Жаңалықтар

Есімі – елдің есінде

Пенде баласының өлшеулі өмірі Жаратқанның әмірімен бір күні тұйықталары белгілі. Артыңда із қалғаны – ғанибет. Жаназасында жарты ауыз жақсы лепес айтылмай, жылдық асынан кейін есімі тұрмақ, ондай адамның болғанын ел ұмытып жататын босбелбеу пенделер де өткен. Ал, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, ҚР Құрметті жолшысы Қоңырбай Асановтың ел жадындағы есімі уақыт өткен сайын жаңғырып, тұлғасы асқақтап барады. Таулардың алыстаған сайын асқақтай беретінін дөп басып айтқан атам қазақ артыңда айшықты із қалдыру үшін абыройлы іс тындыруың қажет екенін де өмірдің бұлжымас заңына айналдырып жіберген.
Иә, Қоңырбай Асанұлының есімі де, ел басқарған кездегі еңселі істері де халық жадында, ел аузында мәңгілікке қалды. Жаңаарқа ауданында Қоңырбай аға есімімен қатысты айтылатын үш ауыл бар. Бірі – өзінің туған ауылы Түгіскен. Жайсаң жанның мәңгілік қонысы да – осындағы Арап қырының етегіндегі бабалар қорымында. Екіншісі – мен туған Ералиев (бұрынғы К.Маркс атындағы совхоз) ауылы. Біздің ауылды Кәкең 12 жыл басқарып, шағыл құмның арасындағы шағын ауылды оазиске айналдырған. Қызмет бабында сырт облыстарда, қаншама елде боламыз. Сондайда туған жерімді сұраған адамға ауылымның атын айтсам болғаны «Е, Қоңырбайдың ауылынан екенсің ғой» дегенді естимін. Сөйтіп, менің алтын бесігім де бейресми жағдайда «Қоңырбайдың ауылы» атанып кеткен. Ал, үшіншісі – Жаңаарқа ауданы орталығындағы «ДЭУ» мекемесі қоныс тепкен шағын кешен. Бұл мекемеге Қоңырбай Асанов 1983 жылы бастық болып келді. Сол кезде жұмысшыларға арналып салынып жатқан екі пәтерлі тұрғын үйдің біреуі ғана пайдалануға беріліп, екіншісінің қабырғасы ғана тұрғызылған болатын. Қаржы тапшылығына байланысты кейінгі екі-үш жылда құрылыс жұмыстары мүлде тоқтап қалған. Кәкең келген бетте осы жұмыстың тамырына қан жүгіртіп, айналасы екі жарым-үш жылда мекеме орналасқан аумақты шағын қалашыққа айналдырып жіберді. Бұл қалашықты да жергілікті халық «Қоңырбай ауылы» атап кеткен. Қазір ресми түрде осы қалашықтағы негізгі көше Қоңырбай Асанов есімімен аталады.
Міне, артта қалған айшықты із деп осыны айтса керек-ті.
Ол – соғыстың жетімі. Әкесі майданға аттанарда алты жасар Қоңырбайды алдына алып отырып, асыл жары Мәткей мен кіші ұлы Қоңыртайды бірінші Аллаға, екінші осы үлкен ұлына аманаттаған екен. Ардақты әке майданнан оралмады. Есін білген шақтан-ақ әке аманатына адалдық танытпақ ниетті басты мақсаты еткен Қоңырбай аға адамдардан алыстамауды ойлады. Адамдардан алыстамау деген – көпшіл болу деген сөз. Мектепті озаттар қатарында бітіре тұрып, үлкен қаланың оқуына асықпады. Еңбек жолын туған ауылында механизатор болып бастады. Кейін жүк көлігінің жүргізушісі болды. Адал еңбек абыройдан кенде қылмайды екен. Жоғары білімі жоқ болса да, аудан басшылары жігерлі жігіттің бойындағы іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілетін аңғарса керек, оны «Жеңіс» совхозының партия ұйымының хатшылығына ұсынды. Өндірістен қол үзбей жүріп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сырттай бітіріп, агроном-экономист мамандығын меңгерді. Бұл кезде Кәкең іргелі шаруашылықтың бас экономисі лауазымына тағайындалып үлгерген.
