Бас тақырып

Еселі еңбектің өтемі – мол өнім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл елімізде егіс және егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге көлемінде рекордтық қаржы бөлінгенін айту керек. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған сома да бес есеге ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аграрларға егіс науқанын сәтті өткізуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Қарағанды облысында да егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Атап айтқанда, жалпы көлемі 900 мың гектардан астам алқапта егін жиналуда. Сіңірілген дақылдың бір талын шашау шығармай, жинап алу үшін еңбек етіп жатқан егіншілердің еңбегін көзімен көріп, жұмыстарын қадағалап қайтты аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ауа райы қолайлы болса, жиын-терім қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Ермағанбет Қабдулаұлы Абай ауданындағы екі ірі шаруашылықта болды. Соның бірі – «Шанс» шаруа қожалығы. Өңірде алғашқылардың бірі болып, картоп жинауды аяқтаған шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк биылғы өнім көңілден шығатынын айтады.

– Әр гектардан орта есеппен 300 центнерден көкөніс жинап жатырмыз. Бұл соңғы нәтиже емес. Астық жинау жалғасуда. Биылғы көрсеткіш жақсы болатынына сеніміміз мол, – дейді кәсіпкер.

Облыс басшысы барған екінші шаруашылық – осы аудандағы «Астра-Агро LTD» ЖШС.

Қазақстан ғана емес, Ресей мен Тәжікстанды да репродукциялы тұқымдық картоппен қамтамасыз етіп отырған серіктестік жыл сайын бес мың тоннадан астам картоп өткізетінін айту керек.

Одан бөлек, кәсіпорын Қызылорда облысындағы картоп фриін жасайтын зауытты жоғары сапалы картоппен қамтамасыз етіп отыр. Дәнді дақылдар өндірісі де жыл сайын кеңінен дамуда.

Жалпы, облыстағы дәнді дақылдардың жалпы ауданы – 766 мың гектар.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусиннің айтуынша, бүгінде 60 пайыздан астам астық жиналған. Ал, орташа өнімділік – 11,5 ц/га.

Биыл картоптың түсімі де жақсы. 11,5 мың гектар алқапқа сіңірілген тұқымнан шамамен 600 мың тонна өнім алынады деген болжам бар.

Мамандар бұл аймақ қажеттілігінен асып түсетінін айтып отыр. Сәйкесінше Қарағанды облысының сапалы өнімі Астанамен қатар, еліміздің оңтүстік өңірлеріне де жеткізіледі.

Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін аграршылар арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, астық кептіргіштер үшін қолжетімді бағамен екі мың тоннадан астам сұйытылған газ бөлінген. Бұл ылғалдылығы жоғары астықты кептіру үшін қажет.

– Биыл жақсы өнім аламыз. Бұл картопқа қана емес, дәнді дақылдарға да қатысты. Бүгін 20 жыл қатарынан комбайн жүргізген адаммен сөйлестім. Ол дәл осындай өнімділік 12 жыл бұрын болғанын айтып отыр. Егін жинау науқаны аяқталуға аз қалды. Техника жеткілікті, дизель отыны бар, жұмыс күші жеткілікті. Қазір ең бастысы – ауа райының қолайлығы, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев кездесу барысында.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button