Жоба аясында жылына 2100 тонна шикізат өңделмек. Жаңа өндіріс ошағы 20 тұрақты жұмыс орнын құрып, болашақта штат санын арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Абай ауданына жұмыс сапары кезінде белгілі болды.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Жаңа өндірістік нысанды Alisha Group компаниясы жүзеге асыруда. Ет комбинаты құрамында мал сою, етті бастапқы өңдеу және консерві өнімдерін шығару цехтары қарастырылған. Жақын күндері қажетті жабдықтар жеткізілмек.

Жоба бастамашысы Рустам Қалиевтің айтуынша, комбинаттың қуаттылығы – тәулігіне 300 ұсақ мал мен 50 ірі қара. Бұл тек шикізатты қабылдап өңдеу емес, дайын өнімнің бірнеше түрін шығаруға мүмкіндік береді.

– Біз салқындатылған және мұздатылған ет, консервіленген өнімдер, вакуумдық және термоқаптамадағы тауарлар өндіреміз. Өнімдер халал стандарттарына сай, сонымен бірге, халық­аралық азықтүлік қауіпсіздігі сертификаттарынан да өтеді. Болашақта жүн мен теріні өңдеу желісін іске қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді Рустам Қалиев.

Жоба тек жергілікті нарықты емес, экспортқа бағытталған. Өнім өткізуге арналған негізгі нарықтар – Қазақстан, Парсы шығанағы елдері, Қытай, Түркия және Еуропа.

Комбинаттың басты ерекшелігі – шикізат жергілікті фермерлерден сатып алынады. Бұл фермерлер үшін тұрақты серіктестікке жол ашып отыр. Сатып алу бағасының тартымдылығы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қызықтырып, фермерлік әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Компания алдағы уақытта мал өсіруді де қолға алмақшы.

Абай ауданы – кездейсоқ таңдау емес. Комбинат құрылысы үшін ауданның таңдалуы – логистикалық және ауыл шаруашылығы әлеуетінің есебінен. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өндіріс орнының құрылысымен жеке танысты.

– Мұндай кәсіпорындар тек жұмыс орындарын құрып қоймайды. Олар сол жерде қосымша құн қалыптастырып, ауыл экономикасын нығайтады. Қарағанды облысы аграрлық қайта өңдеу саласын дамытуға қажетті ресурстарға толық ие, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сапар аясында облыс әкімі «Шанс» шаруа қожалығы мен «Астра-Агро LTD» ЖШС сияқты ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысымен де таныс­ты. Қазір бұл шаруашылықтарда картоп пен өзге де дақылдар отырғызылып, суару жобалары белсенді жүзеге асырылуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлібеков қазіргі кезеңде өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

– Биыл майлы дақылдардың үлесі артып келеді. Бұл – қайта өңдеу көлемінің де өсуіне жол ашады. Мәселен, «КарМельКомбинат» майлы дақылдарды өңдеуге арналған жаңа желілерді іске қосуды жоспарлап отыр, – дейді басқарма басшысы.

Сонымен бірге, Осакаров ауданының Жансары ауылында 6000 басқа және Нұра ауданының Байтуған ауылында 1200 басқа арналған екі ірі сүт-тауар фермасын салу жоспарда бар. Бұл фермалар әлемдік стандарттарға сәйкес келетін болады.

Абай ауданында көктемгі дала жұмыс­тары бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Қазіргі таңда 172 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмылдырылған. Дәнді дақылдар себу жоспарының 74,9%-ы орындалған. Бидай мен сұлы бойынша жоспар артығымен орындалса, арпа, майлы дақылдар, картоп пен көкөніс егу жалғасуда.

Техникалық жабдықтау да жеткілікті. 603 трактор, 10 жоғары өнімді егіс кешені, 139 тұқым сепкіш, басқа да ауыл шаруашылығы техникасы іске жұмылдырылған.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі. Біз бұл саланы әрі қарай да субсидиялау, қаржыландыру және инфрақұрылымдық қолдау тетіктері арқылы жүйелі түрде дамытуға ниеттіміз. Негізгі мақсат – өндіріс, қайта өңдеу және экспорт үштігін тиімді үйлестіріп, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тұрақты әрі табысты орта қалыптастыру, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button