Ел алдындағы абырой-бедел, басшылар сенімі тағдырдың кешегі тауқыметін де ұмыттырғандай. Анасын алақанға салып, жалғыз бауыры Қоңыртайдың жоғары білім алуына жағдай жасады. Қоңыртай аға бір әңгімесінде ағасы екеуінің анасы сауып, талғажау етіп отырған жалғыз сиырдың емшегіне қарап отырмайық деп, үй маңына бау-бақша еккендері туралы әңгімелеп беріп еді. Бастама – ағадан. «Жалғыз сиырдың төрт емшегіне телміргенмен, бізге ешкім ешнәрсесін бөліп бермейді. Үй маңына тал көшеттерін отырғызып, мынау бос жатқан жерлерге бақша егейік. Елге таңсық дәм ғой, бірнәрсесіне айырбастап, күнімізді көрерміз» дейді. Інісі құп көріп, екеуі тырбанып бақша егеді. Күзде мол өнім алып, анасы марқұм қызанақ-қиярды етегіне толтырып, көршілердің балаларын қуантып жүргенін көргенде ағайынды екеуі мәз болған-ды. Ауылда электрик болып істейтін Мирау деген жалғыз неміс бар еді. Сол ағайынды Асановтар өсірген картопты қаз-үйрекке айырбастап алып жүрді.
Жүрген жеріне тал егіп, айналасын жасыл желекке айналдыру Қоңырбай ағаның өмірлік дағдысы болды. Кейін К.Маркс атындағы совхозды да, «ДЭУ» мекемесінің айналасын да, тіпті, өз қарауындағы күре жолдың қос қапталын да жасыл желекке айналдырып жіберген.
Елмен етене жақын жүретін Қоңырбай аға қазақы қалжыңға ұсталығымен дараланды. Бірде шопандар жайлаудан қыстаққа көшіп, орналасып болған соң жағдайларымен таныспақ болып, жолға шығады. Қасында аудандық «Жаңаарқа» газетінің сол жылдардағы редакторы, белгілі қаламгер Қалиакпар Әбілдин бар. Қарашаның жуан ортасы. Қойшыларға көмір түсіп үлгермеген екен. Бір ауылға келсе, үй – уық, шопанның әйелінің қабағы сұсты. Күйеуімен құрдастығы бар болса керек, келген бетте келіншекпен қалжыңдаса жөнеледі. Көмір бірінші осы ауылға келетін болып шешіледі. Келіншектің қабағы жадырап, үй жылынғандай болған. Сыртқа шыққан соң мәселенің мән-жайын сұраған Қалағаңа:
– Әуелі адамдардың ішін жылыту керек, – деген екен жарықтық Қоңырбай аға.
…Талай жанның ішін жылытып, жанын жадыратқан жақсы ағаның жарқын бейнесі сағынышқа айналды. Сұм ажал ортамыздан 69 жасында алып кетті. Біздің ауылда отын кешігіп, бойы мұздаған ел Қоңырбайын сағынады.
***
Бірде Қоңырбай аға совхоздың партком хатшысы Елекен Адамовты ертіп, шопандар ауылын аралауға шығады. Күн кешкіріп қалған. ҚазақССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, озат шопан Аманбай Оразалиннің ауылына қонаға жеткен басшылар осы ауылға дамылдауды жөн көрсе керек. Көліктен түскен бойда аза бойыңды қаза қылатын зарлы үнді құлақтары шалады. Адамның үніне ұқсамайды. Екеуі қора жаққа беттеп барса, ботасы өлген аруана екен. Жанарынан жас парлап, азынап тұр. Баланың орны хайуанға да, адамға да қымбат екен-ау, шіркін! Кәкеңнің де жанарына жас үйіріліп, қос жетімді қанаттыға қақтырмай, әлпештеп өсірген анасын есіне алды. Ол байғұс та екі ботасының амандығы үшін дәл осы аруанадай боздап жүріп тірлік кешті-ау… Жалт бұрылып Елекенге: «Мына дауыс бізге ұйқы бермес, орталыққа жетіп жығылайық» деді де, атқа қонды. Жүрегі осынша жұмсақ еді…
Былтыр Кәкеңмен жарты ғасырға жуық жұптасып ғұмыр кешкен аяулы ана Ұмсындық қажы апамыз дәл осы аруанадай боздады. Алланың берген жеті перзентінің арасындағы кенже ұлы Азамат өмірден озды. Аз күн ауырып, артына ауыр мұң, шексіз қайғы қалдырып… Балаларының барлығы үздік оқып, үлгілі ғұмыр кешкен. Әкені жерге қаратып, ананы мұңайтып көрмеген. Көз тиді ме, тіл тиді ме, былтырғы жазда ел игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген Азаматтан көз жазып қалдық. Ботасы өлген бозінгендей боздаған Ұмсындық шешеміздің зарлы үнін Кәкең естіген жоқ.
…Ел жадында есімі қалған қайраткер тұлғаның шаңырағына ендігі жерде қайғының қара бұлты төнбесе екен. Ертең – Қоңырбай ағаның қайтпас сапарға аттанған күні. Ұмсындық тәтем ел жиып, асыл жары мен алтын асықтай ұлына құран оқытады. Қабыл болғай! Қажымаңыз, аяулы Ана!

Ерсін Мұсабек

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button