Мәселе

Есірткі: тасымалға тосқауыл бола ма?

«Күнделікті күйбең тірліктің тауқыметі таусылар емес, түсінеміз. Істеген жұмысыңның жалақысы етегіңе тартсаң, жеңіңе жетпей зар илетіп, запыран құстырады. Иә, бәрін де білеміз. Алайда, салың суға кетпесін. Біз саған көмек бере аламыз, егер бізге жұмыс істесең. Бұл жауапкершілігі қатаң жұмыс. Соған қарай ақшасы да қомақты. Есірткілік зат тасымалдап, таратуың тиіс. Өзің қолданбайсың, біз де оны қолданбаймыз. Біздің және сіздің міндет тек жұмыс істеп, соған қарай тиісті ақшамызды алу ғана. Жо-жоқ. Қорықпаңыз. Біз сізді кез келген құқық қорғау органдарынан қорғап, ақтап аламыз. Тек өзіңізді еркін ұстап, барлық айғақ-дәлелдерді өшіріп тастасаңыз болды…».

Осындай жарнамаға ұқсас мә­тінді көзіңіз шалған болар. Әсіресе, Telegram қосымшасында жиі кездесетін бұл мәтін құр жарнама емес. Әлеуметтік желіге ашық жарияланған мұндай жарнама сыртындағылардың жұмысы өте жүйелі әрі зәкірі ауырлау. Енді ойлаңызшы, ол қосымшаға полиция да оңай кіре алады. Сол жарнаманы оқып, арғы беттегі «жұмыспен қамтушыға» байланысқа шыға алады. Заңнан қорқу, әділеттен үр­ку қайда?

Бұл күнде оңай ақша табудың жолы алаяқтық боп алған. Одан сорақысы – есірткі таратумен (закладчик) байымаққа басқан қадам. Қара, не ақ орамға оралған бармақтай ғана ұнтақты белгілі бір жерге апарып жасыруыңның құны – 2500 теңге екен, несін айтасыз?! Ал, ол жұмысқа үш апта оқытылып, арнайы сынақ тестінен өтетініңіз ше? Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрған жан олай тексеріліп, жіті қадағаланбаса керек.

– Жалпы, есірткі тасымалдау­шылар – көбіне әрнеге тез әуестенетін, белгілі бір позиция, принципі жоқтар. Олардың арасында 18-25 жастағы жастар (студенттер), жесір әйелдер, жалғызбас­ты аналар және жұмыссыздар бар. Кейде, тіпті, мемлекеттік қыз­­меткерлер де кездесуі әбден мүмкін. Қазіргі заманда ақшаны керек қылмайтын адам бар ма?! Есірткі қаншалықты қауіпті болса, оны тарату жұмыстары да өте қатаң тәртіп-ережемен жүреді. Мысалы, қазір есірткілік заттарды қолдан-қолға емес, арнайы қосымша арқылы геолокация жіберу арқылы тауып, қолдануға болады. Мысалы, Telegram топтарын алайықшы. Сіздің күнделікті чаттарыңыз бар. Ол «Көліктер» группасы немесе «Келіншектерге кеңес» группасы болсын. Әлеуметтік желіге жіпсіз қаңтарылғанда сол чаттардың бірінде жылт етіп, осы жарнама шыға келеді. Әуелде «ат-тоныңды ала қашсаң да», жарнама мәтінін оқи келе, ойланасыз. Ал, ой ол іске апарады. Оған қоса «оқытып-тоқытамыз, полициядан оңай құтқарамын» деп тұрса және ең бастысы небары бір айда қомақты қаржыға кенелеріңді айтса, кім шыдағандай?! – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полиция майоры Нұрым Сәдуақасов.

Оның сөзінше, есірткі кәсібі бір­неше топтан құралады. Олардың жаңа буыны «Тасымалдау­шылар» болса, үстінен қарайтындарды «Күзетшілер» дейді екен. «Күзетшілер» «Тасымалдау­шы­ларға» таратуы үшін қанша мөлшерде есірткі берілді және ол қай мекенжайларға жеткізілуі керек, бәрінен хабардар. Жүйе бойын­ша бұл кәсіптен нәсіп табам деген жандар алдымен Telegram арнасы арқылы тіркеледі. Сосын үш апта арнайы курс оқиды. Курс оқу барысында сізге бес мың теңгеден ақша төленеді. Бірнеше жыл жұмыс істеген әккі «Тасымалдау­шылардың» шені де, ақшасы да өседі. Олардың орташа жалақысы 300-700 мың теңге болады-мыс. Мұндай жұмысқа тұрушы алды­мен, тұрғылықты мекенжайын фото-бейнежазбаға түсіріп, жұмыс­пен қамтушыға жібереді. Оның жеке куәлігі де алынады. Егер жаңадан жұмысқа орналас­қан «Тасымалдаушы» берілген есірткіні өзі иеленбек болса, онда жоғарыдағыларда оның барар үйін және сол адам туралы басқа да ақпараттар арқылы оңай тауып алады. Жеті өлшеп, бір кесілген мұндай ұйымдасқан қылмысты тек арнайы жасақ пен құқық қор­ғау қызметінің мінсіз жұмысы ғана тоқтатуы мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым­Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Қазақстан халқына жолдаған Жол­­дауында есірткіге байланыс­ты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін және бұл қылмысты террористік әрекетке теңестіруге болатындығы айтылған еді. Осыған сай қарағандылық құқық қорғау органдарының қызметкерлері тын­бай жұмыс жасауда. Нәтижесіз де емес.

– Биылдың 1 маусымынан 30 қазанына дейін облыс аума­ғында есірткіге қарсы «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Соның нәтижесінде 183 есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар тіркелді. Оның ішіндегі 48 іс сотқа жолданды. Қылмысқа қатысы бар деген кү­дікпен 77 адам тұтқындалды. Арасында сегіз әйел, үш кәмелетке тол­маған жеткіншек бар. Ал, тергеу изоляторына – 33 адам қамалды. Оларды жедел тексеру барысында 243 келі, 716 грамм есірткі тәркіленген. Атап айтсақ, 42 келі, 278 гр марихуана, 194 келі, 918 гр қарасора және 2 келі, 077 гр гашиш табылды, – деп атап өтті облыс­тық полиция департаментінің бас­пасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Жыл басынан бері жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында есірткіге тікелей қатысы бар деген 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысына тосқауыл қойылды. Ол аз десеңіз, қарасора өсіретін және одан психотропты дәрі жасап шығаратын төрт зертхана анықталған.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button